Ұлттық банктің ақша-несие саясаты жөніндегі комитеті базалық мөлшерлемені кезекті рет 14 пайыз деңгейінде қалдырды. Ұлттық банк басшысы Ғалымжан Пірматов бұл шешім болжамды раунд нәтижелеріне негізделгенін жеткізді.
«Базалық мөлшерлеменің осы деңгейі жаңа күтпеген өзгерістер болмаған жағдайда 2024 жылға қарай инфляцияның бірқалыпты төмендеуін қамтамасыз етеді. Ақша-кредит талаптары 2023 жылы инфляциялық процестердің баяулауына қарай қалпына келеді. 2022 жылғы мамырда жылдық инфляция 14 пайызды құрап, жеделдеуін жалғастырды. Бұл ретте тұтынушылық бағалар индексінің барлық құрамдас бөлігінің жылдамдауын атап өткен жөн. Тамақ өнімдері бағасының өсуі жылдық инфляцияға барынша көп үлес қосуда. Тауар жеткізудің логистикалық тізбектеріндегі үзілістердің және тұрақты сұраныстың аясында импортты құраушы жоғары тауарлар бағасының өсу үрдісі жалғасты. Реттелетін коммуналдық қызметтер мен ЖЖМ бағасының көтерілуіне мораторий инфляцияны тежеп отыр.
Айлық инфляция мамырда 1,4 пайызға дейін (сәуірде 2%) баяулауын жалғастырса да, орташа тарихи нормадан асып, жоғары болып отыр. Айлық инфляцияның бәсеңдеу қарқынының төмен болуы оң фискалдық серпін кезіндегі тұрақты ішкі сұранысқа әрі жоғары инфляциялық күтулерге де байланысты.
2022 жылғы мамырда бір жыл бұрынғы квантификацияланған инфляциялық күтулер 11,7 пайыз болды. Биылғы сәуір-мамыр айларында осы жылдың наурызындағы күрт өсуден кейін бір жыл бұрынғы инфляциялық күтулер біршама төмендеді. Бір жыл кезеңінде бағаның өсуін күтетін респонденттер мұны азық-түлік өнімдерінің қымбаттауымен байланыстырды. Инфляцияны қабылдау да жоғары деңгейде сақталуда», делінген Ұлттық банк хабарламасында.
Ғ.Пірматовтың айтуынша, Ұлттық банк биыл инфляция 13-15 пайыз деңгейінде қалыптасады деп күтеді. Сыртқы және ішкі нарықтардағы баға динамикасын ескерсек, азық-түлік өнімдері бойынша бағада біршама өсім болмақ. Оның сөзіне қарағанда, болжам үкіметтің тұтыну нарықтарын теңгерімді дамытуға бағытталған инфляция деңгейін бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешенін іске асыруды ескере отырып жасалған. Осы шаралар кешені сәтті жүзеге асырылған жағдайда инфляция болжамның төменгі шегіне дейін төмендеуі мүмкін.
«Инфляция үшін тәуекелдер көп жағдайда инфляцияның жаһандық жеделдеуімен, әлемдегі геосаяси жағдай аясындағы белгісіздікпен және сыртқы инфляцияның импортымен байланысты. Инфляцияны жеделдетудің ықтимал ішкі факторлары көбіне жұмсақ фискалдық саясатты сақтаумен, жоғары инфляциялық күтулермен, сондай-ақ реттелетін қызметтер бағасының өсуіне мораторий аяқталғаннан кейін ақылы қызметтер инфляциясын жеделдету ықтималдығымен байланысты», деді Ғ.Пірматов.
Ұлттық банктің болжауынша, 2022 жылы экономика өсімі 2,8-3,8 пайызды құрайды. Бұл жыл соңына дейін барлық негізгі саланың оң серпінін сақтауды бағалаумен байланысты. Алайда геосаяси дағдарыс, сыртқы сұраныстың төмендеуі және жеткізілімдер тізбегін қайта құру – экономиканың өсу қарқынын тежейді. Осы тұрғыдан алғанда базалық ставканың 14 пайыз деңгейінде қала беруі орта мерзімді перспективада бағаның өсуін тежеуге қауқарлы.
«Ұлттық банк әлемдік нарықтардағы жағдайды, геосаяси дағдарыстың дамуын және инфляцияға қарсы тәуекелдердің жүзеге асырылуын бақылауды жалғастырады. Базалық мөлшерлеме бойынша одан әрі шешімдер инфляцияның нақты динамикасының болжамды траекторияға сәйкестігіне, сыртқы ортадағы және ішкі экономикадағы туындайтын тәуекелдердің теңгеріміне қарай қабылданады», деп қорытындылады Ғ.Пірматов.
«Банк ЦентрКредит» басқарма төрағасы Ғалым Құсайынов Ұлттық банктің бұл шешіміне орай былай пікір білдіреді.
«Әуелі инфляцияның қайдан пайда болатынын тарқатайық. Ұсыныс жоқ кезде, сұраныс өскен кезде инфляция туындайды. Сондай-ақ өзге валюталарға қатысты курс өскенде инфляция импортталуы да мүмкін. Инфляция тежелуі үшін өндіріс, тұтыну және импорт арасында баланс болуы керек. Сөйтіп, базалық ставка көтерілгенде клиенттерге займ беру азайып, сәйкесінше несиелеу төмендейді. Бұл өз кезегінде елдегі сұранысты азайтады. Сұраныстың төмендеуі бағаның төмендеуіне алып келеді. Өндірушілер бағаны төмендете бастайды. Базалық ставка көтерілгенде депозиттер бойынша ставкалар өседі. Екінші деңгейлі банктер қорландыру үшін жеке қаражатын емес, депозит пен қаржы құралдарын пайдаланады. Соған сай базалық ставка өскенде депозит ставкасы да өседі. Бұл адамдар мен компаниялардың көбірек ақша жинауына әсер етеді. Ақша жинау деңгейінің артуы сұранысты қысқартады, өйткені адамдар мен компаниялар ақшаны жаратудың орнына оны жинай бастайды. Сұраныс төмендесе тауарлар құны да түседі. Қазір инфляцияның өсіміне әкеліп отырған тұтынуға ынталандыруды қорландыру мен субсидиялаудың мемлекеттік бағдарламаларымен байланысты. Кредит бар адамға қолжетімді болуы үшін мемлекеттік субсидиялау мен қорландырудан бас тартып, инфляцияны ең төменгі мәнге дейін қысқартып, тәуекел құнын азайтып, бәсекені дамыту керек. Сонда ғана ставка да қолжетімді деңгейге дейін төмендейді», дейді Ғ.Құсайынов.