Арал-Сырдария бассейні бойынша 2030 жылға 36 мың тонна тауарлы балық өндіру көлемін өсіру жоспарланған. Биыл Түркістан облысында тауарлы балықты өсіру көлемін 6 112 тоннаға, ал Қызылорда облысында 409 тоннаға жеткізу көзделген. Бұл туралы Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекция басшысының орынбасары Жанқожа Сапаров айтты.
Арал-Сырдария бассейні балық шаруашылығына халықаралық маңызы бар Шардара су қоймасы мен Сырдария өзені, Көксарай су реттегіші және Кіші Арал теңізі аумағын қамтиды. Қызылорда облысында Кіші Арал теңізі мен 207 су айдынының 89 пайызы, ал Түркістан облысы бойынша Шардара су қоймасы мен Сырдария өзені және 127 су айдынының 71 пайызы пайдаланушыларға бекітіліп, балық шаруашылығымен айналысуда. Өткен жылы Қызылорда облысында 184,0 тонна, ал Түркістан облысында 5 707 тоннаға жуық тауарлы балық өсірілген. Сондықтан болар Түркістан облысы жасанды балық өсіруге әлеуеті жоғары аймақ болып саналады. Инспекция басшысы орынбасарының сөзіне қарағанда, биыл оның көлемін 6 мың тоннадан асыру жоспарланған.
Мемлекет тарапынан субсидиялау 30 пайыз және 50 пайызға артып, балық шаруашылығының дамуына оңды ықпалын тигізуде. Алдағы уақытта елімізде балық шаруашылығымен айналысуға ниетті кәсіпкерлер саны артатыны сөзсіз.
«2021 жылдан бастап субсидиялау бағдарламасында балық жемін сатып алудың 30 пайызынан бөлек, биологиялық негіздемені әзірлеу, балық өсіру материалын сатып алу, дәрілік препараттарды сатып алу, аналық-толықтыру үйірін сатып алудың 50 пайызы қарастырылған. Бұдан бөлек балық өсіруші субъектісінің инвестициялық салымдарының 25 пайызы субсидияланады», деді Жанқожа Рамбердіұлы.
Арал-Сырдария бассейні бойынша 2021 жылы 90 жобаны іске асыру көзделген. Былтыр 2 шарбақтық, 6 тоған шаруашылығы және 1 тұйық сумен қамтамасыз етілген жүйе іске қосылған. Тауарлы балық өсіру шаруашылықтарының саны 101-ге, тоған шаруашылығының саны 47-ге, шарбақтық 5-ке, тұйық сумен қамтамасыз етілген балық шаруашылығы 3-ке жеткен. Биыл 6 тоған шаруашылығы жұмысын бастаған. Тоғандарда тұқы, дөңмаңдай, ақ амур және африкалық жайын шабақтары өсірілуде. Инспекция басшысы орынбасарының айтуынша, екінші жартыжылдықта шарбақтық шаруашылық пен тұйық жүйелі сумен қамтамасыз етілген құрылғының жобасы іске асырылады.
Түркістан облысы жасанды балық өсіру бойынша елімізде көш бастап тұрса, Қызылорда облысындағы табиғи су айдындарында өсірілген балық өнімдеріне деген сұраныс күн сайын артып келеді.