• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 06 Маусым, 2022

Екінші Республиканың ресми бастамасы

144 рет
көрсетілді

Amanat партиясы Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша референдум өткізуді қолдау Республикалық партия штабының жұмысын қорытындылады.

Партия жанынан Парламент Мәжілісінің Төрағасы, партия Төрағасы Ерлан Қошановтың басшылығымен Республикалық штаб құрылды. Штаб құрамына Парламент депутаттары, зия­лы қауым, мәдениет, спорт, жастар өкілдері және тағы да басқа ел өміріндегі белсенді тұлғалар енді. Аймақтарда облыстық және аудандық деңгейдегі штабтар құрылып, республика бойынша барлығы 218 штаб жұмыс істеді.

Референдумды қолдау мақсатында пар­тия басшылығының өңірлерге жұ­мыс сапарлары жасалды. Партия Төр­ағасы Ерлан Қошанов 3 өңірге барып, жер­гілікті тұрғындармен, түрлі сала өкіл­дерімен, аймақ белсенділерімен кез­­­десулер өткізді. Маңғыстау, Шығыс Қазақ­­­стан және Қарағанды облыстарын ара­­­лау кезінде 600 адамды қамтыған 11 іс-шара өткізілді. Сапар барысында Ер­­­лан Қошанов референдум жай­­­лы айтып, ел тағдырын шешетін ауқым­­ды реформалардың мән-маңызын түсіндірді.

Партияның баспасөз орталығында өткен брифинг барысында Amanat пар­тия­сының атқарушы хатшысы Асхат Оралов пен Мәжіліс Төрағасының орын­ба­сары Павел Казанцев ақпараттық-түсін­діру науқанының нәтижелері туралы айтты.

«Amanat партиясы Президенттің қоғамдық тірегі ретінде үгіт-насихат жұмы­сына бірінші күннен бастап белсен­ді түрде кірісіп кетті. Респуб­лика­лық штаб құрылды. Оған партия төрағасы Ерлан Қошанов жетекшілік етті. Ай­мақтарда 218 штаб жұмыс істеп, 12 мыңнан аса үгіт-насихат іс-шарасы өтті. Барлық кездесулер еркін, ашық форматта жүргізілді. Біз мұндай басқосулардың санына емес, сапасына мән бердік.

Конституциялық өзгерістерді ха­лыққа түсінікті тілмен жеткізуге тырыс­тық. 5 маусымда азаматтар өз таң­дауын жасап, елдің болашақ даму жолына қатысты шешім қабылдады. Осы арқылы еліміз Жаңа Қазақстанның іргетасын қалады. Алда көп жұмыс, үлкен міндеттер тұр», деді Асхат Оралов.

«Үгіт-насихат кезеңі басталғаннан бері БАҚ-та 70-тен астам кездесу жария­ланды. Жалпы, теледидарда, интернет-басылымдарда, газеттерде 118 мате­риал шықты, соның ішінде теледидарда 52 сюжет, интернет-басылымдарда 28 жарияланым, газеттерде 38 мақала. 700-ден астам репост орналастырылды.

Партия филиалдары, штаб мүшелері әлеуметтік желілердегі ресми және жеке парақшаларында 1700-ден астам пост жариялады. Үгіт-насихат жұ­мыстарына қатысқан штабтың барлық мүшелеріне алғыс айтқым келеді. Жұмысбастылығына қарамастан, олар тұрғындармен кездесулерге уақыт таба білді, енгізілгелі отыр­ған өзгерістерді түсіндірді, кеңес берді, сұрақтарға жауап берді», деп атап өтті ол.

Партияның атқарушы хатшысы 5 мау­сым күні барша қазақстандықтардың бір белесті бағындырып, елдің жаңа даму кезеңіне аяқ басқанын атап өтті. «Мұны әлі көп адам жете түсінбеген болар, алайда уақыт өте келе 5 маусым – тарихи күн болғанын кейін мойындаймыз. Себебі, бұл референдумда ел тағдыры шешілді», деп атап өтті ол.

Республикалық штабтың мұрындық болуымен өткізілген іс-шаралардың санына емес, бірінші кезекте сапасына мән берген А.Оралов партияның қозғаушы күші – БПҰ-ның базасында да жалпыұлттық референдумның мәні туралы түсіндіру жұмыстары белсенді жүргізілгенін атап өтті.

Жалпы, Республикалық партия­лық штаб мүшелері 6 мамырдан 3 мау­сым­ға дейін үгіт-насихат жұмыстары аясын­да 12,7 мың іс-шара өткізді. Олар шал­ғай елді мекендердің, ауылдар­дың, қалалардың тұрғындарымен, жас­тар­мен, мұғалімдермен, кәсіпорын қыз­мет­керлерімен кездесті.

