• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Қазақстан 02 Маусым, 2022

Жалпыұлттық «Жасыл ел» жобасының жаңа маусымы басталды

1029 рет
көрсетілді

Қазақстанда «Жасыл ел» жалпыұлттық жобасының жаңа еңбек маусымы қайта басталды. Жоба жастарды еңбекке баулуды, табиғатты аялауға шақыруды көздейді, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының жаңа маусымының ашылу салтанатына Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің өкілдері, қоғам қайраткерлері, республикалық жастар ұйымдарының басшылары мен «Жасыл ел» өңірлік штабтарының өкілдері қатысты.   «Жасыл ел» жалпыұлттық жобасы 2005 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Бұл жастар арасындағы ең танымал бағдарламалардың бірі десем, қате емес. Бағдарлама аясында жас қазақстандықтар қалаларды көгалдандыруға қатысып, еліміздің экологиялық жағдайын жақсартуға өз үлесін қосып жатыр. Сонымен қатар жоба еңбекке баулып қана қоймай, жастарды ортақ идеялар төңірегінде топтастырады», деп атап өтті Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы Басқарма төрағасының орынбасары Жасұлан Бисембиев.   «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары – экологиялық жобалар мен мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру арқылы жастарды маусымдық жұмыспен қамтуға, қалалар мен елді мекендерді көгалдандыруға, абаттандыруға, жастарды патриоттық тұрғыда тәрбиелеуге бағытталған жалпыұлттық қозғалыс.   «Еңбек маусымының ашылуы – біз асыға күтетін ең маңызды оқиғалардың бірі. Жыл бойы жастар табыс тауып қана қоймай, тәжірибе де жинайды, өз қабілеттерін ұштайды, жаңа мүмкіндіктерді ашады. Жасақтарды іріктеу кезінде біз халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балаларға өздерін көрсетуге, демалыс кезеңінде ақша табуына көңіл бөлеміз. Биыл біз 30 мыңнан астам жасты жұмысқа орналастыруды жоспарлап отырмыз», деді «Жасыл ел» республикалық штабының жетекшісі Данияр Азамат.   Жобаны Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің және Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауымен «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының республикалық штабы ұйымдастырды.