Балалық шақ – адамдардың есінде ерекше сақталатын сағынышқа толы сәттер. Есейіп кетсе де сәби болуды аңсайтын, сол бір таза кейіптегі болмысын асқан махаббатпен еске алатын жандар жетерлік. 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай республиканың түкпір-түкпірінде түрлі мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды. Нұр-Сұлтан қаласында балалар мерекесіне орай 60-тан астам іс-шара, оның ішінде көрмелер, шығармашылық фестивальдар, спорттық жарыстар жоғары деңгейде өтті.
Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов бас шаһарда балалардың шығармашылығы мен білімін дамытуға арналған бірнеше орталық ашылғанын мәлім етті.
– Халықаралық балаларды қорғау күні өнер-білім, танымдық және оқу орталықтары, аулалар ашылды. Сондай-ақ елорданың барлық ауданында фестивальдар, спорттық жарыстар мен концерттер өтті. Мәселен, «Білім-парк» өнер-білім орталығы ашылды. Онда балалар роботтехникамен, кеме үлгілеумен, авиамодельдеумен, видеографикамен айналыса алады. Сол сияқты бокспен шұғылданып, домбыра шерту мен шахмат ойнауды үйренеді. «Білім-парктегі» сабақтар тегін. Балалар оған Оқушылар сарайының сайты арқылы жазыла алады, – деді А.Көлгінов.
Сонымен қатар қала басшысы Оқушылар сарайының бос тұрған орындарын пайдалана отырып, қызметі айтарлықтай кеңейтілгенін атап өтті.
– Онда SANA креативті білім беру орталығы мен TANYM креативті технологиялар орталығы ашылды. Бұл орталықтарда балаларға бағдарламалау және компьютерлік графика дәрістері өтеді. Ал ойын барысында балалар қажетті білім мен дағдыларды, әсіресе роботтарды бағдарламалауды, логикалық ойлауды үйренеді. Ал сабақтары тегін өткізіледі. Кездесу соңында түлектерімізбен, сондай-ақ халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпаздарымен әңгіме өрбіттік. Командамыз жыл сайын республикалық олимпиадаларда «Үздік олимпиадалық команда» атағына ие болып келеді. Биыл біздің команда рекорд орнатып, 93 жүлделі орынға ие болды. Мұның бәрі – ұстаздардың, мектеп оқушыларының және олардың ата-аналарының тынымсыз еңбегінің жемісі. Мемлекет басшысы осы жылды Балалар жылы деп жариялады. Өскелең ұрпаққа жағдай жасау бойынша тиісті жұмыстар жүйелі жүріп жатыр: мектептер саламыз, ұстаздардың жалақысын арттырамыз, танымдық және оқу орталықтарының желісін кеңейтеміз, – деді елорда әкімі.
Мереке күні таңертең қаладағы ауруханалардың акушерлік блоктарының бәрінде жаңа туған нәрестелерге арналған іс-шаралар ұйымдастырылды. Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов қала басшылығының атынан бақытты аналарды қос мерекемен құттықтап, елорда әкімі Алтай Көлгіновтің Алғысхатын табыстады.
– Бүгін сіздер үшін екі бірдей мереке. Дүниеге ұл-қыздарды әкеліп отырсыздар. Өмір есігін енді ашқан сәбилеріңіз еліміздің абыройлы, бетке ұстар азаматтары болсын. Тек бір әулеттің ғана емес, барша қазақ елінің мақтанышы болып өссін. Болашақтары жарқын болсын, – деп құттықтады басқарма басшысы.
Қалалық емханаларда Ашық есік күндері аниматорлардың қатысуымен мерекелік бағдарламаларға ұласты. Бүлдіршіндердің асыр салып, асыға күтетін мерейлі мерекесі елорданың 4 ауданында да жоғары деңгейде ұйымдастырылып, кішкентай тұрғындарды қуаныш пен шаттыққа бөледі.
