• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Қазақстан 03 Маусым, 2022

Төрткүл дүниеге танымал Көк Ту

475 рет
көрсетілді

Бүгінде көк байрағымыз шартараптың түкпір-түкпіріне орнатылып, бейбіт сүйгіш елдің болмысын айшықтап келеді. Әлем халқы «тоғызыншы территорияны» көк аспандағы шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыраны арқылы таниды. Осы орайда, Алты Алаштың байрағы алғаш рет қай елдерде көтерілді, қазір қанша мемлекетте көк туымыз желбіреп тұр деген сауалға жауап іздеп көрген едік.

Тәуелсіз Қазақстанның Мем­ле­кеттік туы ресми түрде 1992 жылы 4 маусымда қабыл­данды. Дәл осы күні Жоғарғы Кеңес депу­таттары 6 сағатқа созылған оты­рыс барысында егемен елі­міз­дің Мемлекеттік рәміздерін қа­был­дады. Белгілі суретші Шәкен Нияз­бековтің жасап шыққан Туы бекітілді. Екі күннен кейін Абай атындағы опера және балет теа­трында Мемлекеттік рәміздер жұртшылыққа таныстырылды. Ең алғаш көк байрақ Президент резиденциясы мен Жоғарғы Кеңес ғимаратының төбесінде көтерілді.

Осы тұста сәл шегініс жасап, тағы бір оқиғаға тоқталғымыз келіп отыр. Мемлекеттік ту ресми түрде 1992 жылғы 4 маусымда бекітілгенімен, Тәуелсіз Қазақстанның жалауы тұңғыш рет шетелде 1992 жылғы 2 наурызда көтерілді.

1992 жылдың 2 наурызында БҰҰ Бас Ассамблеясының пленар­лық мәжілісінде Қазақ­стан Бірік­кен Ұлттар Ұйымы­на қабылда­нып, әлемдік қоғам­дастық­тың толыққанды мүшесіне айналды. Содан кейін БҰҰ штаб-пәтерінде өткен салтанатты рәсімде БҰҰ Бас хат­шысының «Қазақстан Респуб­ликасының Мемлекеттік туы көтерілсін», деген сөзінен кейін байрағымыз көкте желбіреді.

«Тәуелсіздігімізді жария­лаған­­нан кейін екі күн өткен соң, 1991 жылғы 18 желтоқ­санда Президент Нұрсұлтан Назар­баевтың тапсырмасымен Нью-Йоркке ұшып кеттім. Мақсат – Қазақстан Республикасының өкілі ретінде еліміз бен БҰҰ арасында байланыс орнату болатын.

1992 жылғы 2 наурызда БҰҰ Бас Ассамблеясының 46-сессиясы­­нан кейін Қазақстан бірауыздан БҰҰ құрамына қа­был­данды. Қазақ­стан халқы атынан отырыста сөз сөй­леу ба­қы­ты бұйырды. Осы оқиға­дан ке­йін Президент Жарлығы­мен Қазақ­станның БҰҰ-дағы тұрақ­ты өкілі қызметіне кірістім», деп еске алады осы сәтті Қазақстанның БҰҰ-дағы тұңғыш тұрақты өкілі Ақмарал Арыстанбекова.

Еліміз жаһандық ұйымға қабылданғаннан бері көк Туы­мыз әлі күнге дейін Нью-Йорк­те желбіреп тұр. Көп ұзамай-ақ алдымен Америка Құрама Штат­тарында, содан кейін Түркияда, Мажарстанда елшіліктер ашылды. Ресейдегі өкілдік елшілікке айналдырылды. Жалпы, 1992-1993 жылдары еліміздің БҰҰ, Ресей, Қытай, АҚШ, Түркия, Франция, Бельгия, Венгрия, Иран, Үндістан, Мысыр, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан мен Украинадағы елшіліктері мен өкілдіктері жұмысқа кірісті.

Биыл Қазақстан Республи­касы дипломатиялық қызметі­нің 30 жылдығы. Осы уақыт ара­лығында 180-нен аса мемлекетпен дипломатиялық қатынас орнатылған, шетелдерде көптеген елшілік ашылды. Қазақ­станда 95 шетелдік өкілдік жұмыс­қа кірісті. Дипломатияның гео­графиясы ұлғайды. Бұрын Қазақ­станның қатынастары, негізі­нен Еуропаға, Азияға және Сол­түстік Америкаға бағыт­талған еді. Кейінгі кезде Латын Америкасы мен Африкаға басымдық беріле бастады. Орта және Таяу Шығыспен байланыс тереңдеп келеді. Бүгінде еліміздің шартараптың түкпір-түкпіріндегі елшіліктері мен өкілдіктері саны 93-ке жетті.

«Тоғызыншы территория­ның» Мемлекеттік туы тұңғыш рет халықаралық қоғамдастық назарына ұсынылған сәті – 1992 жылғы Барселонада өткен Олимпия ойындары десек қате­леспейміз. Оған Қазақстан ТМД Олимпиада құрамының атынан қатысқанымен, дүбірлі дода­ның ашылу салтанатында балуан Дәулет Тұрлыханов Көк Туымызды көтеріп шықты. Осы бай­рақты бәсекеде қазақтың абы­ройын асқақтатқан Дәулет балуан­ның қола медаль иелен­генін де айта кеткен жөн болар.

Екі жылдан кейін Лилле­хам­мерде өткен қысқы Олимпиадаға Қазақстан дербес мемлекет ретін­де қатысып, спортшыларымыз көк байрақтың астында өнер көрсетті. Шаңғышы Владимир Смирнов Олимпия ойындарында үш жүлде жеңіп алды. Соның бірі – алтын медаль. Осылайша, Әнұранымыз тұң­ғыш рет шырқалып, Мем­ле­кет­тік туымыз көкке көтеріл­ді. Лил­­ле­хаммердегі Олимпиа­да қазақ спортшыларының жеңісті жылнамасының іргетасын қа­лап берді. Содан бері саңлақ­тары­мыз 15 мәрте Әнұранымыз­ды шыр­қатты. 25 күміс, 39 қола жүлде жеңіп алып, осын­шама мәрте көк Туымыз көкте желбіреді.