• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Білім 01 Маусым, 2022

Білім ошағына еріктілер жобасы серпін береді

382 рет
көрсетілді

Жергілікті жастар қауымдастықтарына, білім беру саласына қолдау көрсету мақсатында Алматы облысы Ұзынағаш ауылындағы Сейдахмет Бердіқұлов атындағы мектеп ұжымы мен «Комунитиплюс» мәдени-әлеуметтік, білім беруді дамыту қорының бірлесіп атқарған жобасы нәтижелі аяқталды.

«Комунитиплюс» тобы соңғы 6 жылда қосымша білім беруді дамыту саласында жұмыс істей отырып, балалар мен ересектерге арналған дағдыларды дамытуға, бос уақытты тиімді өткізуге арналған оқу бағдарламаларына атсалысып келеді. Қоғамдық қор былтыр қазақ орта мектептері мұғалімдерінің қауым­дас­тығын қолдауды мақсат ете отырып, Ustazdan Ustazga жобасын бастаған болатын.

Қаңтар оқиғасынан кейін еліміздің азаматтық секторының белсенді бөлігі ауыл мен қала арасындағы әлеуметтік мәселелерге ерекше көңіл бөле бастады. Әсіресе ауыл жастарының білімге толық қолжетімділігі мен әлеуметтік мүм­кіндіктерінің төмендігіне алаңдау­шы­лық білдіріп, еріктілер мен түрлі сала ма­мандары pro bono жобасына, өңірлік жобаларға қолдау білдіре бастады. Осы орайда педагогтер қоғамдастығы мен мек­теп оқушыларын қолдаудың заманауи тәжірибесі ретінде нәтижесін берген «Комунитиплюс» кейсін сарапшылар ұлт­тық бағдарламаның бір бөлігі ретінде елі­міз­дің басқа да өңірлерінде жүзеге асыру мүм­кіндігі зор деген тоқтамға келді.

Жоба қатысушыларының дерегінше, Сей­дахмет Бердіқұлов атындағы мектепте 2 500 оқушы білім алып, 200-дей педагог еңбек етеді. Аталған жоба былтыр мамыр айында мектептің белсенді ұстаздарының бастамасымен қолға алынған. Еріктілердің көмегімен мектеп жанындағы қосалқы ғимарат мектеп мерекелері, тренингтер, балалардың бейресми кездесулері өтетін мәдениет үйіне айналып, бір жыл ішінде «Комунитиплюс» қорының қол­дауымен қаржылық сауаттылық, кәсіп­кер­лік, жасанды интеллект негіздері, топ­т­ық жұмыс, жобалық белсенділік, тіл табысу дағдыларын дамыту бойынша 20-дан астам жоба бойынша онлайн және офлайн тренингтер өтті. Мысалы, өткен жылдың қараша айында Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясының ди­зайн кафедрасының оқытушылары мен студенттері және Optimus.kz ком­па­­ния­сы­ның қолдау көрсетуімен 49 сы­нып­тың оқушылары «#49ағаш» муралын салып, шығармашылық жұмыс комьюнити-орталық қабырғасының сәніне айналды. Осы орайда әлеуметтік кітапхана жұ­мы­сы­ның ұтымды ұйымдастырылғанын да айта кеткен жөн. Ал жыл басында коммуникация сарапшысы Латина Сатарова мектеп мұғалімдері мен жоғары сынып оқушылары үшін коммуникативті дағдыларды дамыту бойынша бірқатар тренинг өткізсе, наурызда белгілі PR-маман, кәсіптік кеңесші Дарья Бубликтің бастамасымен ауыл мектептеріндегі ба­ла­лардың өзін өзі тануды зерттеу жо­басы іске қосылды. Елімізде білім беру­ді да­мы­туға ынталы топ пен мектеп оқу­шы­лары, қоғамдық жұмыстарға біріккен тәуелсіз қазақстандық кәсіптік бағдар беру қызметкерлері жоба аясында өз болашағына бейқам, қоғамдық өмірден алшақ балалардың бар екенін анықтады. Сарапшылар мұндай балалармен жеңіл ойын форматында жұмыстар жүргізіп, өз ортасымен тіл табысу, ұжымға кірігу дағдыларына баулыды. Сонымен бірге қордың әлеуметтік жобасына «Билайн Қазақстан» компаниясы қолдау білдіріп, С.Бердіқұлов атындағы мектепте жоғары жылдамдықты интернетті бір жылға тегін пайдалануға берілді.

