Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиниятқызы екікүндік жұмыс сапарымен Батыс Қазақстан облысына келді. Өңірдің денсаулық сақтау мәселелері жөнінде өткен кеңеске облыс әкімі Ғали Есқалиев, вице-министр Айжан Есмағамбетова, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» басқарма төрағасы Айдын Ашуев және басқа лауазымды тұлғалар қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Министрдің сапары Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 7 сәуірдегі «Орталық атқарушы органдар басшыларының халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығын іске асыру шеңберінде ұйымдастырылған екен. Шынымен де өңірде денсаулық саласына қатысты шешімін күткен мәселелер аз емес. Бұл жөнінде осы басқосу барысында және халықпен кездесу кезінде байқалып тұрды.
Жиын басында Батыс Қазақстан облысы әкімінің денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Ләйлә Бекжанова сөз алып, облыста медициналық қызметті жаңғырту, сапасы мен қолжетімділігін арттыру бойынша 2022-2024 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарымен таныстырды.
Өңірде қалыптасқан түйіткілді мәселелер дегенде, дерті асқынып кеткен (III-IV сатыдағы) онкологиялық науқас саны көбейгені алдымен ауызға алынады. Туа бітті даму тежелісі бар сәбилер саны артып отыр. Алыс-жақын шетелге ем іздеп кететін науқас саны да аз емес. Республикалық медициналық орталықтарға квота ұзақ күтіледі. «Алтын уақыт» ішінде медициналық жәрдем көрсетіп үлгеру жеткіліксіз. Қажетті құрал жеткіліксіз немесе жоқ болғандықтан, мамандар кәсіби біліктілігін толық көрсете алмайды. Осы себептен халық кепілді тегін медициналық жәрдем және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қызметін толық көлемде ала алмайды. Денсаулық сақтау саласын жергілікті және республикалық бюджеттен қаржыландыру жеткіліксіз. Өңірде медициналық құрал-жабдық паркінің 80 пайызы тозған. Қан айналу жүйесі аурулары, Миокард инфарктінің көбеюі, онкология, жарақат алу т.б. көрсеткіштер асқынып тұр.
Ләйлә Бекжанова 2021 жылдың соңында өңірде тәуелсіз мамандар, дәрігерлер және облыстық денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінен құралған жұмыс тобы құрылғанын, сөйтіп өңірдегі медицина саласын сауықтыру жөнінде жол картасы жасалғанын айтып өтті.
Жергілікті атқарушы органдар жоғарыдағы олқылықтарды жою, осы саладағы негізгі басымдықтарды дамыту үшін кешенді жоспар құрған. Бұл жоспарға облыс орталығындағы 12 медициналық нысан, аудандардағы 15 мекеме кірген. Соның ішінде шарананың даму кемістіктерінің ерте диагностикасын жетілдіру, босандыру қызметін дамыту, балалар нейрохирургиясы үшін жағдай жасау қажеттігіне назар аударылған. Жүрекке ашық және жабық операциялар кезінде инновациялық технологияны енгізу жолымен кардиологиялық және кардиохирургиялық көмекті дамыту мәселесіне де өңірде басымдық берілген. Сондай-ақ аудандық деңгейде жарақат бөлімінің жұмысын күшейту көзделеді. Әсіресе күре жол бойынша тұрған, көлік тасқыны жоғары елді мекендерде бұл мәселе өзекті. Жалпы облыста жаңа жоғары технологиялық медициналық қызметтерді енгізуге баса назар аударылады.
Жоғарыда өңірдегі медициналық құрал-жабдықтардың 80 пайызы тозғанын айтқан едік. Мысалы, Орал қаласындағы облыстық перинаталдық орталыққа бүгінде стационарлық УЗИ аппараты, жылжымалы рентген, жасанды тыныс алдыру жүйесі бар көліктік инкубатор, Retcam педиатриалық камерасы, электрлі ота үстелі, босануға арналған трансформер-кереует, жаңа туған сәбиге арналған ашық реанимация жүйесі, видео кольпоскоп аппараты, т.б. құралдар ауадай қажет. Мұндай озық құралдармен жұмыс істей алатын мамандар да жоқ емес. Түрлі шетелден, озық клиникалардан тәжірибеден өтіп келген мамандар бұл дағдыны күнделікті қолданбаған соң кәсіби біліктілігін қайта жоғалтып алуы мүмкін.
Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният аталған облыстық перинаталды орталықты өз көзімен көріп, аралап шыққаннан кейін «Өңірде дұрыс жабдықталған, халықаралық талаптарға сай келетін перинаталдық орталықтың керектігі талас туғызбайды. Қазіргі орталықтың жұмыс деңгейі төмен екені көрініп тұр», деп мәлімдеді. Жақында ғана өңірде екі ана босанар сәтінде қайтыс болған еді. Осыған байланысты арнайы комиссия құрылып, оқыс оқиғаның себебін тексеруде. «Әр түрлі талдамалар алынады, зерттеу қорытындылары шығуы керек. Мұның бәріне уақыт қажет. Комиссия қорытындысы шыққан кезде хабарлаймыз», деді министр.
Сараптамаға қарасақ, облыс бойынша 2021 жылы ана өлімі көрсеткіші 3,2 есе артып, 100 мың тірі туған балаға шаққанда 63,2 болған екен. Биылғы 5 айдың көрсеткіші 100 балаға 41,0 болыпты.
Қазақта «ауруын жасырған өледі» деген сөз бар ғой. Жоғарыдағы Ләйлә Бекжанованың баяндамасында өңірдегі медицина саласының қай тұстан ақсап тұрғаны, қай мекемеге қандай құрал-жабдық жетіспейтіні ашық айтылды. Облыс басшысының пікірінше, жол картасы бойынша қабылданған нақты шаралардан кейін өңірде медициналық көмек барынша қолжетімді болып, ауру мен өлім көрсеткіші төмендеуі тиіс. Тұрғындар талабы қанағаттандырылып, облыста жоғары технологиялық медициналық қызмет түрлері енгізіледі.
Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният «ең алдымен денсаулық сақтаудың бастапқы деңгейінде тұрған мәселелерді шешу қажет» деді.
- Ең алдымен Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету қызметінің тиімділігін арттыру қажет. Мәселенің түйіні сол жерден басталады. Ауруды анықтау қандай деңгейде, пациенттердің дертін неге осыншалық асқындырғанын, олардың медициналық көмек алу үшін неліктен басқа елге баруға мәжбүр екенін талдау қажет, - деп атап өтті Ажар Ғиният өз сөзінде.
«Біз стационарларды дамытып, жоғары технологиялық көмек ресурстарын шексіз ұсына аламыз. Бірақ науқас әуел баста дұрыс тексерілмесе, өз ауруын кеш білсе, созылмалы дәрежеге жеткізсе, амбулаториялық деңгейде білікті көмек алмаса, онда біз жағдайды ешқашан түбегейлі өзгерте алмаймыз», деді Денсаулық сақтау министрі. Сондықтан денсаулық сақтау жүйесінің ауылдық буынын күшейту, аудандық ауруханалардың штатын ұлғайту, чек орталықтарын ашу, өңірлендіру деңгейін көтеру, сол арқылы медицинаны адамға қай жерде өмір сүрсе де жақындату қажет.
- Осыдан біраз бұрын аса беделді халықаралық ұйымнан келген өкілге елдегі жағдайды – мемлекет халық денсаулығын сақтау үшін зор көңіл бөліп отырғанын, түрлі ауруды алдын ала анықтау үшін скрининг жүйесін енгізіп, миллиардтаған қаражат бөлгенін, алайда тұрғындар оны пайдаланбайтынын, ауруын асқындырып алатынын айтып, мұңымды шақтым. Сонда ол кісі ойланып тұрып: «Ендеше сіздің елде медицина саласында үлкен мәселе бар екен. Медицина орындарына халықтың сенімі жоғалған екен. Бұл алаңдататын жағдай! Түйткілдің төркінін осы жерден іздеңіз», деп жауап берді. Бұл маған үлкен ой салды. Содан бері осы сөзді әріптестеріме, дәрігер қауымына жиі айтамын, - деді Ажар Ғиниятқызы.
