• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 13 Маусым, 2022

Жаңа облыстарға бюджеттен 12 млрд теңге қажет – министр

200 рет
көрсетілді

Жаңа облыс орталықтары өңірлерді дамытуға жаңа серпін береді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Биыл 16 наурызда Мемлекет басшысы өзінің «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауында Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарын құруды ұсынды. Әкімшілік-аумақтық қайта құру аумағы 935 мың шаршы км (ел аумағының 35%) аумақта тұратын шамамен 5 млн тұрғынның (4,9 млн адам, ел халқының 25%) өміріне әсер ететінін атап өткен жөн. Оның ішінде ауданы 493 мың шаршы км (ел аумағының 18%-ы) болатын Абай, Жетісу, Ұлытау жаңа облыстарында шамамен 1,5 млн адам (ел халқының 7,8%) тұрады. Елдің әкімшілік-аумақтық құрылысындағы осы өзгерістер әлеуметтік-экономикалық дамудағы теңгерімсіздікті төмендету және өңірлердің аумақтық байланысын қамтамасыз ету негізіне бағытталған жаңа өңірлік саясаттың басымдықтарына толық сәйкес келеді», деді Әлібек Қуантыров.

Оның айтуынша, Семей, Жезқазған және Қонаев қалаларына облыс орталығы мәртебесін беру өңірлерді дамытуға жаңа серпін береді.

«Бүгінде бұл қалаларда инфрақұрылымның тозуына, жолдардың сапасына, көлік жүйесінің жай-күйіне байланысты проблемалар бар. Жаңа мәртебе осы қалаларға инвестиция ағынын ұлғайтады және аумақтық-әкімшілік бөліністің неғұрлым ұтымды есебінен жергілікті проблемаларды неғұрлым тиімді шешуге мүмкіндік береді. Жалпы, Мемлекет басшысының бұл реформасы өңірлерде жинақталған проблемаларды кешенді шешуге және олардың одан әрі дамуының кедергілерін жоюға бағытталған. Мемлекет басшысының жаңа облыстарды құру жөніндегі бастамасы халық, жұртшылық, қаралып отырған өңірлердің аудандық және облыстық деңгейдегі депутаттары арасында қолдау тапты», деді министр.