Шымкент тұрғыны қамауда отырған інісін құтқарып алу үшін изолятор қызметкеріне 1 млн теңге пара ұсынған. Оқиға Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің қауіпсіздігі аралас мекемесінде болды, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Өзіндік қауіпсіздік басқармасына жүгінген тергеу изоляторының қызметкері жеке тұлғаның 1 млн теңге көлемінде пара ұсынғанын хабарлаған. Қызметші бұл туралы дереу басшылыққа және өзіндік қауіпсіздік басқармасына жеткізген. Шымкент қаласы полиция департаментінің қызметкерлері мен аумақтық ҚАЖД жедел қызметкерлері бірлесе тиісті шаралар қабылдап, заңға қайшы әрекеттің жолын кесті», деп түсіндірді өңірлік ҚАЖ департаменттің бастығы, әділет полковнигі Теңізжан Жәнібеков.