Сырт көз қашанда сыншы, осы ретте еліміздегі басты саяси процесті байқауға халықаралық ұйымдардың өкілдері мен шетелдік делегациялар арнайы келгенін айта кеткен орынды.
Ақпараттық ашықтыққа жақсы баға берді
Халықаралық байқаушылар конституциялық референдумның ақпараттық тұрғыда жан-жақты қамтамасыз етілуін оң бағалап, жергілікті және шетелдік БАҚ-тың Қазақстандағы басты саяси оқиғадан хабар таратуын демократиялық қоғам құрудағы жағымды үрдіске балады.
«Қазақстандағы референдумның барысын Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының мүшелігіне кіретін 4 мемлекеттің өкілдері бақылауға келді. Бірқатар кездесу өткіздік. Атап айтқанда Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі, Орталық референдум комиссиясы, сондай-ақ басқа да құзырлы органның өкілдерімен кездесіп, референдумға дайындық барысы, сол секілді халықтың бұған қатысты ой-пікіріне білуге мүмкіндік алдық.
Учаскелік пункттерде жұмыс істеген мамандардың тәжірибесі бар екені байқалып тұрды. Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы аталған науқанға жұмылдырылған қызметкерлердің жұмысын жоғары бағалап отыр. Барлығы өздеріне жүктелген міндетке асқан жауапкершілікпен қарайтынын көрдік. Дауыс беру учаскелерінде қауіпсіздік шаралары да жан-жақты ескеріліпті. Бұл дауыс беру процесінің қалыпты жағдайда өтуіне септескені сөзсіз. Қазақстанның Орталық референдум комиссиясы бұл іс-шараға жоғары дайындықпен келгенін оң бағалаймыз. Комиссия біздің тарапымыздан қойылған барлық сұраққа тұшымды жауап бере алды. Референдумды БАҚ өкілдері ақпараттық деңгейде сүйемелдегені құптарлық жағдай. БАҚ-тың бұл процеске қатысуы демократиялық үдерістің қаншалықты жолға қойылғанын айғақтайды. Сонымен қатар жергілікті құзырлы органдар халықаралық байқаушыларға жан-жақты жағдай қарастырған. Бұл өз кезегінде аталған ауқымды процесті тиімді бақылауға мүмкіндік берді», деді Ислам ынтымақтастығы ұйымы сайлау жөніндегі бөлімнің басшысы Махмұд Шәкір.
Елдің референдумнан күтері көп
«Халық бұл референдумнан кейін елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуал жақсарып, дамитынына үмітпен қарайды». Мұндай пікірді конституциялық референдумның өту барысын бақылауға келген ТМД Парламентаралық Ассамблеясының байқаушылары жеткізді.
«Әлбетте, референдум барысында сайлаушылардан көбі елдің тұрақты дамуын қалайтындарын айтты. Өйткені келер ұрпақ өз болашақтарын Қазақстанмен байланыстырса екен деген тілектерін білдірді. Сөзсіз, адамдардың қолайлы өмір сұру үшін бірінші кезекті әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсарту қажет. Парламентте, сондай-ақ Орталық референдум комиссиясында кездесулер өткізіліп, біздің делегация Конституциядағы өзгерістерді дайындаған мамандармен пікір алмасуға мүмкіндік алды. Бұдан түйгеніміз, мемлекет жылдың басында орын алған қасіретті оқиғаларды болдырмауға қам-қарекет жасап отыр. Ел билігінің халықтың өркендеуіне қажетті бастамаларды дер кезінде көтере білуі қуантарлық жағдай. Оның айғағы бүгінгі конституциялық референдум деп айтуға негіз бар», деді ТМД Парламентаралық Ассамблеясы, Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің Конституциялық заңнама және мемлекеттік құрылыс жөніндегі комитетінің мүшесі Олег Цепкин.
ТМД-дан 140 байқаушы келді
ТМД Байқаушылар миссиясы тарапынан еліміздегі референдумға 140 адам аккредиттелген. ТМД миссиясы өз жұмысын Қазақстанда 21 мамырда бастады.
