Жыл соңына дейін сұйытылған газдың бағасы қымбаттауы мүмкін. Бұл туралы Энергетика министрі Болат Ақшолақов Мәжілісте өткен Үкімет сағатынан кейін БАҚ өкілдеріне берген жауабында айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Өздеріңіз білесіздер, табиғи газдың бағасын бірлескен бұйрықпен бекітіп қойдық. Орташа деңгейде 8 пайыз өседі. Ал, сұйытылған газға келсек, жыл соңына дейін заңды түрде бекітуге мүмкіндік жоқ. Біз оны бақылауға алуды мақсат етіп отырмыз. Үкімет біздің министрлікке, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне, Ұлттық экономика министрлігіне осындай міндет жүктеп отыр», деді Б.Ақшолақов.
Министрдің айтуынша, бұл мәселеде газ өндіріп отырған зауыттардың да жағдайын ойлау қажет.
«Қазір сұйытылған газдың орташа бағасы бір тоннасына 28 мың теңге. Бұл, әрине, өзіндік құнын ақтамайды. Бекітілген баға 28 мың теңге болса, өзіндік құны 60-90 мың теңгенің арасында құбылады, әр зауытта әрқалай. Сондықтан біз оны шамамен көтеруіміз керек. Келесі 180 күндікке сұйытылған газдың бағасы сәл өсуі мүмкін. Ол 20 пайыздан артық емес. Мысалы, қазір бір тоннасы 28 мың теңге болса, 36 мың теңге болады. Басқаша айтқанда, көтерме баға 1 литрге 27 теңгеден болса, 29 теңге болады. Жанармай құю стансаларындағы бағаны бүкіл құзіретті органдар бақылауына алады. Бағаны негізсіз көтеруге жол берілмейді. Ондай фактілер бойынша тиісті шаралар қолданылады», деді ол.