«Комунитиплюс» қорының негізін қа­лау­шы Эль Карманова жобаның қоғамға қажет екенін алға тартып, ауыл мен қала арасындағы коммуникация іспетті екенін атап өтті. Оның айтуынша, қоғамдық орталықтарда ауыл жастары өздерін дамытуға, қандай да бір игі істе өз үлесі бар екенін сезінуге мүмкіндік алады. Жастар үшін жасалған қолайлы орта қауіпсіздіктің күшеюіне ықпал етеді. Жоба жылдам жүзеге аса қоймағанымен, 2-3 жыл ішінде нәтижесін беретіні сөзсіз. «Жо­баны жалғастыруға бел буа отырып, Алматы облысының мектептерінен өті­ніш­тер жинап, арнайы база құруды жос­парлап отырмыз. Содан кейін барып мектептерге көмектескісі келетін мамандар мен сарапшылармен бөлісеміз. Тәжірибе көрсеткендей, қала белсенділерінің ауылға көмегіміз қажет емес деп жүрген пікірі негізсіз», деп атап өтті Э.Карманова. Осы орайда Дарья Бубликтің айтуынша, әлеуметтік мәселелерді шешу үнемі қара­жатқа тіреле бермейді. Ең бастысы, мақсаты бір қамқоршы азаматтардың белсенділігі қажет. Кәсіптік бағдар беру жобасының нәтижесінде 400-ден астам мектеп оқушысы edunavigator.kz бағдар беру тестілеуінен және мамандардың жеке кеңесінен өтуге мүмкіндік алған. Ал мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айнұр Садықова атап өткендей, бұл жоба мектеп ұжымына үлкен серпін берді. Бір жылда мұғалімдер дамуға кедергі болып келген жайттарды анықтап, жаңа дағдыларды игеруге мүмкіндік алды. Мектеп оқушыларының қаржылық сауаттылық пен кәсіпкерлік негіздерін дамыту курстарына қатысуы өмірлік жолда кәдеге жарайтыны анық.

«Комунитиплюс» ҚҚ директоры Мейіржан Құрманов жоба тарихымен таныстыра келіп, ауыл мектебімен ынтымақтастық жобасына Америка ал­масу бағдарламалары түлектерінің ұлт­тық қауымдастығы мен Қазақстандағы АҚШ дипломатиялық миссиясы қолдау көрсеткенін атап өтті. «Бөлінген грант біздің ұжымға ай сайын Ұзынағаш ауылына барып, балаларға тренингтер мен басқа да тәрбиелік шаралар өткізуге мүмкіндік берді. Енді жоба өзінің тұрақтылығын дәлелдей отырып, ынтымақтастықты кеңейту алаңына, Ұзынағаш ауылындағы жастар қауымының дамуында нәтижесін берген игі жобаға айналды», деп атап өтті.

Жоба қатысушылары ұсынған дерек бойынша, алдағы оқу жылында Ұзынағаш ауылындағы жобаны жалғастыру үшін 13 млн теңге шамасында қаражат қа­жет. Сарапшылар өздері бетпе-бет кел­ген кедергілерге тоқталып, ауыл мек­теп­­терімен ынтымақтастықта туындай­тын мәселелердің стандартты емес шешім­де­рін ұсынып, келешекте ауылдық елді мекендерді дамыту ісіне қоғам өміріне бейжай қарамайтын азаматтарды шақырады.

 

АЛМАТЫ