• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
19 Сәуір, 2014

«Гайавата» алқасы, «Сыған бақыты», «Жазғы сарын»

256 рет
көрсетілді

Облыстық көркемсурет музейінде Майса Ықыласова, Татьяна Чевтаева, Жанетта Наурузова, Ольга Ловина сияқты суретші әйелдердің туындыларына арналған «Көктем келді, жанға жылу беріп...» атты көрме өтті. Көрме залында киіз, кескін­деме туындылары, эмаль, түрлі металдардан жасалған көз жауын алардай әшекей бұйымдар қойылыпты. Көркемсурет музе­йінің қызметкері, өнертанушы Майя Бүгібайқызының айтуын­ша, әрине, шығармашылық адам­дарына, олардың қатарында су­ретшілерге, әсіресе, суретші әйелдерге көктемнің келуі шабыт әкелері сөзсіз. Қиялдары қалықтап, жан дүниелері сезімге, махаббатқа бөленер шақ қой. Сондықтан да, көрмедегі туындылар өмір көктемін көз алдыңызға әкеледі. Өнертанушы Майя Бүгібайқызы айтқандай, көрмені аралап көрген сәтте күнделікті өмірдің қым-қуыт мазасыз тірлігінен алыстап, бір демалып қаласыз. Жанға қуат берер рухани өмірдің маңайымыздан алыстап бара жатқан орнын музейлер, көрме залдары толтырып отырғаны да бір ғанибет. Көрмені қызықтап келушілер өте көп. Суретші әйелдер демекші, мысалы Майса Ықыласова қазақтың төл өнері – киіз басу дәстүрі бойынша жасалынған туындыларын көрсетті. Жалпы, көрмеге қатысушы павло­дар­лық­тарға танымал суретші әйел­дердің қай-қайсысы болсын – Майса Ықыласова, Татья­на Чевтаева, Жанетта Науру­зо­ва, Ольга Ловиналар өзін­дік шы­ғармашылық ерекше­лік­тері­мен көрінді. Суретші Майса Ықыласова Мұқағали поэзиясын қылқаламның ұшымен бейнелеп, лирикалық сарында танылып жүрген суретші. Ақынның «Жапырақ жүрек жас қайың», «Ғашықпын», «Поэзия менімен егіз бе едің?» өлеңдеріне арнап ғажап суреттер салды. Жас­тайынан Мұқағали жырын жата жастана оқыған дарын иесі өсе келе бойындағы суретшілік өнерін поэзиямен ұштастырды. Көрмеге жүнмен бейнелеген «Наурызша», «Торайғыр көлі», «Күн шуағына шомылған түз» атты туындылары қойылды. Майса Шымкент қаласындағы Әбілхан Қастеев атындағы көр­кемсурет училищесін, Т.Жүр­генов атындағы Өнер акаде­миясының «Сценография» бөлімі бойынша бітірсе, зергер Ольга Ловина – Красносельск (Ресей) металды көркемдеу учи­лищесін, кескіндемеші Жа­нетта Алматыдағы Гоголь атын­дағы көркемсурет учили­щесінің, Татьяна Петровна Орал (Нижний Тагил) қолданбалы өнер училищесінің түлектері, Жанеттаның «Қарындастар», «Желмен», «Сыған бақыты», «Күздің аяқталуы», Татьянаның «Жастық шақ қиялдары», «Қысқы таң», «Жазғы сарын» атты су­реттері жұртты психологиялық толғанысымен, асқақ идеялық сипатымен қызықтырды. Ал, Ольга Ловинаның «Солтүстік жел», «Гүлдер» атты тана моншағы, «Гайавата» мойыналқасы, «Нау­рыз» атты әшекей бұйымдар топтамасы шебердің қиял жүй­ріктігін, ой тереңдігін көрсетті. Облыстық көркемсурет музе­йін­дегі суретші әйелдер көрмесіндегі туындылардан тек қана жылылық, тазалық, сұлулық, махаббат лебі есіп тұрды. Иә, нәзік жаратылыс иелерінің жүрек сырымен түрленген даламыздағы қырмызы лебізден қылқалам сазы тебірене ескендей. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан». ПАВЛОДАР.
Соңғы жаңалықтар