• RUB:
    5.03
  • USD:
    492.22
  • EUR:
    529.38
Басты сайтқа өту
Қазақстан 08 Маусым, 2022

Елден шығарылған қаржыны қайтару жөніндегі комиссияның құрамы бекітілді

253 рет
көрсетілді

Қазақстан Президентінің экономикалық ресурстарды заңсыз шоғырландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия құру туралы Жарлығының толық мәтіні жарияланды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Президент елден заңсыз шығарылған қаражатты Қазақстанға қайтару, сондай-ақ заңсыз жолмен алынған экономикалық ресурстардың монополиялық шоғырлануын анықтау, оларды мемлекетке қайтару мақсатында ведомствоаралық комиссия құруға қаулы етті.

Комиссия құрамы келесідей бекітілді:

Бас прокурор, Төраға; Бас прокурордың орынбасары, төрағаның орынбасары; Ұлттық банк төрағасы; Премьер-Министрдің орынбасары - Сыртқы істер министрі; Премьер-Министрдің орынбасары - Қаржы министрі; «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Басқарма төрағасы; Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы; Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы; Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы; Қаржы мониторингі агенттігінің төрағасы; Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы; Ішкі істер министрі; Әділет министрі.

Ведомствоаралық комиссияға бір апта мерзімде ведомствоаралық комиссия туралы ереженің жобасын Президенттің қарауына енгізу тапсырылды.

Бұдан басқа, комиссия екі аптада бір рет өз жұмысы туралы есеп береді. Жарлықтың орындалуын бақылау Президент Әкімшілігіне жүктелген. Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізілді.

Айта кетсек, 5 маусымда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан азаматтарының шетелге заңсыз әкетілген қаражатты қайтару жөнінде комиссия құрғаны хабарланды. Президент комиссия қызметіне жеке бақылауды жүзеге асыруға ниетті.