Бүгінде Батыс Қазақстан облысының медицина саласын кешенді дамыту үшін алдағы үш жылға арнайы жоспар жасалған. Біріншіден, денсаулық сақтау нысандарының материалдық-техникалық базасын нығайтылмақ. «Ауыл-Ел бесігі» жобасы аясында 2025 жылға дейін республикалық бюджет есебінен – 42, жергілікті бюджет қаржысына – 4 амбулаторлық-емханалық нысан салынбақ. Соның ішінде Қазталов ауданының Қараөзен ауылында, Сырым ауданының Өлеңті, Шағырлыой ауылдарында, Бөкей ордасының Бөрлі ауылында, Жаңақала ауданының Қызылоба ауылында, Жәнібек ауданының Жақсыбай, Борсы, Қамысты ауылдарында, Теректі ауданының Барбастау елді мекенінде 2023 жылы жаңадан фельдшерлік-акушерлік пункт салынып, пайдалануға берілмек. Теректі ауданы орталығында бір аусымда 200 науқас қабылдай алатын аурухана құрылысы аяқталмақ.
Айта кетейік, Батыс Қазақстан облысында ауылдық денсаулық сақтау ұйымдарының жалпы саны – 372. Соның ішінде 357 нысан – алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету орны болса, 15-і – аурухана.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша алғашқы медициналық көмекті ұйымдастыру тәсілдерін түбегейлі қайта қарау үшін оны барынша мобилді және халықтың қалың тобына, оның ішінде ауылдық жерлерде тұратындарға қолжетімділігін жақсарту жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді», деді министр.
Өңірдегі тағы бір өзекті мәселе, білікті кадр тапшылығы. Мысалы, күні бүгін облыста 271 дәрігер жетіспейді.
- 2021 жылы елімізде медициналық жоғары оқу орындарын 2171 түлек бітіреді, оның 69-ы – Батыс Қазақстан облысына бөлінді, - деді Ажар Ғиниятқызы. Биыл өңірде медицина кадрларын даярлау үшін облыстық көпбейінді аурухана базасында Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университетінің клиникалық базасы ашылған. Ауылға жұмысқа келген жас мамандарға әлеуметтік қолдау шаралары бүкіл еліміз бойынша жүргізіледі. 2021 жылы Қазақстанда 225 маман көтерме жәрдемақы алса, 183-і тұрғын үйлі болған. 92 маман басқа да әлеуметтік қолдау алған. Батыс Қазақстан облысында 8 маман көтерме жәрдемақы алса, 7 маманға жалға берілетін тұрғын үй төлемі берілген екен. 2023 жылға қарай дәрігерлердің орташа жалақысы – 561 мың теңге, орта буын медицина қызметкерлерінің орташа жалақысы – 250 мың теңге болмақ.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2021 жылы қабылданған «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы еліміздегі әр азаматты сапалы және қолжетімді медициналық қызметпен қамтуы тиіс.
Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Орал қаласында жергілікті халық алдында есептік кездесу өткізіп, тұрғындарды жеке қабылдады. Тілшілердің сауалдарына жауап берді. Сапардың екінші күні облыс орталығынан ең шалғай жатқан Бөкей ордасы ауданына барып, аудан тұрғындарымен, денсаулық сақтау мекемелері қызметкерлерімен жүздеседі. Жаңақала ауданының Жаңақазан ауылындағы дәрігерлік амбулаториясында «HES-7» көпфункционалды диагностика жүйесінің тұсаукесеріне қатысады. Жаңақаладағы ауданаралық сауықтыру орталығында болып, аудан тұрғындарымен кездеспек.
Батыс Қазақстан облысы