Екі айдың ішінде бірінші сыныпқа балаларды қабылдау үшін 250 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Оның ішінде балалардың 70,5%-ы мемлекеттік тілде оқытуды таңдады. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінде хабарланды, деп жазады Egemen.kz.
«Бірінші сыныпқа қабылдау үшін өтініштерді қабылдау 1 сәуірде басталып, 1 тамызға дейін жалғасады. Азаматтарға ыңғайлы болу үшін қызмет автоматтандырылып, құжаттарды eGov.kz веб-порталы арқылы қабылдау жүргізіледі. Сондай-ақ ата-аналардың қалауы бойынша құжаттарды дәстүрлі қағаз форматында да беруге болады», деп еске салды ҚР БҒМ-де.
ҚР БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Гүлмира Кәрімова атап өткендей, құжаттарды қабылдау штаттық режимде жүріп жатыр.
«Ата-аналар құжаттарды белсенді түрде тапсырып жатыр. Биыл мемлекеттік тілде оқығысы келетін бірінші сынып оқушылары көп болды. Қазақ тілінде оқытатын сыныптарға қабылдау бойынша ең жоғары көрсеткіштер Маңғыстау (91%), Қызылорда (91,5%), Жамбыл (82,2%) және Атырау (80,1%) облыстарында», деді Г. Кәрімова.
Білім министрлігінің болжауынша, жаңа оқу жылында бірінші сыныпқа 400 мыңнан астам қазақстандық бала барады.