Президент Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асановты қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа сот жүйесінің қазіргі даму барысы туралы баяндалды.
Жақып Асанов Мемлекет басшысына азаматтық дауларды сотқа жеткізбей шешу мәселесі жөнінде айтып, соңғы 3 жылда Жоғарғы Соттың осы бағытта жүзеге асырған жобалары жайлы айтты. Оның айтуынша, бұрын істердің тек 2-3 пайызы ғана татуласумен аяқталса, қазір бұл көрсеткіш 37 пайызға жеткен.
Жоғарғы Сот төрағасының деректеріне сәйкес 2018 жылға дейін ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша бір жылда орта есеппен 23 адам ақталса, соңғы 4 жылда 160-тан астам азамат кінәсіз деп танылған. Яғни, көрсеткіш 7 есеге артқан.
Президентке мемлекеттік басқару жүйесіндегі әкімшілік юстиция туралы айтылды. Жақып Асановтың айтуынша, былтырғы 1 шілдеге дейін азаматтар мен кәсіпкерлер қаралған істердің 85 пайызы бойынша мемлекеттік органдардан жеңілетін. Қазіргі уақытта істердің 55 пайызы кәсіпкерлер мен азаматтардың пайдасына шешіледі.
Сонымен қатар кездесуде сот кадрларының сапасын жақсарту, азаматтардың сотта қорғалуын күшейту, сот ісін жүргізуді оңтайландыру және басқа да міндеттер туралы айтылды.