• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қаржы 01 Маусым, 2022

Қаржы тапшылығы қажытпасын десек

1217 рет
көрсетілді

«Табысының кемінде оннан бір бөлігін өзіне және отбасының болашағына жинайтын адамның басына түбінде байлық қонады». Бұл – әлемдік экономикалық әдебиеттің классикасына айналған әйгілі «Вавилондағы ең бай адам» кітабының авторы Джордж Клейсонның сөзі. Расы­мен отбасылық әмиянды сауатты жоспарлау­дың өзі – үлкен өнер. Дамыған елдерде қаржы сауаттылығына баулу, соның ішін­де ақшаны үнемдеуге, оны ұқсатып жұмсауға және бюджетті жоспарлауға жастайы­нан тәрбиелейді. Ал бізде бюджеттің өзі жабық тақырып деңгейінде.

Қаржы сауаттылығы негізінен бюджетті жос­парлаудан басталады. Біздің елде бюджет­тің ашықтығы былай тұрсын, бюджет туралы түсініктің өзі дұрыс қалыптаспаған. Көбі бюджетті жоспарлауды мемлекеттік орган­ның міндеті деп түсінеді. Оны жоспарлау­ға қатысуға құлық танытпайды да. Әйтпесе, бюджет дегеніміз сіз бен біздің ақшамыз­дан құралған ортақ қазына. Сондықтан ондағы қаржы қайда, қалай жұмсалатынын білуге, тіпті осыған қатысты ой-пікірін айтуға әр аза­маттың құқы бар. Бірақ бізде ондай менталитет қалыптаспаған. Тіпті «бюджетіңіз қанша?», деп сұрасаң, мекеме басшылары­ның көбі шоршып түсері анық. Бюджеттен айлық алып отырған биліктегілердің жалақысы да құпия. Көбі табысын жасырғысы келіп тұрады. Ал көп мекеменің қызметкерлері бюд­жеттерінің қанша екенін, қанша қаржы қайда құйылып, неге жұмсалып жатқанын білмейді де. Ол ол ма, ай сайынғы заңды еңбекақысы жөнінде түбіртекті бухгалтерінен сұрауға да именетіндер бар... Бюджет біз үшін «құпия» тақырып дейтініміз де осы.

Ал шет мемлекеттердің көбінде бұл мәселе ашық айтылады. Оларда жемқорлықтың бізден қарағанда аз болуы да осыған байланысты ма деймін. Мысалы, Америкада мектеп оқушыларының өзі білім ошағының бюджетіне араласа алады екен. Бұл туралы әріптесіміз Нәзира Байырбектің әлеуметтік желідегі парақшасынан оқыдық. Журналист Америка білім ошағында оқитын қызына мектеп директорынан хат келгенін айтады. Онда: «Мектебімізге 2 750 доллар бөлініп жатыр. Бұл ақшаға не алуымыз керек, сен қалай ойлайсың? Мектеп бюджетіне түсетін ақшаны біз қайтсек тиімді жұмсаймыз? Сенің пікірің қандай?», деп жазылған екен. Директор әр оқушыға осындай хат жіберген. Әлбетте, Қазақстандағы бюджеттің «құпиялылығына» әбден үйренген әріптесіміз америкалықтардың ашықтығына таңданысын жасыра алмаған.

Негізі бюджетке елдің араласуы деген жақсы үрдіс бізде де қолға алынған. «Ха­лық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжы­рым­дамасы аясында 2019 жылдан бастап «Бюд­жетке қатысу» жобасы жүзеге асырыла бас­тады. Жоба бойынша Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларының тұрғындары ауласын абаттандыруға, айналаны жарықтандыруға үлес қоса алады. Яғни қала халқының көпшілік даусына ие болған тиімді жобаларға бюджет қаржысы бөлініп, жүзеге асырылады. Халық тікелей қатысатын мұндай жобалар көбірек қолға алынса дейсің.

Жалпы, бюджетті жоспарлау, ақшаны үнемдеу мәселесіне бала жастан дағдылануы керек. Бізде осы жағын кемшін. Бірақ жа­қында Білім және ғылым министрлігі мектеп бағдарламасына «Қаржылық сауаттылық негіздері» пәнін енгізуге талпынып отырғанын естідік. Егер бұл пән жалпы білім беретін оқу орындарына енгізілсе, балалардың қаржыны ұқсатудағы білімі артып, жеке және отбасылық бюджетін жастайынан дұрыс басқаруға бейімделер еді. Мұндай сабақтың қажеттілігі қазіргі заман талабына сұранып-ақ тұр. Әйт­песе, бүгінде ай сайынғы табысын дұрыс ұқсата алмай, айлықтан-айлыққа әрең жетіп жүргендер көп. Қаржыгерлердің пікіріне қарағанда, қаржы тапшылығын көрудің ­басты себебі – ақшаны ойланбай жұмсап, өзімізге пайдасы шамалы нәрсені беталды сатып ала беру екен. Экономист-мамандар «үй бухгалтериясын құрудың мәні – кіріс пен шығыс арақатынасының оңтайлы кілтін таба білуде», дейді. Яғни сіз ақшаның қайдан келіп, қайда кеткенін бақылай алсаңыз, онда шығыстарды да оп-оңай реттей аласыз әрі қаржы тапшылығын да тартпайсыз.

«Ақша көп болған сайын қаражат тап­шылығы болмайды», деген жаңсақ түсі­нік бар. Алайда қаржы сауаттылығы мен үнемшіл­дік болмаған жерде қандай қомақты қаржы да суға сіңгендей жоқ болады, дейді қаржы мамандары. Сондықтан әркім аздың өзін ұқса­тып, ұқыптылық мәдениетін меңгергені лә­зім. Ақшаның өзі құнттағанды жақсы көреді ­демей ме?!