Есіл ауданында орналасқан Жетісу саябағында Б.Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» шығармасы негізінде салынған ескерткіштің ашылуы көптің көңілінен шықты. Ескерткіш ашу идеясын жазушы Жанболат Аупбаев ұсынған. Ол қазақ халқының бала тәрбиелеуге ежелден ерекше мән беретінін айта келе, осы бір болмысты бейнелейтін Б.Соқпақбаев повесінің кейіпкеріне монумент орнату жөнінде ойын айтты. Ескерткіштің биіктігі – 183 см, ол қоладан және граниттен жасалған. Мүсінші Азамат Талапханның айтуынша, жұмыс үш айға созылған.
– Маған осы ескерткішті жасау туралы ұсыныс түскен бойда түрлі идеяларды ойластыра бастадым. Ескерткіш арқылы бас кейіпкердің мінезін көрсету, шығарма желісін жеткізу өте маңызды болды. Сонымен, фильмнің есте қаларлық көріністерінің бірін бейнелеу жөнінде шешім қабылдап, Қожаның айна алдында отырған сәтін көрсеттік, – деді монумент авторы.
Сонымен қатар елордаға еліміздің барлық өңірінен 30-дан астам мектеп оқушысы келіп, оларға танымдық экскурсия өткізілді. Іс-шараға арнайы шақырылған оқу озаттары мен зияткерлік және шығармашылық байқаулардың жеңімпаздары әуелі «Ақорда» резиденциясын аралады. Сондай-ақ Бәйтерек монументіне шықты.
– Мұндай іс-шаралар балаларымыздың осы елдің азаматы екендігін, олардың болашақта Қазақстан үшін үлкен рөл атқаратындарына сенім береді. Оқу-білімге құштарлықтарын арттырады, – деді Нұр-Сұлтан қаласы білім беруді жаңғырту орталығы басшысының орынбасары Сындар Мұратқызы.
Мерекеге орай «Balapan әлемі» OPEN AIR фестивалі өтіп, 800-ге жуық жас өнерпаз мерекелік іс-шарада өнер көрсетті. Республикалық деңгейдегі ауқымды іс-шара Есілдің жағасындағы амфитеатрда өтті. Әр өңірден келген талантты бүлдіршіндер осы жерде өнерлерін ортаға салып, түрлі байқауға қатысты. 100 домбырашы бір мезетте күй ойнап, «Qazaqstan дауысы. Балалар» жобасының қатысушылары әннен шашу шашты. Сонымен қатар амфитеатр маңында мерекеге орай түрлі спорттық шаралар, қолөнер жәрмеңкесі мен кітап көрмесі ұйымдастырылды. Ұлттық ойындар ойналып, балалар асфальтқа сурет салды.
Балалардың сағына күтетін мерекесін Сарыарқа ауданының сәбилері де көңілді өткізді. Ойын-сауыққа толы күн ерекше естерінде сақталары сөзсіз. Халықаралық мереке аясында инклюзивті спортты дамыту және саламатты өмір салтын насихаттау мақсатында мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Биылғы мейрам аталған ауданның үш жерінде өтті. Demalys promenade алаңында, Көктал саябағында және Арбатта жалғасты. Demalys promenade-та artsportedu мердігерлері ауқымды фестиваль өткізді. Мереке қонақтарын аниматорлар қарсы алды. Ал сахнада 2000-нан астам бала өнер көрсетті. Мұнда балалар суреттерінің үлкен көрмесі өтті. Концерт көрермендеріне балмұздақ таратылып, аквагрим жасалды. Мереке таңертеңнен кешке дейін тойланды. Сонымен қатар «Дәулет» теннис орталығы ұйымдастырған Ашық есік күніне 250 бала қатысты.
– Іс-шараның басты мақсаты – балаларға спортты көңілді ойын түрінде таныстыру. Бұл балаларды саламатты өмір салтына тартуға мүмкіндік беріп, спорттың қаншалықты көңілді және пайдалы екенін көрсетеді, – деді теннис орталығының жетекшісі Дина Темірғалиева.
