• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 02 Маусым, 2022

Жайылымға таласып, жылқы атып...

314 рет
көрсетілді

Бурабай баурайындағы Абылай хан ауылдық округіне қарасты Ақылбай ауылы – шоқжұлдыздай ғана шағын елді мекен. Шағын ауылдың үлкен мәселесі – жайылым.

Өткен қыс ортасында тебінде жүрген сүті бұлақтай кер бие пышаққа ілікті. Әуелі ауыл адамдары бие әлдебір ауруға шалдық­қан шығар деп топшылаған. Кіші­гірім шошаладай ірі бие ауыл қота­ны­на сүлдерін сүйретіп әзер тұяқ іліктірген. Мал болмайтынын көрген соң жігіттер жиналып, сойып алыпты. Сол кезде ет пен терінің ортасында қалып қой­ған құс мылтықтың ірі оқтары табылған. Әлдебіреу тебінде жүр­ген жылқыны атады деген суық ой ешқайсысының санасына кіре қоймаған. Бір отбасын асырап отырған, атам қазақ қасиетті сана­ған жылқы малына кімнің қолы көтерілсін. Жантүршіктірер жаман оқиға жабулы күйінде қалды. Арада аз уақыт өткен соң тебінде жүрген тағы бір бие оққа ұшты. Сол жолы әлдебір безбүйрек қаскүнемнің қолынан келген қастандық екендігі белгілі болды. Үйірге түсіп жүрген айғыр да ажал құшты. Ұзын-ыр­ғасы бес бірдей жылқы оққа ұшты. Мал иелері құқық қорғау орындарына іле хабар бергенімен, оқыс оқиға уақтылы ашылмай, жылқы атқан жаман ниетті адамдар табылмай қалды.

– Қастықпен істелген нәрсе, – дей­ді ауыл тұрғыны Балтабек Жан­талинов, – ұры болса айдалада атып жыққан малдың етін тік көтеріп алып кетпес пе еді?! Оққа ұшып жайрап қалғанына қарағанда, қоқан-лоқы жасаған сыңайлы. Оқыс оқиғаға себеп болып отырған жайылым жайы, оның тарлығы қазір ауыл тұрғындарының шымбайына батып отыр. Жоғарғы жақта «Бурабай» ұлттық паркі, төменгі жақта егістік алқаптары. Төрт түлік малдың сүмесімен күн көріп отырған ауыл адамдары ендігі арада мал да баға алмайтын болып тұр. Жайылымның арғы шетіне ұлттық парк ағаш көшет­терін отырғызған. Ол жаққа мал бақпақ түгіл, аттап аяқ баса алмайсың. Жаз бойы жылқы біткен жарқабақтың бойында тілін тістеп тұрады. Ол жер де шүйгін жер емес. Заңсыз полигон. Шашылған күл-қоқыс, малдың, иттің өлімтігі.

Осы арада заңсыз полигон ­туралы бірауыз сөз айта кетелік. Ақса­қалдың өкінішті дәмінен кейін әдейі барып көрдік. Ауыл іргесінен басталатын бей-берекет күл-қо­қыс төккен орындар әлденешеу. Тіпті санап тауыса алмайсың. Бура­бай­дың баурайындағы тамаша таби­ғаттың реңін бұзып, ақжоңқа болып шашылып жатыр. Көргенде жүрегің айнитыны былай тұрсын, айтсаң аузыңа ұшық шығатындай. Табиғат жанашырларының ит ар­қасы қияндағы жер емес, әлемге әйгілі Бурабайдың баурайындағы мына сорақылықты көрмей, қайда қарап отырғандықтарын түсіне алмайсыз. Тұрғындардың айтуына қарағанда, көктемде еріген қар суы сансыз жыра, ор болып опырыл­ған терең сай арқылы заңсыз поли­гондардың бар қоқысын Кіші Шабақты көліне құяды. Диқандар қайың шоқтарының дәл іргесіне дейін тақап, қаусыра жыртып тас­тапты. Жаңа көктеп келе жатқан балапан ағаштар жыртылған жер­дің астында қалған.

Жайылым жайы жанына батып отырған ауылда биылғы көктем­нің соңын ала тағы да дау шықты. Бұл жолы ауыл тұрғындары азын-аулақ малдарын жайып отыр­ған жайылымдарын қорғап, өре түрегелді. Түсінікті болуы үшін сәл таратып айталық, ауыл тұрғын­дарының бағымында 200 бас жылқы, 200-ге таяу қара мал, төрт жүздің төңірегінде қой-ешкі бар. Жайылымдық жер 1 743 гектар. Мал мамандары әр қара малға 9 гектар шамасында жайылымдық жер қажет деп есептегенімен, бұл өңірдегі шөптің шығымы қисын­ға келе қоймайды. Өйткені тау­лы-тасты жер. Өткен жылғы қуаңшы­лықта қырат-қырқалардағы шөп тамырына дейін күйіп кетті. Биыл да көктем шыққалы аспаннан нәр тамған жоқ. Малсақ қауым төрт түлік малын қайда апарып жаярын білмей дал. Он мың гектарға жуық егін егетін серіктестік төңі­рек­тің бәрін қусырып, жыртып тастаған. Ол аздай қаладан келген әлдебір кәсіпкер ауыл іргесіне қора салып алып, мал бағып отыр. Ауыл тұрғындарының айтуына қарағанда, ешкімнен рұқсат ал­маған. Біз бұл жөнінде ауылдық округ әкімінен сұрап білдік.

– Жеке кәсіпкер ретінде тіркел­меген, – дейді ауылдық округ әкі­мі Жеңіс Көбенов, – Әйтпесе вете­ринарлық есепте бар. Жеке кәсіп­кер ретінде тіркелсе де, ауыл тұрғындарына тиесілі жайылымда малын баға алмайды. Бар сұрақ осында болып тұр.

Жеке кәсіпкердің бірнеше жыл бойы мал бағып жүргендігін ауыл тұрғындары көрсе де үндемеген. Кәсіпкер жыл сайын мал басын көбейтуде. Табынға табын, үйірге үйір қосылып жатыр. Ақкөңіл ауыл адамдары мал баққанына қар­сы емес, заңдастырып, өзіне тиесі­лі жайылым жер алса екен дейді. Оқиға осылай бейбіт сипатта өрби берер ме еді, қайтер еді, іргедегі Жасыл ауылының 120 жылқысы Ақылбай ауылының жайылымына түскен кезде шу шыққан.

Жайылым әділ бөлініп, ауыл тұрғындарының өкпе-назын тар­қату үшін бір шешімге келу қа­жет тәрізді. Ауыл тұрғындары табал­дырығын тоздырған аудан әкім­дігі қиын түйінді шешіп берер де­ген үміт бар. Әйтпесе, бүгін жыл­қы атқандардың ертең өзгені қарауы­лына байламасына кім кепіл?!

 

Ақмола облысы,

Бурабай ауданы