«Мемлекеттік органдармен, оның ішінде Орталық референдум комиссиясы, Жоғарғы Сот, Конституциялық Кеңес, ІІМ, Бас Прокуратурада бірқатар кездесу өткіздік. Ол жерде референдумға дайындық барысы туралы айтылды. Пікірлестік. Сонымен қатар азаматтардың өтініш-шағымдарын қабылдауға байланысты мәселелерді де талқыладық», дейді ТМД Байқаушылар миссиясының басшысы Леонид Анфимов.
Спикердің сөзінше, ТМД Байқаушылар миссиясының өкілдері Алматыда және Ақмола облысында жұмыс істеді. «Нұр-Сұлтанда 7 учаскеге барып, дайындық және дауыс беру процесімен таныстым. Қазақстандағы референдумға орай техникалық тұрғыдан да, ұйымдастырушылық тұрғысынан да ТМД Байқаушылар миссиясы ешқандай көңіл толмаушылық білдірмейді», деді спикер.
Халықаралық миссияның маңызы зор
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Парламенттік Ассамблеясы (ҰҚШҰ ПА) өкілдері қазақстандықтардың референдумдағы белсенділігін жоғары бағалады.
«Конституциялық референдумды бақылауға келген ҰҚШҰ ПА өкілдері екі топқа бөлініп, негізгі бөлігі Нұр-Сұлтан қаласында жұмыс істеді. Сол сияқты Алматы қаласында да ұйым өкілі халықаралық миссиясын атқарғанын айта кетейік. Таңғы уақыттан бастап біздің топ «Астана Опера» театрында орналасқан референдум учаскесіне барып, өздеріне жүктелген міндетті атқаруға кірісті. Бірден байқалғаны, референдумның ұйымдастырылу деңгейі өте жоғары. Халықтың мемлекетшілдік ұстанымын көрдік. Яғни қазақстандықтардың саяси процеске қатысуы өте белсенді.
Күннің алғашқы бөлігінде егде жастағы азаматтардың көп келгенін байқалды. Десе де сағат 11:00-ден кейін жастардың қарасы біртіндеп көбейді. Референдум учаскелерін аралау барысында осы процестің жоғары деңгейде өтуіне тәжірибелі мамандар тартылғанына куә болдық. Біз 10-ға жуық референдум учаскесін аралап шықтық. Қандай да бір нормалар мен ережелердің бұзылғаны байқалған жоқ. Дауыс беру процесі барлық талапқа сәйкес өткізілді», деді халықаралық ұйымның атынан келген топтың үйлестірушісі Барот Баротзода.
Түркия делегациясы танысуды Түркістаннан бастады
«Біз алдымен Түркістан қаласындағы референдумға дайындық барысымен таныстық. Ұйымдастыру жұмыстарының жоғары деңгейде жасалғанына көз жеткіздік. 5 маусым күні таңертеңнен бастап бірнеше референдум учаскесіне бардық. Қатысу деңгейінің жоғары екенін аңғардық. Референдум жиі қолданылатын құрал емес, бірақ демократияға жол бастаудағы маңызы зор. Қазақстан соңғы 27 жылда алғаш рет референдум өткізіп отыр. Бұл саяси іс-шараның Қазақстанның халқына, еліне және демократиясына орасан пайдасы тиеді деп үміттенеміз», деді Түркия Жоғары сайлау кеңесінің төрағасы Мухарем Аккайя.
Қатысушыларда мерекелік көңіл күй басым
Халықаралық Түркі академиясының байқаушылары елімізде өтіп жатқан референдумды оң бағалады. Аталған ұйымның байқаушылары сағат таңғы 7:00-ден бастап 9 референдум учаскесін аралап үлгерді.
«Халықтың референдумға деген қызығушылығы айтарлықтай жоғары. Оған куә болдық. Референдум учаскелерінен экзит-пол топтарын да, бақылаушы делегация мүшелерін де байқадық. Орталық референдум комиссиясы және Қазақстанның басқа да құзырлы органдары барлық талаптың мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз етті. Айта кету керек, Халықаралық Түркі академиясы гуманитарлық ғылыми ынтымақтастық бойынша жұмыс істейді. Осы орайдаТүркі әлемінің ғылыми қауымдастығы Қазақстандағы референдумды бақылап отырғанын атап өткім келеді.
