Қыз баланы шетелге оқыту дұрыс па? Олардың қаншасы ертең өз еліне оралады? Қаншасы өзге елдің азаматтарына тұрмысқа шығып, басқа елдің «диірменін» тартып, «шамын жағады»? Бұл – қыз өсіріп, оны шетелде оқытып жүрген әрбір азаматтың ойында жүрген ауыр сұрақ.
Таяуда қазақтың бойжеткен бір қызы африкалық шойындай қара жігітке тұрмысқа шығып, қыз алуға келген қара нәсіл құдалар тобының асты-үстіне түсіп, мәз-мейрам болып жатқан қандастарымыздың іс-әрекеттерін әлеуметтік желі әлемге жар етті. Дәл осындай оқиғалар соңғы кезде жиі ұшыраса бастағанын байқап жүрміз. Бірте-бірте бұл үрдіс әрі қарай жалғаса бере ме деген күдік, тіпті үрей жоқ емес. Баз біреулер «Ой, оның несі бар? Қазір заман өзгерді. Жастар қай елде тұрғысы келеді, өздерінің таңдауы білсін, еркіндік бергеніміз жөн, оларға кедергі жасамауымыз керек. Қашанғы бөгде елге жібермей, қыздарымызды ұстап-матап отыра береміз» дейтінін білеміз. Бірақ оның соңы неге апаратынына мән бермейтініміз қалай?
Ұстараның жүзіндей қалт-құлт еткен алмағайып заманда санасында саңлауы бар адамды ойландыратын, мазалайтын ой көп. Қазіргі біздің еліміздегі өзекті мәселелердің бірі – аралас неке, яғни өзге ұлт өкілдерінің қазақпен шаңырақ көтеруі. Кейде көшеде келе жатып ұлты бөлек жат біреудің құшағында кетіп бара жатқан қазақтың үріп ауызға салғандай ару қызын көріп, жүрегіңе тас түскендей боласың. Бұл қазіргі өмірде жиі кездесіп жатқан құбылыс. Статистикаға жүгінсек, ол үрдіс жылдан-жылға өршіп барады.
Осы бір ушығып тұрған проблеманың тереңіне зер салсақ, аралас некенің артуының басты себебі – ұлттық рухтың әлсіздігі. Байлыққа, дүниеге, «әдемі мамыражай өмірге» деген жастардың қызығушылығы оларды рухани қазынадан алыстатып барады. Баюды, «жеңіл, уайымсыз бақытты өмірді» мақсат еткен жастар өз ұлтына менсінбей қарап, өзге ұлттың «жылтырағына» қызығып тұратындары жиі байқалады. Шетелде білім алып жүрген қыздарымыздың басым көпшілігі әртүрлі себептермен елге оралмайды, сол жақта тұрмысқа шығып, «өз бақыттарын» табады.
Аралас некенің көбеюіне интернеттің, ұялы телефонның, танысу агенттіктерінің ықпалы да бар екеніне күмән келтіруге болмайды. Көптеген қазақ қызы түрік, араб, әзербайжан, дүнген, татармен отау құруға қарсылық танытпайды. Алайда зерделеп қарасақ, мұның өзі қазақ халқына қауіп төндіреді. Себебі демографиялық көрсеткішіне жүгінсек, арабтар әлемде 300 миллионға жуық, ал түріктер – 80, әзербайжандар – 25, өзбектер 32 миллионды құрайды. Олар қазақтың текті, қаны бұзылмаған қызын алғылары келеді. Мәліметтерге сенсек, Алматы, Ақтөбе, Қызылорда және Шығыс Қазақстан аймақтарында қытайға тұрмысқа шыққан қазақ қыздары аз емес. Бейресми мәлімет бойынша, 30 мың қытай қазақ қыздарын алып, Қазақстанда тұрып жатыр екен. Осындай үрдіс жыл өткен сайын кең тарап барады. Әлгілерден дүниеге келген «жиендер» шешесі қанша қазақ болғанмен ешқашан қазақ бола алмайды, қазақтың ұлттық салт-дәстүрінен, мәдениетінен мақұрым болып өседі.
Несін жасырамыз, «Менің қызым ағылшынға тиіп, Лондонға кетті», «менің қызым Германияда тұрып жатыр, күйеуі неміс», «күйеу балам түрік» деп мақтанатын қазақтар шықты соңғы кезде. Біле білсек бұл мақтанатын нәрсе емес, қайғы-қасірет қой?! Демек қызың «өлді» деген сөз – сен оны өзгеге берген күні ол қызыңның жаназасын шығардың деген сөз. Бұл қатты, сүйекке батыра айтылған сөз болар. Алайда санасында саңлауы бар адамды терең ойға қалдыратын сөз. Ойласаңыз бұл күндері қаншама қаракөз қыздарымыз шетелдік азаматтың отын жағып, күлін шығарып, тілі мен салт-дәстүрін, тіпті өз ұлтын жоғалтып, үйіріне қайта алмай жүр? «Онда тұрған не бар екен, қазақта «қыз жатжұрттық» деген сөз бар емес пе? Әйтеуір бақытты болса болды емес пе?» деп, оны мақтанышқа санап көкитіндер бар. Әлгі жандардың аралас некені құптауы, қолдауы – қасіретке алып баратын жол екенін терең ұқпайтыны қынжылтады. Оның ұлттық қасіретке айналғанын ойламайды да.
