Астанадағы Дина Нұрпейісованың ескерткіші жанында Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық кеңесі, қалалық жастар саясаты басқармасы және «Күй анасы» республикалық қорының ұйымдастыруымен «Күй жәрмеңкесі» өтті. Айта кетейік, күй өнерін дәріптеп, келешек ұрпаққа насихаттау мақсатын көздеген мәдени іс-шара биыл екінші рет өтіп отыр.
Жәрмеңкеде Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданының Қ.Жантілеуов атындағы саз мектебінің ұлттық аспаптар оркестрі өнер көрсетті. Алғашқы «Күй жәрмеңкесінің» жеңімпазы Нарқыз Қасымова мен Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті Ақеділ Ұзақов өз өнерлерін көрсетіп, көрерменнің қошеметіне бөленді. Сондай-ақ іс-шара барысында қатысушылар Дина Нұрпейісованың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, күйшінің рухына тағзым етті.
Мәдени жиынның бір ерекшелігі – көрермен арасынан өнерпаздар ортаға шығып, күй тартты. Ерекше өнерімен көзге түскен көрерменге ұйымдастырушылар атынан үкілі домбыра мен «Күй анасы» кітабы табысталды.
«Бастамамыздың мақсаты – жас ұрпақтың санасына төл өнерімізді сіңіру. Бұл үрдіс алдағы уақытта тек Нұр-Сұлтан қаласында ғана емес, республикамыздың барлық өңірінде де жалғасын тапса дейміз. Еліміздегі қаншама талантты балалардың өнерін тамашалап, төл өнерімізге деген махаббатын арттыру мақсатында ұйымдастырған жәрмеңкемізге келген барша көрерменге алғысымызды білдіреміз. Ұлттық өнерді сүйетін, дәріптейтін ұрпағымыздың бары бізді қуантады», дейді қоғам қайраткері, «Күй анасы» республикалық қорының жетекшісі Төлеген Қуанышев.
Еске сала кетсек, Дина Нұрпейісованың ескерткіші былтыр «Ұлттық домбыра күні» қарсаңында ашылған еді. Ескерткіш авторы – мүсінші Жалын Бауырқан.
Еркеназ ҚОРДАБАЙ,
Л.Н.Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық университетінің студенті