Қостанайдағы №52 референдум учаскесінде дауыс беруге келген тұрғындарды сөйлейтін робот күтіп алды. Аталмыш учаске «Озат» деп аталатын дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-лицей-интернаттың ғимаратында орналасқан.
Сондықтан роботтехниканы жетік меңгерген шәкірттер оқитын білім ордасының ұстаздары саяси маңызы жоғары ерекше күнге ерекше сипат бергісі келген сыңайлы. Референдум учаскесіне келген ересектер де, ата-анасына ере келген балалар да роботпен бірге фотосуретке түсіп, шат-шадыман күйге бөленді.
– Тұрғындардың көбі бүкіл отбасымен бірге келеді. Әртүрлі жастағы келімді-кетімді адамдардың бәрі өздерін қарсы алған роботты көріп, көңілдері көтеріліп, қуанысып кетіп жатыр. Кейбір тұрғындар дауыс беру тәртібін сұрайды. Ондай адамдардың сауалына алдын ала енгізіліп қойған бағдарлама бойынша «темір қызметкеріміз» жауап береді, – дейді учаскелік референдум комиссиясының төрағасы Рамазан Райысов.
Аталмыш учаскеге тізім бойынша 2 051 тұрғын тіркеліпті. Сағат 18.00-ге таман екі мыңға жуық адам дауыс беріпті.
– Күні бойы жеке шаруама алданып жүріп қалдым. Әйтсе де, көкейімде дауыс беруге үлгермей қалып жүрмейін деген ой тұрды. Міне, өздеріңіз көріп тұрсыздар ғой, үлгеріп келдім. Әр азамат Ата Заңымызға енетін өзгерістер туралы өз ұстанымын білдіруі парыз. Өз басым бұл өзгеріс мемлекетіміздің құрылымын жетілдіреді деген үмітпен келдім. Бүгінгі қоғам елімізді жарқын болашаққа бастайтын өзгерістер болғанын қалайды және солай болады деп сенеді, – дейді дауыс беруге кешігіңкіреп келген Қостанай қаласының тұрғыны Мұса Мамедов.
Қостанай облысы