ХХ ғасыр басындағы «Серкенің» жастарға деген сарқылмас сенімі адамзат баласының аңсаған намыс жолы азаттық жолы екенін көрсетті. Замана көшінде «Оян, қазақ!» ойландырып, «Маса» тәуелсіздікке үндеп, «Менің Қазақстаным!» өршіл рухты шынықтырды. Ұлттық намыс – ұлттың ұлықтығы үшін өтелетін әрбір қоғам мүшесінің қарызы мен парызы.
Қазақстан тәуелсіздігін әлем жұртшылығына жариялағаннан кейін оның қалыптасуы мен дамуы бас аяғы отыз жылдың ішінде тарам-тарам жолдардан, алынбайтындай көрінген асулардан өтті. Бұл мемлекеттіліктің тағы да бір жаңғырған қадамы еді.
Әлемдік геральдика тәжірибесіндегі халық үшін ең қастерлісі – Мемлекеттік геральдика. Тәуелсіздік тарихының жарқын беттерінің бірі, Қазақстанның елтаңбасын, туын ережелерге сай құрастыру, сипаттау, Гимнін бекіту және халыққа ұсыну салтанаты болатын.
Тәуелсіз Қазақстанның тарихында еліміздің мемлекеттік Гимні екі рет – 1992 және 2006 жылдары бекітілді. Мемлекеттік Гимнге Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазылған Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әні таңдалды. Қазақстан Парламенті 2006 жылы 6 қаңтарда палаталардың бірлескен отырысында «Мемлекеттік рәміздер туралы» Жарлыққа тиісті түзету енгізіп, еліміздің жаңа мемлекеттік Гимнін бекітті. Тарихи кезеңде Гимннің мәтініне Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев түзетулер ұсынып, бекітілген болатын.
Расында, тәуелсіздік бізге мол мүмкіндіктерді ашқаны талас тудырмайтыны ақиқат. Бүгінде 4 маусым мемлекеттік рәміздерімізді ұлықтайтын күн ретінде бекіді. Егемендіктің іргетасының беріктігінің белгісі – тәуелсіз Қазақстанның Мемлекеттік рәміздері дүниеге келді. Мемлекеттік ту, Мемлекеттік Елтаңба, Мемлекеттік Гимн елдіктің бойтұмарына айналды.
Белгілі суретші Шәкен Ниязбеков ұсынған көк ту байқауда жеңіп шығып, бүгінгі күні көкте желбіреп, мақтанышымызға айналды. Отбасы мен шаңырақтың берекесін, халықтың дарқан көңілі мен бейбітсүйгіштік рухын, ерік-жігерін асқақтатқан, танымал сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлихановтың ұсынған Қазақстанның басты символы – Мемлекеттік елтаңба елдігіміздің көрінісі.
Заманауи жағдайдағы экономика қоғам белсенділігін көтеру және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға негізделгені әу бастан аян. Өсіп-жетілген жастардың жаңа буынына артылар үміттің мол екендігі де рас. Интеллектуалды ұлт болмысын қалыптастыру мақсатында бүкіл ресурстарды жұмылдыру көзделіп жатқаны да баршаға мәлім. Қазіргі жаһандық өзгерістер дәуірінде халықаралық қатынастардың бейберекет жүйесі аясында өзара қарым-қатынастарға деген сенімнің тоқырауға ұшырауы өте өкінішті. Әлемдік құлдырау мен дағдарыс жағдайында Қазақстан – халықтың аманатына қиянат жасауға болмайтындығын мемлекеттік деңгейде ашық мәлімдеген бірегей мемлекет екенін қай кезде де мақтанышпен айта аламыз. Қазақстандық кемелдену – тұрғындар әл-ауқатын арттыру, әлеуметтік Стратегияның іске асуы. Жаңа әлемдегі Жаңа Қазақстанның басты бағыты – жасампаздықпен асыл мұраттарға жету. Сол жолда көк туымыз биіктерде желбірей берсін! Рәміздер күні құтты болсын!
Құндызай ЕРІМБЕТОВА,
Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері,
тарих ғылымдарының кандидаты