• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Сұхбат 09 Маусым, 2022

Тоқтар Әубәкіров: Қазақты сақтап келген де, сақтайтын да – мінезі

1359 рет
көрсетілді

Атақ, даңқ әркімге қонады. Бірақ сол беделін, болмысын бұзбай, қарапайым қалпын сақтап, абыройын адамдық биігінде асқақтата алатындары сирек. Тегінде адам баласын бір-бірінен даралайтын басты қасиеті де осы – мінезі болса керек. Қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіровпен жүздесу бізге тағы бір мәрте мінездің қасиет екенін ұғындыра түскендей. Батырлықтың шыңы да қалпынан айнымай адам болып қалу болса керек. Осы үлкен ерліктің азамат бойында сақталғанын көріп сүйсіндік. Қаталдығы мен қарапайымдылығы бір бойында тамаша тоғысқан ғарыш көрген Тоқтардың танымында да, болмысында да, тіпті өмір сүру қалыбында да шегі мен шеті жоқ еркіндік сақталғандай. Әйтпесе, қалалық қауырт өмірдің тәртібіне бағынып, жатбауыр болып кеткен мына қоғамда есік-қақпасын айқара ашып тастап еркін тыныстайтұғын адамды кездестіруіңіздің де сирек құбылысқа айналып кеткені қашан...

Әлқисса, редакциядан шыққан көлігіміз жүйткіп отырып белгіленген уақыттан жарты сағат бұрын батыр үйінің қақпасына танауын түйістіре тоқтады. Кейіпкеріміздің тәртіптің адамы екенін бұған дейін де талай естігеніміз бар еді, соны ескеріп ертерек келіп алған түріміз. Қазақтың дархан пейілі мен Сарыарқаның кең даласын елестеткен қең құлашты қа­қпа ешқандай құлыпсыз, күрмеуі шешілген күйінде құшағын айқара ашып қарсы алды. Ал қақпаның арғы беті бейне бір жұмақ дерсіз. Кең дала, жайқалған ну орман, иісі мұрын­ды жарған сирень гүлдері, күн нұрымен шағылысып сәу­леленген су айдыны көрік берген кеңіс­тікте еңселі үйдің нобайы көрінді. Қақпа ашық екен деп бірден ішке қойып кету­ді ыңғайсыз көріп, сағат тілі тура 11:00-ді көрсетуін күттік. Келісілген уа­­қытқа 5 минут қалғанда батыр шық­­­­­ты. Өзі бастап жұмыс бөлмесіне ер­­тіп апарды. Қазақы нақышта бе­зен­­­­дірілген жиһаздар, үйлесіммен жи­­нас­­­­тырылған Бауыржан Момыш­ұлы бас­таған батырлардың мүсіндері мен ға­рыш­кердің өзінің портреттері, ас­пан су­реттері мен қасқырдың терісі, орта­да сәнімен қойылған бильярд үсте­лі – мұ­ның барлығы кейіпкеріміздің ішкі әле­мін, жансарайын паш етіп тұр­ған­дай еді. Осындай тамаша әсер­мен ұзақ жос­парланып, іште әбден пісіп, сәті ен­­­ді түскен сұхбатымыздың тиегін ағыттық.

– Аға, неге екенін білмеймін, сізді көрсек көз ал­дымызға Сарыарқаның кеңдігі, дархандығы келеді. Қазақы­лықтың ұйтқысына айналған Қарқа­ра­лының кербездігі түседі есімізге. Тек топы­рақтан дариды деп жатамыз, бойыңыз­дағы батырлық пен осын­­­ша­­лықты бекзаттықтың сырын туған жерден тарқатсақ, қателесе қоймас­пыз...

