Ливанның Джуния қаласында өткен Азия чемпионатында Қазақстанның самбошылары айтарлықтай табысқа қол жеткізді. Ерлер мен әйелдер арасындағы бәсекелердің өзінде ғана 9 алтын, 13 күміс және 3 қола медаль олжалаған жерлестеріміз жалпыкомандалық есепте екінші орынға тұрақтады. Барлығы – 25 жүлде. Енді осы жарысқа қысқаша шолу жасап өтейік.
Ерлер арасында төрт балуанымыз финалға шығып, солардың үшеуі бас жүлдені олжалады. 58 кило салмақта атыраулық Айдынбай Қайыргелді қарсылас шақ келтірмеді. Осы жарыс барысында ол өзбекстандық Достон Рузиев, кореялық Шин Жаенг және қырғызстандық Нұрғазы Жанбосыновты жеңіп, команда қоржынына алғашқы алтынды салды.
Айдынбай бастаған жеңісті жолды Есентай Имаханов жалғастырды. Бұл балуан жайында ұзақ әңгімелеуге болады. Көнекөздер Есентайдың арғы атасы Әбдуәли мен атасы Парман да кезінде Абай өңіріне аты шыққан балуандар болған деседі. Олардың «Құрметті спорт қайраткері» деген атақтары бар. Өзінің әкесі де талай дүрмекте оза шауып, спорт шеберінің күміс белгісін кеудесіне тақты. Бұл күндері Біржан Имаханов самбо күресінен Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері. Әрине, осындай балуандар әулетінен шыққан жас өреннің осал болуға хақысы жоқ. Оны Есентайдың өзі де бала кезінен санасына сіңіріп өсті. 2016-2021 жылдары жасөспірімдер мен жастар арасында атой салған Имаханов Азия чемпионы атанып, әлем біріншілігінде бірнеше рет жүлдегерлер санатына қосылды. Якутиядағы «Азия балалары» турнирінде топ жарды. Ересектер арасында елішілік жарыстарда қарсылас шыдатпай, былтыр Грекияның Салоники қаласында ұйымдастырылған әлем чемпионатында қола медальды мойнына ілді.
Ливанда Есентай Имаханов 64 кило салмақ дәрежесінде сынға түсті. Тұсаукесер кездесуінде ол былтырғы Азия чемпионы, түрікменстандық Мұхаммед Коссековты қапы қалдырды. Жартылай финалда сириялық Омран Аженаның аяғын көктен келтірді. Ақтық сайыста Әлем кубогы жолындағы жарыстарда сан мәрте жүлде алған өзбекстандық Хомиджон Муминовтың әбден сілікпесін шығарып, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.
Үшінші алтынды 71 кило салмақта күш сынасқан Арнұр Қуатай иеленді. Болат Қожахметов пен Берік Жетпісбаевтай білікті бапкерлерден тәлім-тәрбие алған Жетісу облысының тумасы биыл көктемде Семейде өткен ел чемпионатының финалында әлем және Азия чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Нұрбол Серіковті сан соқтырғанда, кейбір мамандар оның бұл жеңісін кездейсоқтыққа балаған еді. Бірақ мүлде олай еместігін Арнұр Жерорта теңізі жағалауында толығымен дәлелдеді. Бастапқыда ирактық Хуссейн Жасим мен ливандық Жой Хадаттың тас-талқанын шығарған қандасымыз шешуші тұста Өзбекстанның өрені, әлем және Азия чемпионы Шахриёр Маматкуловтан айласын асырды.
Алтын тұғырға көтерілуге Еламан Қойшыбековтің (88 кило) де жақсы мүмкіндігі болды. Екі бірдей қарсыласын еш қиналмай ұтқан ол финалда өзбек самбошысы Ихтиер Ешмуродовқа есе жіберді. Ал Айбек Зекенов (98 кило) пен Темірлан Көлбай (+98 кило) қола медальды қанағат тұтты.