Осы бір мәселе төңірегінде әңгіме қозғалғанда баз біреулер «әркімнің өз таңдауы, өз хақысы бар» деп, оларды қызғыштай қорғайтыны бар. Қазақстанның барлық азаматына еркін құқық берілгені түсінікті. Бірақ осы еркіндікті өзге ұлттар тиімді пайдаланып жүргені де айдан анық. Егер бізде талап, ұлттық намыс пен заң күшті болғанда олай болмас еді ғой деп күйінетінің бар. Аралас некенің біздің халық үшін қаупі жайында, келе-келе еліміздің, ұлтымыздың болашағы не болатынын ойлай беріңіз. Қорқынышты...
Аралас некеде тұратын ерлі-зайыптыларды кездестіргенде бір оқиға есіме жиі түседі. «Оның несі бар? Екеуі мына жарық дүниеге өлшеп берілген жалған өмірде бірін-бірі бақытты етсе болды емес пе?» дейтіндер ортамызда табылар, тіпті оларды қызу қолдайтындар да баршылық болар. Бұл – ойланбай айтылған пікір. Оны растау үшін ой жүгіртіп, таразы басына салып көрелік…
Кезінде жалындаған жастық шақтың буына елітіп, «күйдім», «сүйдім» деп басқа ұлт иесіне тағдырын қосып, кейінірек уақыт өте, барлығын түсініп, қателікпен өз қолымен жасаған ісіне өкінген, бармағын шайнаған талай азаматтарды кездестірдім. Олар өкініш отына тұншығып:«Балаларыма обал болды: не қазақ емес, не орыс емес… Әйтеуір бір дүбәра болып өсіп келеді. Тағдырлары оларға келер күндерге қандай сый-сияпат даярлап тұрғанын бір Жаратқан ием біледі. Болашақтары тым белгісіз, қою көк тұмандай бұлыңғыр…Сол менің қабырғама қатты батады. Енді оған не амал бар?! Барлығын кештеу, тым кеш түсіндім ғой. Әттең, уақытты кері айналдыра алмаймыз. Әйтпесе, барлығы басқаша болуы керек еді…» деп тығырықтан, қапастан шығу жолдарын іздеп, шын қапаланған еді сондай жандардың бірі. Ол келіншектің өкінішін жүрегіңмен ұғып, оларға не ақыл айтып, қалай түзу жолға салуды білмей қиналасың.
Америкалық ғалым-философ, нейробиолог Сэм Харрис: «Әрине, адамның кімге үйленуі – әркімнің өз еркіндегі шаруа. Алайда аралас неке – аз халықты жұтудың жақсы жолы» депті. Шынында да бұл сөздің жаны бар. Он миллион ғана қазағы бар Қазақстанда осылай өзге ұлт өкілдерімен шаңырақ көтере берер болса, келе-келе жұтылып, не орыс, не қытай болуы ғажап емес. Дәл қазіргі таңда көршілес Ресейдің өзі бұл мәселені көтеріп дабыл қағуда. Себебі Ресейде таза орыс халқының саны азайып барады. Ол елдің әрбір төртінші сылқымы жауырыны қақпақтай, жұдырығы тоқпақтай кавказдық жігіттерге тұрмысқа шығуға құмар көрінеді. Енді бір 150 жылдан соң таза орысқандылар тек деревняларда ғана қалады. Ұлттың генефонды қатты өзгеріске ұшырайды деп шырылдауда.
Біздің де жағдайымыз мәз болып тұрғаны шамалы. Қазақтың қаракөз бойжеткендері өзге ұлт өкіліне тұрмысқа шығып, өмірге қазақылықтан ауылы алыс ұрпақ әкелуде. Аралас некені қалайтын бойжеткендеріміз көбіне-көп шетелде шалқып-тасып өмір сүруді көздейді. Әттең, қиял-арман ұдайы орындала бермейді. Ертең бармағын шайнап, өмірге түңіліп жүретіндері аз емес.
Қазақтың қара домалақ білімді, парасатты ұлдары тұрғанда өзгеге өзеуреген аруларымызды түсіну қиын. Осындайда: «Ұлтыңды сүйсең, еліңді, жеріңді сүйсең, қазақтың санын көбейтуге, қазақтың болашақ батырын, көшбасшысын, ақылды ғалымын, өнерлі азаматын тәрбиелеуге өміріңді арнаңдаршы, қазақтың қаракөз арулары!» деп айқай салғың келеді.
Сағындық ОРДАБЕКОВ,
медицина ғылымдарының докторы, профессор
ТАРАЗ