Осыған ұқсас спорттық іс-шаралар бір уақытта үш жерде – «Дәулет» теннис орталығында, Ботаникалық саябақтың теннис кортында, Көктал саябағының теннис кортында өтті. Іс-шараға 6 жастан 10 жасқа дейінгі 250 бала қатысып, бағдарлама барысында тапсырмалар, эстафеталық ойындар, билер ұйымдастырылып, пайдалы тағамдар ұсынылды. Сонымен қатар Көктал саябағында теннистен шеберлік сағаттары мен көңілді старттар өтті. Саябақтың кішкене қонақтарына «Дәулет» теннис орталығының кәсіби жаттықтырушылары үлкен теннис ойыны бойынша шеберлік сағатын өткізді. Балаларға ракеткамен қалай дәл ұру, тепе-теңдікті сақтау, жылдамдық пен координацияны дамыту туралы айтылды. Бұдан бөлек балалар арасында көңілді старттар өтті. Спартакиада жеңімпаздары марапатталды.
Ал айтулы мереке қарсаңында Алматы ауданы Интернациональный тұрғын алабындағы Мереке көшесі, 40-үйдің жаңа ауласы мен сол маңдағы скверді абаттандыру жұмыстары аяқталды. Биыл жазда ауданда 80 жаңа аула алаңы салынады, абаттандыру, жарықтандыру және көгалдандыру жұмыстары кешенді түрде жүргізілуде. Бірінші кезекте қаланың ескі бөлігіндегі шағын аудандарда жаңа аула алаңдарын орнату қажет болды. Бүгінгі күні Тәуелсіздік, Қажымұқан, Жұмабаев, Майлин көшелеріндегі жұмыстар аяқталды. Жалпы көшелерге 250 тренажер, 30 workout аймағы орнатылады, 20 спорт алаңы жөнделіп, 15-і жаңадан салынады. Аталған ауданның Студенттер саябағында балаларды қорғау күніне арналған мерекелік бағдарлама ұсынылды. Ұйымдастырушылар арба шеруін, велосипедшілер байқауын және 6 айдан 39 айға дейінгі балалар арасында еңбектеуден жарыс өткізді. Дәл сол күні Әл-Фараби атындағы оқушылар сарайы алаңында шығармашылық ұжымдардың қатысуымен мерекелік концерт, сондай-ақ Samga чемпиондар лигасы жас спортшыларының көрсетілімдері ұйымдастырылды. Алаңда балалар суреттері мен қолданбалы шығармашылық көрмесі, «Жаздың айшықты бояулары» атты асфальтта сурет салу конкурсы өткізілді.
– Мен Балалар күнін ерекше күтемін. Себебі ол күні біз ата-анамызбен серуендеп, түрлі ойындар ойнап, көңіл көтереміз. Қыдырамыз. Биылғы мереке де шаттық пен қызыққа толы болды. Жаңа достармен таныстым, сурет салдым, өзіме қатты ұнады. Бізге осындай көңіл күй сыйлаған ұйымдастырушыларға алғыс айтамын, – деді қаламыздың кішкентай тұрғыны Аяла Нұрлыбек.
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Мамандандырылған балалар үйі» мемлекеттік коммуналдық мекемесінде мерекеге арналған «Ғарыш әлеміне саяхат» атты салтанатты іс-шара өтті. Бүлдіршіндерді мерекемен құттықтап, түрлі сыйлықтарымен қуаныш сыйлау мақсатында Нұр-Сұлтан қаласы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов, Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасы қамқоршылық және қорғаншылық органы өкілдері, «Мереке» қайырымдылық қорының өкілдері, меценаттар мен демеушілер, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің аппараты Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясының бас инспекторы-хатшысы Қарлығаш Сабитқызы мен әйелдер істері жөніндегі комиссия мүшелері келіп, салтанатты мерекелік іс-шараның қадірлі қонағы болды. Бүлдіршіндер мен қонақтар – Ғарышкер, Қарақшы, Кемпірқосақ, Күн және Бұлттармен бірге «Ғарыш әлеміне» саяхат жасады. Ғажайыпқа толы ғарыш әлемінде балаларымыз өз өнерлерін ортаға салып, «Жұлдыздар», «Күн сәулелері», «Ақ бұлттар», «Күн жүйесіндегі ғаламшарлар», «Ғарышкерлер» биі мен «Зымыран» флешмобын билеп, «Жұлдыздарды жина», «Күн мен Жаңбыр» атты қызықты ойындарды ойнап қуанышқа кенелді. Сонымен қатар балаларды қуанту мақсатында аталған мекемеге Қазақстанды әлемге танытқан олимпиада чемпиондары, халықаралық спорт шеберлері келді. Олардың қатарында, бокстан Әлем чемпионы Мерей Ақшалов пен Азия чемпионы Василий Левит, белгілі зілтемірші, Олимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы, әлемнің төрт дүркін чемпионы Илья Ильин атбасын бұрды.
