• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 12 Маусым, 2022

Көктемгі егіс жұмыстары ойдағыдай өтті

446 рет
көрсетілді

Биыл аграршылар егін егуді қатаң оңтайлы мерзімде аяқтады. Топырақта жиналған ылғалды сақтау жұмыстары уақытында жүргізілді. «Қазгидрометтің» маусым айы­на жасаған болжамы да қолайлы болды.

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, осы факторлардың барлығы қазіргі уақытта астық түсімін орташа жылдық көлем деңгейінде болжауға мүмкіндік береді.

– Егер бидай туралы айтатын болсақ, жалпы жиын-терім 13-13,5 млн тонна деңгейінде болады деп болжап отырмыз. Бұл өткен жылғы өнімнен шамамен 15 пайызға артық, – дейді министр.

«Қазгидрометтің» мәліметтері бойынша, егіннің өсімі үшін қолайлы ауа райы болады деп күтілуде. Барлық астық егетін аймақтарда жауын-шашын күтіліп отыр. Сонымен қатар оңтүстік өңірлерде ылғалмен қамтамасыз ету тапшылығы байқалады. Осыған байланысты оңтүстік өңірлердің әкімдері сумен қамтамасыз ету шараларын (лимиттерді сақтау, түсіндіру жұмыстарын жүргізу) уақтылы қабылдауы қажет.

Өнімділікті сақтау мен арттырудың маңызды қадамы – өсімдіктерді қорғау шаралары. Осыған байланысты облыс әкімдері арамшөптер мен зиянкестерге қарсы химиялық өңдеу жүргізуді бақылауға алуға тиіс.

Облыс әкімдіктерінің жедел деректеріне сәйкес 7-маусымдағы жағдай бойынша дәнді дақылдарды егу Ақтөбе (97,7%) және Батыс Қазақстан (86,2%) облыстарынан басқа барлық облыста аяқталған. Аталған облыстарда егіс жұмыстары егіс кезеңінде қатты жауын-шашынға байланысты кейінге қалдырылған еді.

Жаздық дақылдар 19,8 млн гектар алқапқа егілді. Бұл белгіленген жоспардан сәл артық. Жоспар – 19 835,3 мың гектар. Картоп – 189,6 мың гектарға (99,4%, жоспар 190,7 мың гектар), көкөніс, бақша дақылдары – 269,2 мың гектарға (97,4%, жоспар 276,5 мың гектар), көпжылдық шөптер – 429,6 мың гектарға (99,7%, жоспар 430,7 мың гектар) егілді.

Майлы дақылдар 3,1 млн гектарға (жос­пар 3 094 мың гектар), қант қызылшасы – 12,3 мың гектарға (жоспар 11,1 мың гектар), мақта – 121,1 мың гектарға (жоспар 114,7 мың гектар) егілді.

Жалпы егіс алқабы 23,1 млн гектарды құрады. Бұл 2021 жылдың көрсеткішінен 105 мың гектарға артық.

Осы жылы егіс жұмыстарын жүргізуге (ақпан – маусым кезеңіне) 400,2 мың тонна көлемінде дизель отыны бөлінді. Бұл өткен жыл­мен салыстырғанда 20 мың тоннаға артық.

Есептік деректерге сәйкес тұқым себу жоспары толықтай орындалды. Тұқым тап­шылығы, оның ішінде ресейлік селекциясы бойынша тапшылық байқалмады.

Облыс әкімдіктерінің деректері бойынша, биыл шамамен 670,2 мың тонна тыңайтқыш енгізу жоспарланған. Көрсеткіш өткен жыл­мен салыстырғанда 43,7 мың тоннаға артық. 7 маусымдағы жағдай бойынша аграршыларға 396,1 мың тонна минералды тыңайтқыштар тиелді. Барлығы 478,3 мың тонна минералды тыңайтқыштарды тиеуге шарттар жасалды. Қалған жоспарланған тыңайтқыш көлемі күзде енгізіледі.

Биыл «Аграрлық несие корпорациясы» желісі бойынша көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына 140 млрд теңге қарас­тырылған. Бұл жерде қосымша 70 млрд теңге көлеміндегі қаржы Үкімет тарапынан берілгенін атап өту қажет. Бүгінде «Кең дала» бағдарламасы аясында 84,1 млрд теңгеге 3 мыңнан астам ауыл шаруашылығы тауар өндіруші қаржыландырылған. Аталған бағдарлама бойынша, оның ішінде өсімдікті қорғау іс шараларын жүргізуге, сондай-ақ егін жинау жұмыстарына несиелендіру жалға­сатын болады.

Бүгінде «Азық-түлік келісімшарт кор­пора­циясы» форвардтық сатып алу шең­бе­рінде 80 млрд теңгеге 303 ауыл шаруа­шы­лығы тауарын өндірушінің 441 өтінімін қар­жыландырды.