Дөңгеленген дүние бір орнында тұрмақ емес. Диірменнің тасы секілді тоқтаусыз айнала бермек. Осынау дүр-дүниеде әркімнің несібесі әртүрлі. Бірақ төрт құбыласы тең адам сирек шығар. Біреуге бала бергенмен, оған сана бермейді. Енді біреуге дүниені төккенімен, артына ұрпақ қалдыртпай армандатып қояды. Ал біз ерекше қадір тұтатын Сатыбалды Әбдіғаппарұлының басындағы бағы бес елі десек те болады. Шүкір, үлгілі ата, өнегелі әке, кішіге үлгі болар аға, ағаның тынысы бола білген іні.
Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталып, бүкіл елде халық шаруашылығын қалпына келтіру ісі жүріп жатқан шақта Әбдіғаппар қарияның үйінде қуаныш оты лап етті. Дүниеге ұл келіп, елге сыйлы ақсақалды ауыл болып құттықтап жатты. Балаға қарияның көңілінде көптен жүрген ныспы – Сатыбалды есімі беріледі. Ол уақыт әрі тартсаң бері, бері тартсаң әрі жетпейтін қиын кезең болатын. Сонда да Әбдіғаппар қария бала-шағасын тарықтырмауға тырысты. Сапалы білім берді. Атақты ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі», деген екен. Әке тәрбиесін мықтап сіңірген Сатыбалды құрылысшыларды даярлайтын оқу орнына түседі. «Инженер-құрылысшы, жолдар мен көпірлерді салу және пайдалануға беру жөніндегі инженер» мамандығын алып шыққан жас маман көп ойланбастан еңбек майданына сүңгіп кетеді. Бірнеше жол құрылысының басы-қасынан табылады. Дін жолымен қарасаңыз да жол жөндеген жанға тиер сауап мол емес пе? Қиқы-жиқы жолдан мезі болған ел даңғыраған тас жолға түскенде Сатыбалдыға разы болып, «Жолың болғыр!» деп талай айтты. Ел тілегі жерде қалмады. Кейіннен энергетика саласына қарай ойысады. Бұған дейін «Жолың болсын!» деген алғысқа бөленген атпал азамат енді ел-жұрттың «Көзің ашылғыр!» деген ақжарма тілегін алды.
Біліктіні қай заманда да қадірлеген. Мамандығына адал арда азаматтың омырауына «Құрмет» ордені тағылды. Бұған қоса оның «Құрметті энергетик» атағын иемденгені, омырауында жарқыраған «Еңбек ардагері» медалі еселі еңбегінің жемісі емес пе?! Энергетика саласын дамытуға орасан зор үлес қосқаны үшін Қазақстан Электрэнергетика қауымдастығының «Еңбек сіңірген энергетик» құрметті атағымен, Қазақстан Энергетика министрлігінің «Электр энергетикасы саласына қосқан үлесі үшін» медалімен, «Құрметті энергетик» төсбелгісімен, Энергетика министрлігінің арнайы медалімен марапатталды. Энергетика министрлігінің, Қазақстан Электрэнергетика қауымдастығының және «Самұрық-Энерго» АҚ «Құрмет» грамоталарымен марапатталды. Ал «Құрметті құрылысшы» төсбелгісінің Сатыбалды Әбдіғаппарұлы үшін орны бөлек. Марапаттары туралы сөз қозғағанда «Самұрық-Энерго» АҚ-ның 10 жылдығына арналған мерекелік медалін де айтпай кетуге болмас. Көпке көмегін аямайтын жанашыр азаматқа «Жамбыл облысы Талас ауданының құрметті азаматы» атағы да берілді. Мұның бәрі – оның еңбегінің әділ бағасы.
Сатыбалды Әбдіғаппарұлы Мойнақ ГЭС-і, Шардара ГЭС-і, Балқаш ГЭС-і, «Ерменсай» ҚС, «Алатау» ҚС, «Бесағаш» ҚС, «Алтай» ҚС, «Жас қанат» ҚС және басқа да бірқатар энергетикалық сектор объектілерінің құрылысын басқарды. Ал Екібастұз ГРЭС-2 көмір беру конвейерлік желісінің құлау себептерін анықтауға және оны қысқа мерзімде қалпына келтіруге сіңірген еңбегі – өз алдына бір төбе.
Сатыбалды Әбдіғаппарұлының негізгі мамандығы – инженер-құрылысшы. Сонымен бірге заңгер, экономист. Ол бір емес, бірнеше мамандықты қатар меңгерген сегіз қырлы, бір сырлы азамат десек, артық айтқандық емес. «Жігітке жеті өнер де аз» деген нақылды біздің Сәкең дәлелдей түскендей.
Халқымыздың батыр ұлы Бауыржан Момышұлы адам қартайғанда үш түрлі болады деген екен. Соның ішінде біздің Сәкеңе аузында дуасы бар, еліне мәуелі, сыйлы қария атану бақыты бұйырды. Өмірлік серігі екеуі өсірген өнегелі ұрпақтары бүгінде еліміздің дамуы жолында әр салада жемісті еңбек етіп жүр. Сатыбалды Әбдіғаппарұлы сол ұл-қыздарынан тараған немере-шөберелеріне өзінің өнегелі өмірінен салиқалы сыр шертіп, жақсы тәрбие беріп отырған асқар тау ата атанды. Мәуелі бәйтерек секілді жайқалып өсіп-өнген үлкен әулетке айналды.
«Алатау Жарық» компаниясының ұжымы