– Еліміздің мақтаныштары Мерей Ақшалов, Василий Левит, Илья Ильин орталығымыздың қадірлі қонағы болып, мерекелік іс-шарада бүлдіршіндерімізге арнайы әкелген сыйлықтарын табыстады. Мерекелік іс-шара өте қызықты өтті. Қылықты балапандарға түрлі тәттілер мен әдемі ойыншықтар үлестіріліп, мерекелік бағдарлама есте қаларлық естелік суреттерге түсумен ұласты, – деді Балалар үйінің директоры Сауле Кенжетайқызы.
Елордадағы Байқоңыр ауданы әкімдігі Балалар жылы аясында астаналық мектептер арасында «Менің қолымнан келеді» байқауын өткізді. Екі айға созылған байқау өз мәресіне жетіп, Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында байқау жеңімпаздары марапатталды. Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды Фариза Оңғарсынова атындағы №77 мектеп-гимназиясының 4 «з» сынып оқушысы Арсен Қазақбаев жеңіп алса, екінші орынды Абай атындағы №87 мектептің 6-сынып оқушысы Мирас Әбубәкір иеленді. Жүлделі үшінші орынмен №27 мектеп-лицейінің 2«ә» сынып оқушысы Даяна Бекенова марапатталды. Үздіктерге «Байқоңыр» ауданы әкімдігі атынан бағалы сыйлықтар мен дипломдар берілді. Бұдан бөлек, байқауға қатысқан басқа қатысушылар да назардан тыс қалмады. Өздерінің ерекше жұмыстарын ұсынып, байқауда бақ сынаған барлық қатысушыға Байқоңыр ауданы әкімдігі атынан «Мектепке жол – 2022» акциясына қатысу сертификаттары табысталды.
Қаладағы «Қаламгерлер» аллеясында өткен мерекелік іс-шара кішкентай тұрғындарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Ән айтылып, би билеп, бүлдіршіндер шаттыққа кенелді.
– Әрбір ата-ана балаларының бақытты болғанын, үнемі күліп жүргенін қалайды. Олардың шаттыққа толы жүзін көру – бізді де қуанышқа кенелтеді. Бүгінгі мерекеде сәбилеріміз мәз болып, шаттанып, ерекше сезімге бөленді. Оларды көріп біздің де қуанғанымыз рас. Жыл сайын Халықаралық балаларды қорғау күні кеңінен аталып өтілуде. Балапандарымыздың асыға күтетін мейрамы биыл да жоғары деңгейде өтті. Қаламыздың әр жерінде мерекелік, думанды көңіл күйді сезіндік, – деді ата-аналар.
Балаларды қорғау күні Байқоңыр ауданының орталық алаңдарынан бастап тұрғын алаптарға дейін кеңінен аталып өтіп, балақайлар үшін мерекелік концерттер мен аула мерекелері өткізілді. Сонымен қатар «Казгородок» тұрғын алабында балалар арасында футболдан турнир өтті. Турнирде үздік ойын көрсеткен ойыншылар мен командалар марапатталып, арнайы сыйлықтар мен дипломдар табыс етілді. Бұдан бөлек, «Көңілді мәре» ойындары ұйымдастырылып, аниматорлардың қызықты сайыстары мерекені жандандыра түсті.