Дәл қазіргі геосаяси тұрақсыздық жағдайында Түркі мемлекеттерінің бірлігі өте маңызды және оны нығайтуымыз қажет. Өзіміздің байқау миссиямызды күні бойы жалғастырамыз. Біз болған учаскелерде белсенділік жоғары болды. Барлық референдум учаскесінде мерекелік көңіл күй сезілді. Көпшілігінен қонақжайлық байқалды. Қазақстан халқына ризашылығымызды білдіреміз», деді Халықаралық Түркі академиясының вице-президенті Физули Мажидли.
Саяси науқанға кәсіби мамандар тартылды
Өзбекстан Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Зайниддин Низамхожаев дауыс беру процесі кезінде әсіресе жастардың белсенділігін бөле-жара атап өтті. Зайниддин Махаматұлы қаладағы және ауылдағы учаскелерге де барғанын, ондағы ұйымдастырылу деңгейі көңіл қуантып, саяси бастамаға халықтың немқұрайды қарамайтынын байқағанын жеткізді.
«Біз барлық өзгеріс жөнінде хабардармыз. Таңертең біздің мамандар оннан астам учаскеге барды. Олардың алтауы – Нұр-Сұлтан қаласында, бесеуі – Ақмола облысында. Барлық учаскеде дауыс беру тыныш, жоғары деңгейде өтті. Учаске басшыларының айтуынша, сағат 10 шамасында дауыс берушілердің 10-12 пайызы белсенділік танытып, дауыс берген. Халық арасынан жастарды көп байқадық. Қазақстан жастары өз болашағына бейжай қарамайды екен. Бізді қуантқан тағы бір жағдай – референдум комиссияның мүшелері әрбір мәселені жоғары кәсіби деңгейде қарастырды. Халықтың Конституцияда жазылған құқығын өтеуі үшін барлық жағдай жасалған. Біз ауылдық жерлерде де үш учаскеде болдық. Елді мекендегі жағдай да, белсенділік те қалалық учаскелермен бірдей», дейді З.Низамхожаев.
Халықтың белсенділігі жоғары
Қырғызстан Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Әбдіжаппар Бекматов халықтың белсенділігі қуантты дейді.
«Референдумның негізгі мақсаты – елдің басты заңы Конституцияға өзгерістер енгізу. Бұл Қазақ елі, қазақстандықтар үшін ерекше маңызы бар іс-шара. Халықты ақпараттандыру өте жақсы деңгейде жүргізілген. Референдум учаскелерінің дайындығы көңілден шықты. Барлығы да жоғары деңгейде. Саяси науқанға қазақстандықтардың бейжай қарамағанын байқаймыз. Бәрі де ел ертеңі жарқын болуы үшін үлкен белсенділікпен дауыс берді», деді Ә.Бекматов.
Спикер сайлаушылар үшін де, байқаушылар үшін де жақсы жағдай жасалғанын атап өтті. Ол Қырғызстаннан барлығы 15 өкілдің келгенін, олардың Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында және Жамбыл облыстарында жұмыс істегенін жеткізді.
Палестина мемлекетінің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Монтасыр Әбузейд саяси іс-шараның ұйымдастырылу деңгейіне шын риза болғанын айтады.
«Қазақстанда жоғары мәртебелі елші ретінде 6 жыл бойы жұмыс істеп келе жатырмын. Мұндай саяси іс-шараға халықаралық байқаушы ретінде бірінші рет қатысып отырған жоқпын. Бұған дейін Президент және Парламент сайлауына да қатысқан едім. Сондықтан біліктілігім мен тәжірибем бар деп сеніммен айта аламын. Таңнан бастап көп учаскеге бардық. Адамдардың бәрі де өз еркімен қатысты. Ешқандай құқық бұзушылық байқаған жоқпыз. Комиссия әртүрлі ұйымнан құралыпты. Олар дауыс беру процесі бойынша еш кедергі болмағанын айтты. Тек ұсақ-түйек қиындық туындаған. Мәселен, Алматыда және Қарағандыда тіркелген адамдар ел астанасында дауыс бергісі келсе, комиссия талон алып келген жағдайда ғана сол учаскеде дауыс беруге болатынын түсіндірген», дейді елші.
Абай АЙМАҒАМБЕТ,
Жақсылық САҒАДАТ,
«Egemen Qazaqstan»