• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
19 Сәуір, 2014

Әскери шеруге дайындық белгіленген тәртіппен ойдағыдай жүруде

334 рет
көрсетілді

7 мамыр – Отан қорғаушылар күнінде елордада дүркіреп өтетін салтанатты әскери шеруге дайындық жұмыстары Астана іргесіндегі арнайы далалық лагерьде өтуде. Ондағы сардарлар мен сарбаздардың тыныс-тіршілігі мен әзірліктерін көрсету үшін Қорғаныс министрлігінің өкілдері журналистерді жүріп жатқан жұмыстармен таныстырды. Лагерьде тігілген шатыр­лардың жалпы саны 100-ді құраса, оның 60-ы жеке құрам сарбаздарына тиесілі. Ал қалған 40 шатыр асхана, дәрігерлік пункт, қойма секілді орындарға берілген. Шеруге дайындалатын сардарлар мен сарбаздардың бір мезгіл ойларын сергіту мақсатында лагерьде мәдени шаралар өткізіп тұру да назардан тыс қалмаған. Осы тұрғыда оған арнайы орын да белгіленіпті. «Биылғы шерудің ерекшелігі әскери техникаларға баса назар аударылатындығында дер едік. Механикаландырылған техниканың саны көбірек болмақ. Еліміз әскерінің күш-қуатын, техникалық жарақтандырылу әлеуетін көрсету шерудегі басты мақсатымыз. Осыған байланысты еліміздің өңірлеріндегі өндіріс ошақтарында жасалатын отандық әскери техниканы осы шеруде көрсетеміз. Оған біз дайынбыз», – дейді лагерьлік жиынның штаб бастығы, полковник Қасымсейіт Өмірбеков. Мұнан кейін БАҚ өкілдері мерекелік салтанатты шеруде сап түзеп өтетін жеке құрамалардың дайындығын да тамашалады. Арнайы әуенмен алға қарыштап қадам басқан сарбаздар өздеріне берілген тапсырманы мүлтіксіз орындауда. Бұлардың арасында 80-нен астам әскерде қызмет ететін нәзік жандардан тұратын қыздар тобы да бар. Бұл ретте ерлермен қоса олардың дайындықтарының да жоғары деңгейде екендіктерін әскери шеруге дайындық лагерьлік жиынының бастығы, полковник Қайдар Қарақұлов ерекше ризашылықпен жеткізді. Сонымен бірге ол әскерилердің шеруге деген ынталарының да жоғары екендігін атап көрсетті. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК, «Егемен Қазақстан». АСТАНА.