• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
23 Сәуір, 2014

Наурыз арайы

443 рет
көрсетілді

Төрт құбыламызды тең етер жылдың төрт мезгілінің төресі – көктем айы – Нау­рыз – тамырын тереңнен тартқан, береке мен татулық­­­тың, тазалық пен ізгіліктің тұғырын нығайтатын, жаңа­шыл­дықтың, ізгілік­тің белгісі. Кеше осынау жыл басы – әз Наурызды Қазақ ұлттық аграрлық универ­сите­тінің ұжымы да кең көлемде салтанатты түрде атап өтті. «Наурыз – жаңару мерекесі!» атты думанға уни­верситет ұстаздары, студент­тері­мен қатар шетел­дік қонақтар, есімдері елге белгілі ғалымдар, ғылыми-зерттеу институттары басшылары мен өндіріс пен шаруашылық жетекшілері, қоғам қайраткерлері, қаламгерлер мен өнер майталмандары қатысып, бірге тойлады. Бұл күні оқу орнының бас ғи­ма­ратының алды әдеттегіден ерек­ше күйге енді. Жағалай киіз үйлер тігіліп, айшықты безен­ді­рілген. Күмбірлеген күй мен қазақы әуезді әуен Алматы аспанында әуелеп тұрды. Наурыз тойы­ның шымылдығын уни­вер­си­теттің халық аспаптар ансамблі «Ата толғауы» күйі­мен ашса, «Табиғаттың оянуы» қойы­­лымы мен ел бірлігін, бере­ке­сін, ты­ныштығын тілеген Қы­дыр ата­ның батасы да жиналған қауым­ның еңсесін бір көтеріп тастады. – Ата-бабаларымыз сан ғасыр армандаған азаттық пен еркіндік бүгінгі ұрпақтың еншісіне тиді, – деді Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры, академик Тілектес Есполов салтанатты жиынды ашып. Тәуелсіздік – біз үшін ең қасиетті құндылық. Осы құндылық арқылы бізге төл дәстүріміз, мәдениетіміз бен тіліміз, ең асыл мерекеміз нау­рыз тойы қайта оралды. Бүгінде егемендігіміздің арқасында елі­міз елеулі жетістіктерге жетіп, биік белестерді бағындырды. Ел­басымыз Нұрсұлтан Назар­баев­тың салиқалы саясатының нәти­жесінде қазіргі Қазақстан бүкіл әлем мойындаған мемлекетке айналды. Қазақ ұлттық аграр­лық университеті бұл күндері аграр­лық сала мамандықтары бойынша республикалық оқу-әдістеме орталығы, үздіксіз аграрлық білім беруді дамыту, фермерлердің біліктілігін арттыру орталығы, акаде­миялық ұтқырлықты дамыту бойынша үйлестіруші болып табылады. Сондай-ақ, универ­си­тет әлемнің 300-ден астам аграрлық жоғары оқу орындарын біріктіретін Жаhандық консор­циум мүшесі. Бұған қоса құрамына «ҚазАгро» ұлттық холдингі, ҚР Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы, ұлттық, трансұлттық компаниялар кіретін Аграрлық ғылыми-өндірістік консорциу­мы құрылған. Бұл ретте универ­ситетіміз жаңғырту, инновация, ғылым мен өндірістің интеграциясы және халықтың әл-ауқаты сынды мемлекет анықтап берген төрт бағытты ұстануда. Наурыз тойында оқу орнының жанынан құрылған «Гүлбану» ән-би ансамблі мен талантты ұстаз­дар мен оқытушылар да өнер­ле­рін ортаға салды. Бұған қоса ең дәмді наурыз көже дайын­дап, ұлт­тық киімдердің озық үлгі­сін көрсеткен факультеттер мен уни­верситеттің өзге де құры­лымдық бөлімшелеріне тиіс­ті дәрежедегі марапаттар мен бағалы сый­лықтар табыс етілді. Мере­ке барысында қонақтар арнайы ті­гілген қазақи үйлер мен ақ дастар­қан басында университет ұжымы әзір­леген нау­рыз көжеден дәм татты. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». ––––––––––––– Суретті түсірген М.Ботабеков.