Қазақстан Халық партиясының төрағасы Ермұхамет Ертісбаев Алматы қаласына жұмыс сапарымен келіп, республикалық референдум аясында Конституцияға енгізілетін түзетулер туралы баяндады.
ҚХП басшысын жұмыс кестесін алматылық партияластармен кездесуден бастап, баяндамасының негізгі тақырыбын 5 маусымда өтетін республикалық референдумға арнады. Ол Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге байланысты мәселелерді қозғады.
«Қазақстан Халық партиясы он сағаттық онлайн марафон ұйымдастырды, бұл – біздің партияның референдумды қолдауға қосқан үлесі. Жалпы алғанда осы ай ішінде партия мүшелері референдумға байланысты ақпараттық-насихат жұмыстарын жүргізіп, өзгерістер мен толықтырулардың мәнін түсіндіріп, жан-жақты жұмыс істеді. Өңірлерді аралап, халықпен кездесулер өткіздік, сұрақтарға жауап беріп, бұқаралық ақпарат құралдарында, арнайы сайттарда сөз сөйледік. Осы орайда конституциялық реформа мен референдумды жалпыхалықтық қолдау жаңа саяси бағдарымызды көрсетеді. Қазақстан жаңа белеске аяқ баса отырып, жер қойнауындағы мол қазынасының игілігін бірге көретін болады», деп атап өтті Е.Ертісбаев.
Партия төрағасы Президенттің Конституцияға «Жер және оның қойнауы мен байлығы Қазақстан халқына тиесілі болуы керек» деген түзету енгізу туралы бастамасын қолдағанын мәлімдеді. «Бұл – «Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» нақты көрінісінің бірі. Мемлекет басшысы да осы басымдыққа назар аударып отыр», деді ол.
ҚХП мүшелері Конституцияға енгізілген барлық өзгерістердің еліміз үшін, Жаңа Қазақстанның қалыптасуы үшін маңызы зор екенін бірауыздан қолдап, пікір білдірді. Жиын барысында Е.Ертісбаев ҚХП-ның жаңа мүшелеріне партия билеттерін табыстап, партияның нығаюына, дамуына үлес қосады деген сенім білдірді.
АЛМАТЫ