Qagan этнофьюжн тобының өнерін тамашаламай жатып-ақ ерекше әсерде боларыңыз анық. Өнерпаздардың киімі, жүріс-тұрысы тарих қойнауына сүңгітіп, рухыңды асқақтата түседі. Жақында аталған ұжым Моңғолияда өткен халықаралық Asia folk – 2022 байқауының күміс жүлдегері атанды.
Топтың музыкалық жетекшісі әрі мүшесі, Күйшілер одағы Павлодар облыстық филиалының төрағасы, күйші, композитор Ерасыл Әділбеков байқаудың онлайн өткенін айтты.
– Байқау екі жылда бір рет өтеді. Бұл – беделі зор байқау. Оны қатысушылардан-ақ білуге болады. Мысалы, бас жүлдегер атанған «Хан Хуур» тобы Голливудтың фильмдеріне саундтрек жазып, Universal Pictures-пен жұмыс істеп жүрген атақты топ. Басқа да мықты командалар болды. Жалпы, байқауда 40-қа жуық музыкалық топ бақ сынады, – дейді Е.Әділбеков.
Байқау екі турдан тұрып, Qagan тобы екі туындыны шырқапты. Қос туынды да Ерасыл Әділбековтің авторлық шығармалары. «Тұран даласы» және «Шашу» атты туындылар ұсынылған.
Топта 7 адам бар. Көркемдік жетекшісі, «Мәдениет қайратері», «Алтынсарин» және «ҚР Құрметті ұстазы» төсбелгілерінің иегері – Рыскүл Сәбекова. Айтпақшы, топ мүшелері жуырда ғана Алматы қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы беделді «Бозторғай» халықаралық байқауында сынға түсіп, домбырашылар бағытында Әділжан Нұрқаев 2-орын, Нұрбол Қаратай 3-орын иегерлері атанған.
Павлодар облысы