• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 01 Маусым, 2022

Сыбайлас жемқорлық: Ғылыми сараптаманың маңызы неде?

1359 рет
көрсетілді

Елімізде ең көп таралған сыбайлас жемқорлық қылмыстың түрі – пара беру. Өткен жылы осы қылмысқа қатысты 568 дерек анықталған. Ал одан кейінгі орындарда пара алу мен алаяқтық тұр. Парақорлыққа делдал болу да жылдан-жылға өсіп барады. 2021 жылғы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ­туралы ұлттық баяндамада келтірілген мәліметтерге зер салсақ, жемқор­лыққа баратындардың алдыңғы үштігіне ішкі істер органдары, әкімдер мен ­қаржы министрлігінің құрылымдық бөлімшелері енеді екен.

Қоғам дамуына кедергі келтіретін сыбайлас жемқорлықпен күрес ұдайы жүргізіліп келеді. Алайда осыған қара­мастан, мемлекеттің қаржысын қарпып қалғысы келетіндер қай саладан болса да табылады. Жемқорлықтың тамыр жаюы­на әкеп соқтыратын факторлар да жыл сайын түрленіп, жаңаша сипат алуда. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен М.Нәрікбаев атындағы KAZGUU университетінің тізе қосуымен өткен халықаралық форум-семинарда жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптаманы жетілдірудің өзекті мәселелері талқыланды.

Осы жылдың ақпан айында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі өткізген кеңесте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жемқорлыққа жол бергендердің жазасы ауыр болаты­нын ­шегелеп тұрып айтқан болатын. «Жемқорлық әрекеті үшін сотталған азаматтарды шарт­ты түрде мерзімінен бұ­рын босатуға тыйым салынды. Соттарға, құқық қорғау қызметкерлеріне, пара бергендерге және делдалдарға қатаң жаза қолданылатын болды» деген Мемлекет бас­шысының сөзі басқосуда талқыланған тақырыптың өзегіне айналды.

Форумға депутаттар, орталық мемле­кеттік органдардың өкілдері және сарапшылар қатысып, көкейде жүрген ойларын ортаға салды. Семинарды М.Нәрікбаев атындағы KAZGUU университеті Ғылыми сараптама және талдау институтының директоры Марат Қоғамов жүргізіп отырды.

Іс-шара барысында сөз алған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Превенция қызметінің басшысы Мұрат Ахметов сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама іске асырылған сәттен бастап, 12 мың нормативтік-құқықтық акті жобасы қамтылғанын, онда сыбайлас жемқорлық қаупінің 32 мыңнан астам факторы анықталғанын атап өтті. Сондай-ақ ол өз сөзінде бұл бағыттағы ауқымды жұмыстар алдағы уақытта да сәтімен жалғасатынын тілге тиек етті.

Талғат НӘРІКБАЕВ,

KAZGUU универси­те­ті­нің басқарма төрағасы:

– Жалпы, жемқорлыққа қарсы ғылы­ми сараптама жүргізу бағытындағы жұ­мыс­тардың қалыпты ырғаққа түскені талас тудырмаса керек-ті. Оны күнделікті өмір­де де көріп жүрміз. Бұл әлбетте, жыл­дар бойы атқарылып келе жатқан ауқымд­ы жұмыстардың нәтижесі екені рас. Десе де бірінші кезекте барлық нор­ма­тивтік-құқықтық акті сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама арқылы өтуге тиіс екенін қаперден шығармаған абзал. Оларды құруға бастамашылық жасаған субъектілерге қарамастан, осы сараптамалық зерттеуден босатылған нормативтік-құқықтық актілер болмауға тиіс. Сараптама қорытындысы ұсы­нымдық сипатқа ие болудан біртіндеп алшақтауы қажет. Ол үшін мемлекеттік орган­дар сарапшылардың ескерту-ұсы­ныс­тарын міндетті түрде қабылдауға көшуі қажет. Сонда ғана барлық жұмыс жүйелі түрде жүзеге асырылатыны ақиқат. Азаматтар осыны естен шығармаса дейміз.

