Әлеуметтік желілердегі алаяқтық әлі де азаймай тұр. Әккілер оңай ақша табудың түрлі тәсілін меңгеріп алғаны соншалық, неге сұраныс артса, сол жаққа қарай дереу «бет бұра» қояды. Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде азаматтарға жүргізуші куәлігін ақшаға сатып алуды ұсынатын хабарламалар жиі шыға бастаған.
Осыған орай «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы әлеуметтік желілерде жүргізуші куәлігін ұсынатын алаяқтардың жиілеп кеткенін ескертіп, алаяқтардың құрығына түсіп қалудан сақ болуға шақырады. Таяуда ғана мемлекеттік корпорация халық көп пайдаланатын желілерде азаматтарға жүргізуші куәлігін ақшаға сатып алуды ұсынатын 30-ға жуық жазба мен хабарламаны анықтаған. Алаяқтар қарапайым схема бойынша әрекет етеді – клиент оларға қоңырау шалған кезде олар дайын жүргізуші куәлігі үшін 50-60 мың теңге көлемінде ақша сұрайды және құжатты бір ай ішінде беруге уәде береді. Ақшаны алғаннан кейін әлгілер әлеуметтік желідегі бүкіл байланыстарын өзгертіп, өздері жасырынып, телефондарын өшіріп тастайды.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қызметкерлері осындай хабарламаларды тұрақты негізде қадағалап, анықталған ақпараттарды құқық қорғау органдарына жолдап отырады. Мәселен, биылғы сәуір айында ІІМ-ге жүргізуші куәлігін алуға заңсыз түрде көмектесуге үндеген 12 факті бойынша ақпарат берілген.
Осыған орай ІІМ өкілдері мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қызметкерлері жүргізуші куәлігін тек тиісті емтихандардан өту арқылы мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталықтарынан алуға болатынын еске салады. Сондай-ақ жүргізуші куәлігі үшін 1,25 АЕК (3 975 теңге) мөлшерінде мемлекеттік баж салығын төлеу қажет.
Емтихандар кезінде алдымен теориялық, содан кейін тәжірибелік сынақтар тапсырылады. Теориялық емтиханда 40 минут ішінде 40 сұраққа жауап беру керек. Емтиханнан өту үшін 32 сұраққа дұрыс жауап беру қажет болса, автодромдағы практикалық емтихан кезінде 20 минут ішінде жүргізуші куәлігін алуға үміткер автокөлікпен жүру арқылы 12 сынақтан өтуі керек. Егер үміткер екі емтиханнан да сүрінбей өтсе, оған жүргізуші куәлігі беріледі.