• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Білім 10 Маусым, 2022

Кәсіптік оқытудың оңтайлы тәсілі

324 рет
көрсетілді

Былтыр шілде айында skills.enbek.kz онлайн кәсіптік оқыту платформасы іске қосылған сәттен бастап 17,8 мыңнан астам қазақстандық, оның ішінде 11,2 мың жұмыссыз азамат курс­тан өткені туралы сертификат алды. Платформада 29,8 мың адам тіркелді, оның 16,3 мыңы 2022 жылы тіркелген. Курста оқыған 11,2 мың жұмыссыз азаматтың 3,5 мыңға жуығы негізінен Қызылорда, Батыс Қазақстан, Түркістан, Атырау және Ақтөбе облыстарынан келген жастар.

Авторлар іске қосылған сәт­тен бастап платформада әр­түр­лі бағыт бойынша 119 курс жа­риялады, оның 65-і тегін. Курс­тардың ұзақтығы 1-ден 72 сағатқа дейін. Ең көп сұранысқа ие курстар – «Персоналды басқару», «Сүтті ірі қара өсіру», «Кассир», «Құлпынай өсіру А-дан Я-ға дейін» және «Ұннан жасалған кондитер өнімдері, жіктелуі және дайындалу технологиясы».

«Бұдан бұрын хабар­лан­ған­дай, платформа халықтың білім деңгейі мен кәсібилігін арттыруға, мансаптық дамуды ынталандыруға және «өмір бойы оқыту» тұжырымдамасын ілгері­летуге бағытталған. Бұл мар­кетплейс – қызметтер нары­ғы қағидаты бойынша онлайн курстарға қол жеткізуді ұсы­на­тын халықаралық оқыту алаң­дарына ұқсас құрылған. Оқу­ға тікелей https://skills.enbek.kz/ сілтемесі арқылы немесе Элек­трон­ды еңбек биржасында (enbek.kz) «Онлайн оқыту» бө­лі­мін таңдау арқылы өтуге болады. Платформада білім алушы оқытудың қолайлы қар­қы­­ны мен тілді, материалды бе­­ру­дің ыңғайлы қағидатын өз бетінше таңдайды, білім беру процесіндегі өзінің прогресін ба­қылай алады», деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері.

Оқу аяқталғаннан кейін білім алушы 70% шекті деңгеймен тестілеу тапсыруға тиіс. Онлайн курсты сәтті аяқтаған жағ­дай­да дағдыларды игеру туралы серти­фикат беріледі. Курсты аяқтаудың міндетті шарты – студент тарапынан курсты баға­лау. Бұл сертификат Элек­трон­дық еңбек биржасында (enbek.kz) тіркелген кезде білім алушы жасаған түйіндемеде автоматты түрде көрсетіледі. Қызметкерлерді іздеу кезінде әлеуетті жұмыс беруші skills.enbek.kz-те табысты оқудан кейін алынған сертификаттарды көреді.

Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылдың 9 наурызынан бас­тап платформада қолданыстағы функ­ционал оңтайландырылып, жаңа сервистер іске қосылды. Атап айтқанда, курстарды із­деу жетілдірілді, сабақтардың түсі­нікті құрылымы жасалды, оқу процесін бақылау және курс авторларымен жылдам өзара әрекеттесу мүмкіндігі пайда болды. Курс авторлары үшін ыңғайлы сабақ құрас­ты­рушы қолжетімді, жария­ланған курстардың статистикасы мен тиімділігін қарау, серти­фикаттардың әртүрлі дизайны қарастырылған, соны­мен қатар оқу құнын алдын ала есептеуге арналған онлайн-калькулятор бар. Авторлар мен әзірлеушілерге арналған платформада онлайн курс­тар­ды орналастыру тегін. Курстар мем­ле­­кеттік және орыс тілдерін­де орналастырылуы мүмкін, ақ­парат берудің әртүрлі формат­тары: мәтін, презентация, бейне және аудио материалдар, инфографика және басқа түрлері болуға тиіс. Ұсынылатын онлайн курс­тар­дың ұзақтығы 6-дан 144 сағат­қа дейін. Платформа ерекше қа­­жеттіліктері бар студенттер үшін интерфейсті бейімдеу мүм­­кіндігін ұсынады.