– Қасиетті жер деп жатамыз. Ал қасиет деген не? Ерекшелік. Қарқаралы Тәңірдің таңдауы түскен сондай ерек­шелікке ие. Бір өлкеге суды да, ну­ды да, әсемдікті де, жұмбақтықты да бере салған Алланың құдіретінде шек жоқ. Мен соған таңғаламын. Мұн­дай байлық жайдан-жай берілмейтін шығар. Қарқаралы, Бурабай, Баянауыл... Қарасаңыз осы үш өлкедегі ғажайып әлемді араласаңыз да ешбір жерден таба алмайсыз. Сұлулығын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Баянауылды қараңызшы, бір жерден 17 академик шыққан. Ол да сол жердің тектілігі, қасиеттілігі. Қарқаралыда туған тұлғалар ше? Менің атам – Қаз дауысты Қазыбек би, оның немересі Мәди Бәпиұлы, Тәттімбет, Қасым – әрқайсысы қазақтың біртуар, қайталанбас перзенттері. Ұлы Отан соғысында жанған ұшағын жауға бағыттап, өшпес ерлік қалдырған Нұр­кен Әбдіровтің өзі қасиетті топы­рақ тудырған құбылыс емес пе?! Осын­дай тұлғалардың табаны тиген киелі мекеннің қасиеті маған да аздап жұққан болуы керек, жастайымнан асқақ арман­ға қол созып, тек зау биіктерді ғана бағын­дыруды өзіме мұрат еттім. Мен туған бұрынғы 1 Май, қазіргі Мартбек Мамыраев ауылы Нұркен Әбдіровтің кіндігін кескен ауылмен көршілес жа­тыр. Мұның өзі де көп нәрсені аңғар­тады ғой деп ойлаймын. Кие қон­ған топырақ перзенттерін қай кезде осылай қолдап, қорғаса керек. Қайда жүрсем де мен туған жерімнің құдіретін сезінемін. Сондықтан да Қарқаралымен мақтанамын деуім аз, менің өмірлік мәңгілік махаббатым – сол Қарқаралы. Қай жерде жүрсем де Қарқаралы деймін. Неге? Өйткені ол менің ғана емес, ата-бабаларымның туған жері. Қарқаралы – менің кіші Отаным! Мына бүкіл байтақ Қазақстанды Қарқаралымен тең қоямын. Тең көремін. Әрине, қай жерге барсаң да өзінің қасиеті бар. Байтақ еліміздің әр түкпірі шашыраған алтын ғой. Жердің қасиетін түсіне білу керек. Сол жерлерді көтеру керек. Туған жер десе, Мәди бабамша «Атыңнан айналайын, Қарқаралы» дегім келіп тұрады үнемі...

– Алып анадан туады. Мені таң­ғал­дыратыны – әкеңіз ерте өмірден өтіп, сізді жалғыз өзі тәрбиелеген анаңыз осыншалық қайсарлықты бойыңызға қалай сіңірді? Қалай десек те, тұңғыш ғарышкерді тәрбиелеудің салмағы да осал болмаса керек...

– Шешей марқұм текті жердің ұрпағы еді. Ірі денелі, өжет, келбеті де келіскен қазақтың бір мінезді, қайсар қызы болатын. Керек кезінде мейірімді, қажет тұсында қатал да бола алатын. Әсіресе маған келгенде: «Балам, айтқан сөзіңде тұр. Берген уәдеңді орында және қолға алған әр ісіңді міндетті түрде соңына дейін жеткіз. Бастаған жұмысты аяқсыз қалдыру ер адамға абырой әпермейді» деп үнемі айтып отыратын. Өзі де сондай адам еді, жарықтық. Шыны керек, мен сол кісіге тарттым десем, өтірік айтпаймын. Түр-келбетім, жалпы, әкеме келгенімен, мінезімнен бастап жүріс-тұрысыма дейін анамнан айнытпай алғанмын. Ол кісі айтқан сөзінен өмірі таймайтын-ды. Бір айтты ма, қиын болсын, жаман болсын соны міндетті түрде істейтін. Түйсінген адамға бұл да бір өмірдің мектебі. Соны көріп, іш-бауырымнан өткізіп жүріп, өзімді-өзім тәрбиеледім. Ал әкеме суық тиіп, жеті айлығымда өмірден өтіпті. Сол күні еңбектеп, ауы­рып жатқан әкемнің алдына барыппын. Әкей: «Арманым жоқ, өз көзіммен еңбектегенін көрдім» деп жылап жіберіпті. Сөйтіп, үлкен әпкем Бикенге: «Көтерші, бетінен сүйейін» деп, менің бетімнен сүйіп, сол жерде жан тәсілім етіпті. Анам Қамия – Баянауылдың қызы болса, қасиетті Қарқаралы топырағына кіндік қаны тамған әкем жастайынан-ақ ән-жырға құштар болып, ел-елді аралап ән салып, күй тартып серілік өмір кешіпті. Он саусағынан өнер тамған тамаша ұста болған. Әкемнің бұл шеберлігі маған да дарыған. Бала күнімде ойыншық ұшақтарды ағаштан қашап өзім жасап алатын болсам, бүгінде үй шаруашылығына қатысты жұмыстардың барлығын ешқандай маман шақырмай өзім-ақ істей беремін.

