• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 02 Маусым, 2022

Далалық сүю

426 рет
көрсетілді

Иә, өлең сендірмесе өлең емес. Көркем дүние сендірмек түгілі, жаныңды елжіретіп, жүрегіңе сіңіріп жібереді айтылмыш дүниені. Жоққа сендіріп, ғайыпқа иландырып қояды. Иланбақ былай тұрсын, сол сезіммен рухын шынықтырып, өмір сүріп кететіндер де болады.

Бір ауыз сөз үшін, бір тамаша ән үшін, жеке-дара оқиға үшін. Сұлулыққа, тазалыққа іңкәрлар сөйтеді. Өлең құдіреті деген осы шығар мүмкін. Жалт еткен қас-қағымдағы жалғыз-ақ сәт жалғанның жыртық та жасампаз келбетін бүркеп кетеді. Жүректі алып түседі. Сол жалғыз-ақ сәт, қас-қағымның өзі өмір сүруге татығаны ғой. «Жақсымен бірге өткізген жарты сағат, жаманның өтіп кеткен өміріндей» демей ме?! Тура осы тұсқа келгенде оқырман мынау өзі сендіруді айтып отыр ма, қас-қағым жалқы сәтті айтып отыр ма деген күмәнмен кері шегінуі де кәдік. Біз екеуін де, екеуін ғана емес, бойына бірнеше құбылысты жымдастыра алған өлең туралы айтқымыз бар. Және бұған дейін айтқанымыз, сөз етпек жырымыздың жұқанасына да татымасын біліп қойыңыз.

«Бетпақдала – жанарым ғашық алап,

Жаныма орап, жүректің жасына орап,

Сүйгем оны… Жайлауда жаз өткергем

Құралайын киіктің асырап ап»

деп басталады Ғалым Жайлыбайдың «Сүт беріңдер» өлеңі. Бұл жерде айтқымыз кел­гені де «сүйгем оны...» деген тұсы. Неге екенін қайдам, сүйем немесе сүйгем сөзі басқасы былай тұрсын, махаббат лирикасының өзінде шынайы шыға бермейді кейде. Тұманбайдың сүйгені сендіреді, Сағидың сүйгені жүрекке жылы тиеді, Есенғалидың сүйгені жүректі ауыртады, ал Ғалым Жайлыбайдың сүйгені мұңға орайды. Мұңға ораған соң, әрине, адамды бейжай қалдырмайды. Бұл жердегі сүю – басқа сүю, бірақ. Сүйгені үшін бәрін тәрк ету немесе меншіктеп бөлек қашу емес, далалық сүю – ақылға сыймайтын дара қасиет дер едік. Ар жағында елдік сана тұрады. Даланы сүйіп өскен қазақ баласы ондағы бар құбылысқа сүйіспеншілікпен қарайтын сияқты, ал кейбір сүйіспеншілік сол даладағы бір затты сүю арқылы бәрін сүюге айналады. Екеуі бір дүние десек те, екі бөлек болмыс. Қайткен күнде де қазақы болмысқа алғашқысы келіңкірейтіндей көрінеді. Сол сияқты ақын әуелі Бетпақдаласын, одан соң киіктің құралайын көргенін байқаймыз.

«Киікті қазақ және дейді бөкен» деп Сәкен бастап еді қазақ поэзиясында киік тақырыбын. Одан Кәкімбек Салықовтың «Жезкиігінен» Ғалым Жайлыбайдың «Киік­қашқан» поэмасына жалғасты. «Киік қашқан, қайдан қашқан? Судан қашқан, удан қашқан» дейтін ақын. Осы жолы елсізде енесінен көз жазып қалған құралайды асырап алғанын жазады Ғалым Жайлыбай. Ақынның бала күні басынан өткен бір оқиға. «Таңда өлеңім сол болып, кеште өлеңім, Өмір жырын ақ сүтпен кестеледім. Жетілген соң: – Құралай, Қош! – деп едім – алтыда едім… жоқ әлде бесте ме едім?..».

Жоғарыда бір ғана сәт, жалғыз мезет дегеніміз сондықтан. Бір жаз сүт беріп асы­раған құралайдың сүйкімі жүрек түкпі­рінде ғұмыр бойы жанын жылытып келген. Ондағы жанашырлық, бауырмалдық, мейі­рім өз алдына бөлек әңгіме талдап жазса.

«Баянсыз күн басынан бақ ұшырған,

Сынақ көріп туғаннан сағы сынған.

Енесінен адасқан құралайға

Ақ дүниенің атынан ақ ұсынғам.

Жұмыр бастың шешетін жұмбағы ауыр,

Бұлаң еткен бұлдырап бұл да дәуір.

Енесінен елсізде адасқанға

Сүт беруді үйреткен қырдағы ауыл».

Бәрі сол қырдағы ауылдан дарыған қасиеттен туатыны шындық. Енесінен көз жазған құралайдан бастап, жер ауып келген атасы басқа жұртқа дейін қамқорлық көрсеткен қазақ ауылының образы адамзатқа үлгі. Сүт беріп қана қоймаған, жүрегіне орап өсірген сол құралайды аттандырып салған ақын кешірген күйді естігенде бірдеңе деудің өзі артық. Тек сезіне алсаң болғаны. Адам жанының ең асыл сезімдерін техника жалмап бара жатқан тұста мұндайды түйсініп, рахатқа бөленгеннің өзі бір хикмет. Оны ала жаздай асыраған құралайымен қоштасып тұрған ақын айтады:

«Ғажайыптан тұрады ғалам лебі,

Өн бойында өмірдің бар өрнегі.

…Жалт қарады ол, арман-ай, қоштасарда

Сондай жанар көрмедім содан бері.

Айтам деген сыр еді ілгеріден,

Армандыға ақ берген күндерім ең.

…Өмір зулап барады көз ұшында.

Өлең кетіп барады бірге онымен.

Көңілімнің көлдерін мұңдарға орап,

Сыңсып ұшты бір құсым сынған қанат.

Құлдыраңдап жүгірген құралайға

Қырдан асып кеткенше тұрғам қарап.

Көктөбеден көктемді күткенінде ел,

Үзік-үзік үмітін үптедіңдер!

Қазақ та бір – киіктің құралайы

Жаутаңдатпай жапанда сүт беріңдер!

Шарықтасын, шалқысын көкте құсың,

Өзектіге бұл өмір өтпелісің…

– Сүт беріңдер, тірілер, бір-біріңе

Еріндерің кезеріп кетпеу үшін».