«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының төрағасы, сенатор Әли Бектаев елімізде 27 жылдан кейін өткен жалпыхалықтық референдум қорытындысына байланысты мәлімдеме жасады.
БАҚ өкілдерімен кездесу барысында ол конституциялық реформаларды талқылау ісіне атсалысып, өзгерістерді қолдап, еліміз үшін демократиялық даму жолын таңдаған партияластарына алғысын білдірді.
«Біз үшін дамудың жалғыз ғана жолы бар. Ол – демократиялық жол. Тек демократиялық жүйеде ғана қоғамның әрбір мүшесі мемлекеттік саясатты қалыптастыруда тең құқыққа ие бола алады. Кешегі референдум арқылы барша Қазақстан халқы осы жолды таңдады деп білемін. Конституцияға енгізілген өзгерістерді ең алдымен адам құқын қорғау тұрғысында ілгері қадам деп қабылдаймыз. Аталған өзгерістер еліміздегі әрбір азаматтың мүддесіне қызмет етіп, Әділетті Қазақстанды қалыптастырудың негізі болмақ.
Ең бастысы, мемлекет басқару жүйесінде демократиялық принциптерге басымдық берілмек. Жоғары заң шығарушы және жергілікті өкілетті органдардың, яғни мәжіліс пен мәслихаттардың құзыреті күшейтіледі. Сол арқылы қарапайым тұрғындардың мемлекет басқару тетіктеріне ықпалы артады.
Референдумның нәтижесінде еліміздің Негізгі Заңы реформаланды. Алдымызда қоғамды іргелі өзгерістер күтіп тұр. Бұл оңай жол емес. Ата Заңымызға енгізілген сол өзгерістердің игілігін көру үшін еліміздің әрбір азаматы саналы қадам жасап, салиқалы қоғам қалыптастыруға атсалысуы керек», деген ол «Ауыл» патриоттық партиясының 5 маусымда өткен жалпыұлттық референдумның нәтижесін толық құптайтынын айтты.
Партияның 700-ден астам мүшесі, аймақтардағы белсенділері референдум барысын бақылау ісіне атсалысып, дауыс беру учаскелерінде партияның атынан өкілдік еткен. Ә.Бектаев мәлімдемесінде «Ауыл» партиясының өкілдері болған учаскелерде ешқандай заң бұзушылықтың тіркелмегенін хабарлады. «Сондықтан «Ауыл» партиясы жалпыұлттық референдумның ұйымдастырылуы мен өткізілу барысының Қазақстан заңдарына толық сай болғандығын мәлімдейді», деді сөз соңында партия төрағасы.
Сондай-ақ Әли Бектаев «Ауыл» партиясының белсенділері Мәжіліс деңгейінде болатын талқылаулардан тыс қалмайтынын, заң шығару процесінде өз ойлары мен ұтымды ұсыныстарын ұдайы айтып отыратынын жеткізді.