Алдағы 1 шілдеден бастап бұрынғы пәтер иелерінің кооперативтері түгелдей жойылып, көпқабатты тұрғын үйдің бәрі мүлік иелері бірлестігі (МИБ) және жай серіктестік деп аталатын басқарудың жаңа жүйесіне өтуі керек. Алайда тұрғындар үйді басқарудың оңтайлы жүйесіне көшуге асығар емес. Қалалық тұрмыстық-коммуналдық шаруашылық бөлімінің мамандары тұрғындардың жаңа жүйеге көшуі өте баяу жүріп жатқанын жеткізді.
Бүгінде облыс орталығында 1 300-ге таяу көпқабатты тұрғын үй бар. Осы айдың соңына дейін кем дегенде мыңға жуық үй басқаратын жаңа бірлестіктер құрылуы керек. Алайда қазір Қостанай қаласы бойынша небәрі 84 МИБ, 17 жай серіктестік қана жұмыс істеп жатыр.
– МИБ-ке өтудің баяу жүруінің себебі бұрынғы пәтер иелері кооперативтерінің өкілдері тарапынан теріс насихат жүріп жатыр. Олар «бізден кетсеңдер ертең пәтерлеріңде құбыр жарылып, су ағып жатса оны жөндейтін маман таппай қаласыңдар немесе 2-3 есе қымбат бағаға жөндететін боласыңдар» деп қорқытып, кедергі келтіріп отыр. Міне, Үкімет белгілеген мерзімнің аяқталуына бір ақ ай қалды. Жұрт енді ғана қимылдай бастады. Әлбетте, біз көмектесеміз. Бұрынғы жүйенің өкілдері МИБ құруды бір жылға кейін шегереді деген жалған ақпарат таратып жүр екен. Мұның бәрі бос сөз. Осы соңғы айдың ішінде олар толық жойылып, орнына МИБ келуі керек. Олай болмаған жағдайда оларды заң күшімен мәжбүрлі түрде жоюға тура келеді. Таяуда әкімдікте өткен жиынға пәтер иелері кооперативтерінің төрағаларын шақырып, бір айдың ішінде үй басқарудың жаңа түріне көшу міндет екенін тағы түсіндірдік. Олар уәде берді. Қазір Қостанайдағы тұрғын үйлерде жаппай жиындар өтіп жатыр. Біз бәрін бақылауда ұстап отырмыз, – деді қалалық тұрмыстық-коммуналдық шаруашылық бөлімінің маманы Сайлау Асылбаев.
Гагарин көшесіндегі 144 пәтерлі 14-ші тұрғын үй былтыр пәтер иелерінің кооперативінен кетіп, қыркүйек айында өз алдына дербес меншік иелерінің бірлестігін құрған. Былтырға дейін «пәтер менікі, ал кіреберіс пен аулада, шатыр мен сырттағы қоқыста шаруам жоқ» деген ұстаныммен өмір сүріп келген бұл үйдің тұрғындары енді кіреберіс дәліз де, шатыр да, жертөле де, тіпті аула мен қоқыс алаңы да өздерінің ортақ меншігі екенін түсіне бастаған.
Бұл үйде бүгінде бір төраға, үш үй кеңесі, бір ревизиялық комиссия бар. Бірлестік жұмыс істей бастаған 8 айдың ішінде тұрғындардан түскен ортақ ақшаға бірсыпыра жұмыс атқарылды. МИБ төрайымы жарнаны көтерген жоқ. Тұрғындар, сол бұрынғыдай, әр пәтердің бір шаршы метрі үшін 47 теңгеден төлейді. Үйдің күтіміне осы қаржы да жетеді. 144 пәтерден жиналған ақшаның 30 пайызы МИБ әкімшілігі мен кеңсе тауарларына кетеді, қалғаны үй шаруашылығына жұмсалады. 144-ші үйдің МИБ-і бүгінге дейін жертөледегі бүкіл құбыр желісін жаңалап, шатырдың суағарларын толықтай ауыстырып алды. Ауладағы ескі түнгі жарық көздерін алып тастап, орнына үнемді шамдар орнатты. Нәтижесінде, бұған дейін электр қуатына шығындап келген төлемнің 50 пайызы үнемделді. Қазір бұл үйдің бірлестігі ауланы көгалдандыру, есіктің алдын суару желісін жасау жұмыстарын жүргізіп жатыр.
– Қостанайда «Қамқор» және «Наш дом» атты екі қауымдастық ашылған. Бұлар жаңа ашылып жатқан МИБ-терге құқықтық қолдау көрсетеді. Біз 2021 жылдың 1 қазанында құрылдық. Басында алаңдаушылық болды. Қазір бәрі реттелді. Жұмыс жүріп жатыр, қаржы жеткілікті. Бірақ кейбір мәселелерде бұрынғы пәтер иелері кооперативі кедергі келтіріп, кезінде өздері тұрғындардан жинаған ақша мен құжаттарды бермей әуреге салып жатыр. Үйді әлі де болса бұрынғыша өздері басқара бергісі келеді. Осыған қарамастан, МИБ бағдарламасын ілгерілете беру керек. Бұған қажет жағдайдың бәрі бар. Қазір тұрғын үйге қызмет көрсететін компаниялар көп. Мен штатта жалғыз өзім жұмыс істеймін. Жұмысшы алған жоқпын. Егер бір шаруаны істеу керек болса, қызмет көрсететін фирмалардан кәсіби маман шақыртамын. Ол міндетін атқарып, жұмысын бітірген соң, қолына келісімді ақшасын ұстатамын. Қазір «Каспий банкпен» жұмыс істеп жатырмыз, өте қолайлы. Кімнің ақша тапсырғанын күн сайын көріп отырамын, – дейді «Гагарин-14» МИБ-інің төрайымы Наталья Медведева.
Оның айтуынша, МИБ-тің ең басты артықшылығы – тұрғындар өз үйін өзі басқарып, өздері жинаған ортақ ақшаның қайда жұмсалып жатқанын бақылауда ұстап отырады. Үйдің тозыңқырап тұрған жерін жөндеуді де көп болып кеңесіп шешеді. Қысқасы, бір тиын артық ақша сырап болмайды.
Заң бойынша пәтер иелері кооперативі өзінің орнына құрылған жаңа бірлестікке бүкіл құжаттарды өткізіп, соңғы үш жылдың қаржысы қандай мақсатқа жұмсалғаны туралы есеп беруі керек. Бұлай болмаған жағдайда МИБ заңды тұлға ретінде сотқа шағымданады. Соңғы кездері мұндай даулар жиілеп кеткенімен, сотта қаралып жатқан істің бәрі МИБ-тердің пайдасына шешіліп жатыр.
Қостанай облысы