– Былтыр Ташкентте өткен Азия чемпионатында Қазақстанның ерлер құрама командасы мүшелері арасынан тек Темірлан Көлбай ғана алтын алған еді. Бұл жағдай бізді қатты қынжылтты. Елге оралған соң барлық мәселені ой елегінен өткізіп, ақыл таразысына салдық. Кемшіліктерді түзету үшін көп еңбектендік. Нәтижесі жаман болған жоқ. Арада бірер ай өткенде әлем чемпионатында екі алтын алсақ, бүгін, міне, құрлықтың басты додасын үш алтынмен қорытындыладық. Бірақ бұл көрсеткішке тоқмейілсуге болмайды. Өйткені біз осы жарыстың жалпы есебінде бірінші орын алуды көздедік. Алайда өзбектер алдымызды орап кетті. Олардан озу үшін командамызға бір қола медаль ғана жетпей қалды, – дейді Қазақстан құрамасының бас бапкері Біржан Имаханов.
Әйелдер арасында өткен жарыста 3 алтын мен 4 күмісті олжалаған отандастарымыз командалық есепте көш бастады. Алтын тұғырдан қол бұлғаған бұрымдылар арасынан 72 кило салмақта күрескен Ділдәш Құрышбаеваны бөле-жара атасақ, еш айыбы жоқ деп ойлаймыз. Талай байрақты бәсекеде абыройымызды асқақтатқан Бақыт Қоқысбековтің шәкірті бұл жарыста да теңдессіз деп танылып, өзінің Азия чемпионаттарында жеңіп алған бас жүлделерінің санын жетіге жеткізді. Сонымен қатар Д.Құрышбаеваның Азия ойындарының жеңімпазы және алты дүркін әлем чемпионатының жүлдегері (3 күміс+3 қола) деген атақтары тағы бар.
Ділдәштан бөлек, Маргарита Бажаева (50 кило) мен Азман Амаева (80 кило) алтыннан алқа тақты. Финалда Маргарита түрікменстандық Динара Ибадоллаеваны ұтса, Азман өзбекстандық Гүлмира Исматовадан басым түсті. Ал Гүлдана Әлмұханбетова (54 кило), Маржан Бизақ (54 кило), Ажар Салықова (65 кило) және Арайлым Әбенова (+80 кило) күміс медальды еншіледі.
Жауынгерлік самбодан бес жүлде бұйырды. Финалда өзбектердің осал тұсын таба алмаған Әділбек Сейсенов (64 кило) пен Әсет Анарбаев (71 кило) және қырғыздарға жол берген Асылбек Смайылов (79 кило) пен Мәди Райхан (98 кило) екінші орын алса, Айбек Сәметаев (88 кило) үшінші сатыға жайғасты. Жартылай финалда Айбек өзбекстандық самбошыдан айласын асыра алмады. Соның салдарынан жалпыкомандалық сайысты жігіттеріміз қалың топтың арасында қалып қойды.
Есесіне бұрымдыларымыз ерледі. Жауынгерлік самбодан әйелдер арасында алғаш рет ұйымдастырылған жарыста Қазақ елінің қыздары айды аспанға бір-ақ шығарып, сары құрлықтың теңдессіз командасы деп танылды. Осы жарысқа қатысқан жеті спортшымыздың барлығы да елге олжалы оралды. Атап айтсақ, Аяна Сатқынәлиева (54 кило), Риза Сүлейменова (72 кило) және Анар Сейтімова (+80 кило) алдына жан салмаса, Инас Әшірбек (50 кило), Жәнел Нәбиева (59 кило), Мөлдір Әшірбекова (65 кило) және Әсел Боранбаева (80 кило) күміспен күптелді.
Естеріңізге сала кетейік, былтыр Өзбекстанның бас шаһары – Ташкентте өткен Азия біріншілігін Қазақстан құрамасы 6 алтын, 8 күміс және 10 қола медальмен қорытындылаған еді. Барлығы – 24 жүлде. Енді бірер аптаға созылған үзілістен кейін еліміздің ең үздік самбошылары биылғы қарашада Қырғызстанның астанасы – Бішкекте жалауы желбірейтін әлем чемпионатына өз даярлықтарын бастайды.
Жалпыкомандалық есеп
Орын
Команда
Алтын
Күміс
Қола
Барлығы
1.
Өзбекстан
12
4
8
24
2.
Қазақстан
9
13
3
25
3.
Қырғызстан
4
4
5
13
4.
Түрікменстан
2
5
13
20
5.
Филиппин
1
0
1
2
6.
Оңтүстік Корея
0
1
3
4
7.
Ирак
0
0
4
4
8.
Ливан
0
0
3
3
9.
Иран
0
0
2
2
10.
Жаңа Зеландия
0
0
1
1