Жексенбі күні Қазақстан халқы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған конституциялық реформаға дауыс беріп жатыр. Бұл Президентке Орталық Азиядағы мемлекетті либералдандыруға жол ашады.
Мұнайға бай Қазақстандағы реформа Тоқаевқа екінші мәрте сайлауға түсуі үшін қажетті саяси ұпай жинауына көмектеседі. Ендігі дауыс беру экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың араласуынсыз өтпек.
Назарбаевтың отыз жылға жуық билік құрып, кенеттен президенттік лауазымын босатқан 2019 жылдан бері Мемлекет басшысы атанғанымен, Тоқаев биыл ғана дербес әрекет ете бастады. Қаңтардағы қырғыннан кейін Назарбаев пен оның туыстарын биліктегі маңызды лауазымдардан босатты.
Реформада шешім қабылдауды әртараптандыру және Парламентке әртүрлі саяси партиялардың кіруіне мүмкіндік беретін қадамдар қамтылған. Сондай-ақ Назарбаевқа өмір бойына артықшылықтар берген «Елбасы» мәртебесінен айыру көзделген.
Дегенмен Президент соттар мен облыс басшыларын тағайындау, Парламентті тарату құзыретін қолында ұстап қалады. Тоқаев Конституцияға енгізілген өзгерістерді «суперпрезиденттік модельден ықпалды парламенті бар президенттік республикаға өту», деп сипаттады. Кей сарапшылар реформаны сынағанымен, Қазақстанның бұл қадамы президенттің құзыретін шектеуге арналғанын көрсетеді.
«Біз Ата Заңымыздың отыздан астам бабына өзгеріс енгізгелі отырмыз. Оның бәрі азаматтарымыздың мүддесіне толық сай келеді. Осылайша мемлекетімізді түбегейлі жаңғыртамыз. Сол арқылы Екінші Республиканың негізін қалаймыз», деді референдумнан бір күн бұрын Тоқаев. Сонымен қатар ол өзінің бастамасын халықтың қолдайтынына сенім білдірді.
Орталық референдум комиссиясы түске дейін жалпы электораттың 44 пайызы дауыс бергенін хабарлады. Сарапшылардың пікірінше, референдум жанармай бағасының көтерілуіне қарсылық ретінде басталған наразылық іс-шараларына жауап ретінде ұйымдастырылып отыр.
Тоқаев сондай-ақ жоғары табысы бар адамдарға салықты арттыруға шақырып, әлеуметтік әділет жаңа қоғамның негізі болатынын айтты. Ішкі саясат мәселелерін шешу өте күрделі геосаяси ахуалмен айналысуға мүмкіндік бермек.