– Алланың құдіреті шексіз ғой, ақи­қаты да бір Өзіне аян. Десе де, кей­­де «Сізге дейін өмірге келіп, Алла­ның бұйрығымен жарығы ерте сөнген бауыр­­­­ларыңыздың бар несібесін Жа­рат­­­қан сіздің бойға дарытқан шы­ғар» деген ойдың да көкейде қылаң беретіні бар...

– Мүмкін, бәрі де мүмкін. Бірақ бір тылсымның бары анық. Мен отбасы­мыздың оныншы баласымын. Маған дейінгі балалар тоқтамай шетіней берген соң, есімімді ырымдап Тоқтар қойыпты. Сегіз қыздан кейін бір ұл туып, атын Қайырден қойған екен, оның да ғұмыры қысқа болыпты. Содан көптен күткен ұлынан айырылып қалған анам қатты қайғырады. «Оңғарбайдан ұрпақ қалдыра алмағаным ба?» деп көп жылапты. Ол кезде әке-шешемнің жасы да біразға келіп қалған екен. Солай жылап жүргенде анам бір күні түс көреді. Түсінде бір адам: «Қызым, жылама, қайғырма. Алақаныңды аш та, мынаны ал. Осы сенің жалғасың! Риза бол!» деп қолына әлдебір нәрсені салып, ғайып болады. Анам алақанын ашса, аппақ көбелек отыр екен. Ұшып кете ме деп қорқып, алақанын қайта қысып кеудесіне басқанда оянып кетеді. Шешем содан бір жақсылықтың келе жатқанын сезіп, көз жасымды тыйдым дейтін. Мен дүниеге келгенде анам 41-де, әкем 49 жаста екен. Сәбилерінен бірінен соң бірінен айырылып жүректері әбден шайлығып қалған ата-анам мені ауылдың 40 кемпірінің бұтының астынан өткізіп, сол 40 кемпір әкелген 40 жапырақ матадан құрақ құрап, шапан тіктіріпті. Қайтсін енді, тірі қалсын деген ырымдары ғой. Жалпы, бұл бір ғана белгі емес, анам ұзатылар кезінде де нағашы атама ақ шапанды шал келіп: «Еңсебай, қызыңды өзгеге емес, Әубәкірдің баласына бер. Ол екеуінен елге белгілі азамат туады» деп аян берген екен. Қалыңмалын тоғыз еселеп қайтарып мәмлеге келген нағашы атам, сөйтіп, жан жолдасының баласына ұзатқалы отырған қызын менің әкеме ұзатады.

– Тылсым дегеннен шығады. Қа­сиетті Қарқаралыдан түлеп ұшып, қыран жетпес биіктікті бағындырған қанат байлаған қазақты, талай қауіпті ұшақты сынақтан өткізген батырды сақтап жүрген қандай күш деп ойлайсыз?