Мұрат АХМЕТОВ,

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Превенция қызме­тінің басшысы:

– Сараптама қорытындысы бойынша шамамен 5,2 мың нормативтік-құқықтық акті қабылданып, тиісті мерзім ішінде қолданысқа енгізілген болатын. Онда ескерілген ұсынымдардың үлесі 52,7%-ды құрағаны баршаға мәлім. Осылай­ша, қабылданған нормативтік-құқықтық акті­лердің жартысынан астамында әзір­леу кезеңінде сыбайлас жемқорлық қаупі алы­нып тасталған еді. Яғни мемлекет сы­байлас жемқорлықты жою мақса­тында тағы бір тосқауыл болатын жолды жаңыл­май тапты деп айтуға толық негіз бар. Қуаныштысы да сол болып тұр. Қысқасы, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да лайықты түрде жалғасын табатын болады.

Майкл ВИЛДИНГ,

DAAD құқық саласындағы дәріс оқытушысы:

– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитет қалыптастыру қай кезде де маңызды саналады. Қоғамдағы өзгерген нормалар мен құндылықтардың көрінісі де осыдан байқалса керек. Жалпы, алып қарағанда жегі құртқа айналған құбылыспен күрес адамдар үшін аса зор маңызға ие еке­нін ұмытпаған дұрыс. Егер олар өзде­рінің жүріс-тұрысының жемқорлық түрінде бұзылғанын байқамаса, онда алды­мен оларға жемқорлыққа қарсы білім­ді түсіндіру керек болады. Бір нәр­сені ешқашан ұмытпау керек – іс жүзін­де қоғамдық және жеке мүдделер ара­сын­дағы айырмашылық көбіне сіз ойла­ғандай қарапайым емес. Бірақ бұл біздің қоғамға қажет. Ал қоғам қай кезде де жемқорлықтың тамырына балта шабуға ұмтылғаны жөн. Сонда ғана ел дамудың жаңа сатысына қадам басады.

Светлана АРЫСТАМБАЕВА,

Агенттіктің сарапшысы, «Transpa­rency Қазақстан» қоғамдық қоры Қам­қоршылық кеңесінің мүшесі.

– Мен сыбайлас жемқорлыққа қар­сы сараптаманың түпкі мақсаты – қол­­да­ныстағы заңнаманың сыбайлас жем­қорлыққа бейім нормаларын барынша азайту деп білемін. Оған ешкімнің таласы да жоқ шығар. Дегенмен статистика жобалардағы байқаусызда жасалған сыбайлас жемқорлық болжамдарының көлемі азаймай отырғанын көрсеткенін де назардан тыс қалдырмаған абзал. Оның ішіне жергілікті атқарушы органдардың немқұрайлы дайындаған жобаларының саны да кіреді. Сондықтан да бұл мәселеге келгенде адамдар өте сауатты болғаны дұрыс.

Семинар барысында сөз алған спикерлер атқарылып жатқан жұмыстардың оң ықпалы бар екенін айтты. Алдағы уақытта қолға алынатын ауқымды жұмыстардың да нәтижесі болатындығына сендірді.

Әділет вице-министрі Алма Мұқанова атап өткендей, қазіргі уақытта шешімдер қабылдаудың тиімділігі мен жеделдігін арттыруға, атқарушы билік қызметінің шамадан тыс заңнамалық регламенттеуін болдырмауға бағытталған мемлекеттік аппарат қызметін бюрократиясыздандыру бойынша маңызды жұмыс жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, нормативтік-құқықтық актілердің жобаларын үйлестіруді жүзеге асыратын ұйымға жіберу және жобалар бойынша қорытындылар беру тетіктерін қайта қарау қажеттігі де әңгімеге арқау болды. Құқықтық сараптама бойынша пай­даланылатын тетікті енгізіп, осы жұмысты «Ашық НҚА» порталында жүзе­ге асыруға болатыны да басқосу барысында айтылды.

Іс-шара барысында сөз алған Парла­мент Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Арман Қожахметов бастаған өзге де аза­маттардың пікірлері басқалардың ойымен бір арнада тоғысып жатты.

Форум барысында халықаралық (Гер­­мания, Грузия, Украина) сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимылдың ал­дыңғы қатарлы тәжірибесі, оның ішінде құқық­тық актілерді сараптауда, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін бағалау әдіснамасын жетілдірудің негізгі және проблемалық мәселелері, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың қағидаларын жетілдіру мәселелері таныс­тырылып, сол бағытта бірлесе жұмыс ат­қару қажеттігі сөз болды. Осының өзі-ақ салада қолға алынған жұмыстардың оң нәтиже бере бастағанын айғақтайды.