Ел тарихындағы айшықты оқиғаға аза­маттардың белсенді қатысуын қам­тамасыз ету мақсатында құрылып, дайын­дық жұмыстарына белсене атса­лысқан тағы бір қоғамдық бастамадағы ұйым – «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» РҚБ бастамасымен құрылған референдумды қоғамдық қолдаудың Республикалық штабы (РҚШ). Конституциялық реформалардың негізгі ережелерін кеңінен түсіндіруге арналған іс-шаралар шеңберінде дүниеге келген Штабтың жетекшісі боп бірауыздан РҚБ төрағасы Төлеубек Мұқашев сайланды.

Құрылған бергі уақыттан бері РҚШ тек ақпараттық-түсіндіру ғана емес, дөңгелек үстел, кездесу, пікірталас, съезд, кеңес сынды форматта да түрлі жиындар ұйымдастырды. Мәселен, осы уақыт аралығында Референдумды қолдау жөніндегі қоғамдық штабтар рес­публикада 1 миллион 917 мыңнан астам адамды қамти отырып, 15 300-ден астам іс-шара өткізген екен.

Жалпы, Республикалық партиялық штаб мүшелері референдумды қол­дау мақсатында Қарағанды, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Батыс Қазақстан, Ақмола және тағы да басқа облыстарда болып, өңірдегі шалғай елді мекендердің, ауылдардың, қала­лардың тұрғындарымен, жас­тармен, мұғалімдермен, кәсіпорын қызметкерлерімен кездесті.  Халықтың бел­сенді болуы ақпараттық-түсіндіру жұмыс­тарының кең көлемде жүргізіл­гендігімен байланысты екені сөзсіз. Сондықтан да партия офлайн форматпен қатар, креативті онлайн мүмкіндіктерді де кеңінен пайдаланған. Мәселен, «Талқылау» диалог алаңында Facebook әлеуметтік желісінің тікелей эфирінде де қатысушылар қарасы көп болды. Ал Іnstagram парақшасында «Ашық сұхбат алаңы» айдары ашылып, онлайн режімде кәсіби маман иелерінің ақыл-кеңестері берілген. Одан бөлек Тік Ток, WhatsApp, Youtube және тағы да басқа қосымшаларда да түрлі контент бойынша халықпен байланыс орнатылды.

Асхат Ораловтың мәлімдеуінше, референдум жаңа мемлекеттік басқару моделі – Екінші республиканың ресми бастамасы болды. «Енді бізді күтіп тұрған іс-шаралар аз емес. Ол қандай жұ­мыстар? Ең алдымен, халық қол­даған конс­титуциялық өзгерістерді заңға ай­нал­­дыру керек. Бұл жерде Парла­мент депу­таттарына үлкен сенім мен жауап­кер­шілік артылады. Оған біздің партия­мыздың депутаттары да белсене қатысады.

Жалпы, референдум елімізде демо­кратиялық сана мен салт-дәстүрдің кү­шей­генін дәлелдеді. Себебі азаматтарымыз түбегейлі өзгерістерді талап етті. Мұ­ны партия институты жүргізген сауалда­ма да дәлелдеді. Президент ұсынған ре­фор­малар сол өзгерістер сұранысына нақ­ты жауап болды», деп атап өтті партия өкілі.

Сондай-ақ А.Оралов осындай тағ­дыршешті кезеңде Amanat партия­сының үлкен міндетті абыроймен алып өткенін айтты. Сөзінің соңында ол Жаңа Қазақстанның кескіні, құрылымы, бағыт-бағдары анықталып жатқанын, енді Жаңа, Әділетті Қазақстанды бірге құру – барлығымызға ортақ міндет екеніне басымдық берді.

Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Павел Казанцевтің айтуынша, депутаттық корпустың алдында заң шығарушылық қызмет бойынша ауқымды жұмыс тұр.

«12 мамыр мен 3 маусым аралығында депутаттар еліміздің аймақтарындағы 1 204 елді мекенге барып, барлық сала өкілдерінен тұратын 120 мыңға жуық адамның қатысуымен 2,5 мыңнан астам кездесу өткізді. Кездесулер бейресми, сенімді түрде, ашықтық пен айқындық жағдайында өтті. Алты мыңнан астам өтініш пен ұсыныс қаралып, партия мен Үкімет тарапынан пысықталғаннан кейін азаматтарға баяндалатын болады», деді Павел Казанцев.

Дауыс беру күні Amanat партиясының 28 мыңға жуық өкілі еліміздің барлық референдум учаскелерінде дауыс беру барысы заңдылығының сақталуын қадағалады.