– Жас күнімізде бәріміз, әсіресе Юрий Гагарин ғарышқа ұшқанда қа­сым­дағы жолдастарымның барлығы бірауыздан «Ойбай, ғарышкер боламыз» десті. Жалғыз мен ғана: «Ғарышкер емес, ұшқыш болғым келеді» дедім. Сол сөзіме адал болдым, арманымды сатқан жоқпын. Өз саламның шыңын бағындыру үшін тынбай тер төктім, жан-жақты білім жидым, іздендім. Ұш­қыш болып жүрген кезде мені ғарыш­қа да шақырды. Екі рет ұсыныс түсті, екі ретінде де бас тарттым. Анау-мынау сылтаулар болды, әрине, бірақ нақты не үшін бармағанымды өзім де түсінбеймін. Бірақ меніңше, сол кезде мені біреу тәуелсіздігіміз үшін сақ­тап жүргендей көрінеді. Үшінші ретін­де Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев ақылдаспай-ақ, өзі ғарышқа баратындардың тізіміне қосып жіберіпті. Туабітті мінезімнің қаталдығы, бір­бет­кейлігі бар. Өз қарсылығымды білдір­генде, ол кісі маған айтты: «Мұның саған да, маған да керегі жоқ. Мен президент болдым, сен онсыз да халық қаһарманысың деді. Бірақ, міне, 30 жыл халық күтіп отыр. Сол елің үшін баруың керек» деді. «Халқың үшін» дегенде, бәрі орнына түскен еді. Сол сәтте-ақ мен ұшуға дайын болдым. Тіпті ғарышқа ұшарымның алдында Гагариннің жолымен ғарышкерлердің әдеттегі айтатын дәстүрі бойынша «Поехали!» демей, өзімнің туған тілімде: «Халқым, сен үшін отқа да, суға да түсуге дайынмын!» дедім. Сол халқымның тілегі мен батасы мені ғарышқа жеткізді. Ешқандай қиындық туған жоқ, барлығы жоспар бойынша жүзеге асты. Мұның бәрі халықтың батасының арқасы, көптің тілегі. Халық ғарыштан өз өкілін, өз баласын көргісі келді. Және сол міндетті атқаруға Алла тағала мені таңдаған шығар. Мәскеу ғарыш мамандарының айтуынша, көп ұшқыштың ішінен, нақтырақ айтсақ қазақтың емес, күллі Одақтың арасынан сол кезде жалғыз мен ғана дайын болған екенмін. Менен кейін Талғат Мұсабаев ұшты. Бірақ оған дейін төрт жыл дайындық керек болды. Жалпы, тылсым күшке сенемін. Оны жоғарыда да айттым. Неге десеңіз, қасымда жүр­ген әріптес достарымның көбі жас­тайы­нан және кенеттен өмірден озып кетіп жатты. Бірақ мені бір құдіреттің сақ­тап жүргенін сезетінмін. Әсіресе ұшақтарды сынақтан өткізер сәттерде де бір қауіп төнсе, марқұм анам белгі беріп, аман алып қалған кездер өте көп. Бұл өмірде болмаса да марқұм анамның аспанды шексіз сүйетін жалғыз ұлын аспан жақтан үнемі қорғап, жебеп жүретініне сенемін.

– Аға, сізді сырттай бақылағанда байқағанымыз, жалқы жүресіз. Көп­шілікке қосыла бермейсіз. Батырға тән бірбеткей болмысыңыз және бар. Бұған не себеп? Неге көптен қашасыз?

– «Адамдарды жаныңа жолата бер­мейсің» дейсің. Ол рас. Жат елде жүріп сағынып, Қазақстанға алып-ұшып жеттім. Өрекпіген көңілмен «Ойбай, менің қазағым» деп құшағымды ашып, жүрегімді ұсынғанда, олар мені сатып кетті. Бір тиынға сатып кетті. Енді біреу­лері миллиардқа сатты. Қазір мил­­лиардер болып жүр. Шыны керек, мен аңқаулау кісімін. «Батыр аңғал ке­леді» деген сөз бар ғой қазақта. Мен өзімді батырмын деп санамаймын, бірақ аңқау екенім рас. Кезінде «дос­пыз» деген жігіттердің сыртымнан атымды түрлі партияларға қосып, халық алдындағы абырой-беделімді, атағымды пайдаланғандары көп болды. Көп алдандым. Соның бәрін істеген өзге емес, «ағалап» жүрген өз бауырларым. Ондай жігіттер арамызда әлі бар. «Ойбай, біз халықтың адамымыз, халық үшін тас шайнап, тау көтеріп жүрміз, мынандай партия ашып, әлемді гүлдендіреміз» деп жалаулатып жүргендер көп. Сырты жылтыр сондай азаматтардан қорқу керек. Бұл маған үлкен сабақ болды. Мың құбылған топ адаммен жүргенше, жалғыз өзім жүргенім әлдеқайда артық деп түйдім. Сондықтан да мен өз жолымды таңдадым. Ал көпшілікпен тек алыстан сыйласқанды жақсы көремін. Бүгінде досым – кең дала. Саф ауаға шығып терең тыныстап, аңшылық сейіл құрғанды жаным сүйеді. Қасқыр бар ма, жоқ па – маған бәрібір! Бастысы, табиғатпен сырлассам болды. Далаға шығып, иен далада бір аптадай жүргенде жаным рахатқа бөленеді. Себебі далада тазалық, еркіндік бар. Соны сезіну қандай ғанибет! Сол тазалық ішке кіреді екен. Жаныңа алапат қуат сыйлайды. Сен де сондай болуға ұмтыласың.

– Сіздің жылқы өсіріп, қасқырды ерекше қадір тұтатыныңызды біле­міз. Екеуі де қазақтың тегін танытушы киесі саналады. Айтыңызшы, жыл­қы мен қасқырға құмарлығыңыз қазақтан таппаған сол қазақы мінезді аңсаудан туған құштарлық емес пе?

– Адамның ішінде бұғып, тығылып жатқан сезімдер болады. Не үшін олай екеніне жауап бере алмайсың. Сол секілді менің жылқы мен қасқырға деген құмарлығымды да бір сөзбен түсіндіру қиын. Екеуі де текті жануар. Олардың бойындағы сол тазалық мені ойландырады әрі тәрбиелейді. Жан дүниең соны сүйсе, неге оған қарсы шығуың керек? Жылқыны сүю қазақтың қанында бар. Кезінде Мәди бабам тұлпар дегенде жанын береді екен. Қазақ жерімен шектелмей, тұлпар іздеп сонау Қырғызстанға дейін жеткен. Менің де бір жақсы тұлпарым болды. Қорада тұрғанда жай жылқы сияқты тұрады. Бірақ далаға шыққанда көпшіліктің өзіне назар аударғанын сезсе, мойнын аққудай керіп, танымастай құлпырып сала беретін. Көрдіңіз бе, жануар да сезеді, көп алдына шыққанда өзін көрсету керек екенін. Көрсетпесең – көптен айырмаң шамалы. Адам да солай! Текті кісінің табиғаты өзін өзі ұстауынан танылады. Олар – көптің үлгісі. Ал үлгі болу деген өте қиын. Ол – үлкен жұмыс. Сол мінезді, тектілікті мен жылқыдан көремін.

– Қазақтың мінезі дегенде ойыңыз­ға не оралады?

– Қазақтың мінезі – намыс. Бүгінде сол мінездің өзгергені рас. Оған түрлі себептер әсер етті. Кеңес Одағының құрамында болдық, түрлі қиындықтар мен нәубет жылдарды бастан өткердік. Жанымызды аман алып қалу үшін де мінезімізді өзгертуге, түрлі жолдарды таңдауға тура келді. Кезінде қазақты неге құртуға асықты. Өйткені қазақта намыстан нәр алған мінезі болды. Сол қасиеті көпті қаймықтыратын. Жылдар бойы халқымызды сақтап келе жатқан да сол қасиетіміз еді. Менің үстелімнің үстінде үнемі Бауыржан Момышұлының мүсіні тұрады. Баба тұлғасына қарап бір сілкініп аламын. Қазақ қандай болуы керек? Оны тануға, қазақтың мүлгіген санасын, іштегі сезімімізді оятуға Үкімет үлкен себеп болуы керек еді. Бірақ 30 жылдың ішінде ондай бастама болған жоқ. Бір қуанатыным – қазір қазақ оянып келеді. Іштегі сезімді, мінезді қанша тықсаң да, ол уақыты келгенде міндетті түрде сыртқа шығады екен. Әрине, бар болса. Ал қазақта ол бар. Қазақты сақтап келген де, сақтайтын да – сол мінезі. Өйткені мінез – қасиет, мінез – кие.

– Аға, өзіңіз біраз жыл саясатта да жүрдіңіз. Айтыңызшы, қайсысын бағындыру оңай екен? Ғарышты ма, әлде саясатты ма?

– Ғарышты! Өйткені ғарышта өтірік жоқ. Оны бағындыру жеңіл. Ал саясатты олай деп айта алмаймын.

– Батырлар неден қорқады?

– Тышқаннан қорқады (күлді). Қорқы­ныш... иә, қорқыныш бар. Мына аумалы-төкпелі заманда еліміздің еге­мендігін жоғалтып алудан қорқамын. Неге десеңіз, қазақтың ішінен жерін, ұлтын ойламайтын, өз қара басының қамы үшін қарманатын «мықтылар» шықты. Солардан қорқамын. Лайым Алла ынтымағымыздан айырмасын. Бар тілегім сол!

– Мінезіңіз қатал дейді сізді біле­тіндер. Сол рас па?

– Рас, мінезім қатал. Ата-анам мені жас күнімнен солай тәрбиелеген. Оған әскери тәртіптің де әсері бар. Бірақ қазіргі уақытта жас келген соң да болар, біраз жібіп қалдым. Ол үшін немерелеріме рахмет!

– Аспанға оралайықшы. Ғарышқа жетіп, Жер-Анаға аспаннан көз салған­да ең бірінші ойыңызға не оралды?

– Мен де пендемін ғой. Ең әуелі Жер-Анамен аман-есен қауышуды ойладым. Байтақ жеріме көз тігіп тұрып, мыңдаған жылдар із салған тарам-тарам көне жолдарды көрдім де, ойға баттым: «Айналайын, Отаным-ай, менен бұрын бұл жерге қаншама адам із қалдырды. Міне, осы із өшпеуі үшін біз де барымызды салудамыз. Бізден кейін де із қалдыратындар көп болсын» деп тіледім. Менің ғарышқа көтерілгендегі бар тілегім – осы еді. Қазақтың атынан ғарышқа ұшқан алғашқы қазақ екенімді ойлағаннан-ақ, ұлт алдындағы парызымды мүлтіксіз атқаруға тырыстым. Өйткені менің сапарыма бүкіл әлем көз тігіп отыр. Ал халқым үшін мұның маңызы тіпті теңдессіз. Қазақтың әлем алдындағы мерейін асыру үшін де бұл тарихи сәт қазаққа керек еді. Елімнің ғасырлар бойы езілген еңсесін тіктеуіне сәл де болсын себепкер болу менің маңдайыма бұйырыпты. Біле-білген адамға бұл бақыт қана емес, үлкен жауапкершілік те. Осы жауапкершілікті сезінгендіктен де Ғылыми академияда жан-жақты дайындықтан өттім. Сол кезде академияның президенті болған Өмірзақ Махмұтұлы Сұлтанғазиннің жетекшілігімен арнайы бағдарлама жасалды. Бағдарлама негізінде мен Арал теңізінің жағдайын ғарыштан зерттеп, фотоға түсіріп әкелдім. Ол әлемдік дең­гейде үлкен резонанс тудырды. Жапон ғалымдарымен бірлесіп зерттеулер жүр­гізілді. Әлі күнге дейін зерттеу тоқтаған жоқ.

– Ұлт үшін ерлік қалай жасалады?

– Өте қиын сұрақ. Біз жарық дүниеге келгенде өмір өзіміз үшін ғана берілген екен деп ойлаймыз. Өкінішке қарай, адамдардың көбі солай ойлап өтіп кетеді. Сөйтіп, бұл жалғанда олардың иісі түгілі, ізі де қалмайды. Ерекше туғандар Отаным деп сөз бастап, еліне қалтқысыз адал еңбек етеді. Ұлт үшін ерлік жасайтындар солар. Ұлт мұратын өз мұратынан жоғары қоятын ұрпақтарымыз көп болса екен деп тілеймін. Мағжан бабамыз айтпақшы, «Мен жастарға сенемін!».

– Сізді көріп, Шерхан Мұртаза атамыздың «Жүрекке әжім түспейді» деген сөзі ойға оралып отыр. Өзіңізді осы сымбат­ты, жап-жас қалпыңызда сақ­тауыңыздың сыры неде?

– Шынайылықта шығар. Мен өмі­рі ешкімге өтірік айтқан жоқпын. Дүние сан өзгерсе де, өз мінез, жаратылысыммен қалдым. Алла тағала мені қалай жаратты, сол қалпымды өзгертпедім. Қалай бар, солай ойымды айттым. Жалған сөйлеп, ешкімге өтірік жалпақтаған емеспін. Жағымпаздықты да, жағымпазды да жаныма жуытпадым. Ащы да болса, қолымнан келгенше, ақиқаттың жолымен жүруге тырыстым. Сондықтан болар, мені биліктегілер көп іздей қоймайды. Мені шақыратын, іздейтін – қарапайым адамдар. Қуантатыным – жастар көргісі, тыңдағысы келеді. Ал олардың әлемі таза. Жастардың энергиясы жасартады мені. Содан қуат аламын.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Назерке ЖҰМАБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»