• RUB:
    4.98
  • USD:
    495.95
  • EUR:
    524.37
Басты сайтқа өту
23 Сәуір, 2014

Тың тарланы

674 рет
көрсетілді

Күні кеше болып өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясында сөйлеген сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Биыл біз тың эпопеясы басталуының 60 жылдығын атап өтеміз және елдің астық қамбасын құру үшін жұмыс істегендердің бәрін еске түсіреміз» деді. Осынау тамаша тарихи сөзде орынды айтылғандай, ауыр жағдайда тың көтеріп, ашық далада инфрақұрылым тұрғызғандардың ішінде орыстар, украиндар, немістер, татарлар, қазақтар, басқа да он сан ұлттар өкілдері бар еді. Біздің бүгінгі әңгімеміз өз туған жерінде тыңды түлеткен барлық ұлт өкілдерінің құрметіне бөленген, осы эпопеяның шын мәніндегі бір қаһарманы, аруағы риза болғыр біртуар асыл азамат хақында. Тың игерудің отымен кіріп, күлімен шыққан қазақтың апайтөс азаматтарының арасында Қима-Жақсы, тұтас Торғай өңірін түлетуге ерен еңбек сіңірген Бірәлі Нұртазиннің орны бөлек. Ол қашанда осынау замана жорығының қиындығын да көтерген, несібесін де терген, қайшылығын да өткерген, кейіннен абыройына да бөленген қара нарларының қатарында тұрары хақ. Кезінде тоғыз жыл табан аудармай Торғай облатком төрағасының бірінші орынбасары болған, одан соң Көкшетау облысын басқарған, республика басшылығында аса жоғары лауазымды қызметтер атқарған, халқымыздың қадірменді ақсақалы Мақтай Рамазанұлы Сағдиев «Ардагер азаматтар» деген кітапта былай деп еске алады: «Облыстың экономикасы мен мәдениетін дамытуға қабілетті кадрлар өсіп, істе шынықты. Солардың бірі Қима ауданындағы «Ешім» совхозының директоры Б.Нұртазин еді. Совхоздың өсіп-өркендеуіне үлкен үлес қосқан жігерлі ұйымдастырушы Бірәлі Нұртазин кейін Еңбек Ері атағын алды». Байқаған адамға осы бір ауыз ғана лепестің астарында үлкен мән жатыр. «Топқа түсер ерің кім еді, бетке тұтар белің кім еді?» дегенде Бірәлінің аталатын жөні де бар екен. 1970 жылдардың орта тұсы. Қима ауданы коммунистерінің конференциясы өтіп жатыр. Жалған жарқылдақ. Дабыра-даңғаза. Көлгірсіген мадақ. Лепірген көбік тасқынның сәл толас тапқан бір шағында мінберге жас жігітше жеңіл басып орта бойлы, мығым да кесек денелі, ақсары жүзінен айналасына шуақ төккен көркем кісі көтерілді. Сәлден соң-ақ біртүрлі қатаң кейіпке көшкен шешен көп күттірмей сөйлеп кетті. Орысшалап анық, саңқылдай сөйлеген сөздері жатық, ойлы да қисынды әрі нақты. Сыпайылық рәсімінен жаңылмаған ол өз шаруашылығының жай-күйін, жалпы, уақыт талабын баяндай келе, сөзінің бар салмағын түпке сақтағанын аңдатты. – Құрметті конференция делегаттары! – деп сөзін жалғастырған шешен, – осы арада айтпасқа болмайтын бір жәйт болып тұр. Мен өз басым қасқа маңдайдан қара тырнағыма дейін интернационалист адаммын. Совхозымдағы бес мың халықтың орысы мен қазағы, немісі мен украины және басқаларының ешқайсысы мені ұлт мәселесінде қылдан тайды деп айта алмайтын шығар. Ешкімді ұлтына қарай алаламаймын да. Тағдырым, өмір тарихым мені осыған үйреткен. – Мен сырттан сыпсың таратпаймын, – деп жалғады сөзін шешен. – Әлдекімдерше жоғарыға арыз-шағым да жолдамаймын. Келіспейтін нәрсемді тура көзге, осы конференция үстінде, обкомның екінші хатшысы Голубенко жолдастың қатысып отырғанын пайдаланып, ашық айтамын. Касьянов жолдастың өзіне бұдан бұрынғы пленумдарда да бірнеше рет ескертіп айтқанмын. Бірақ одан қорытынды шығатын түрі көрінбейді. Ауданда қазақ кадрларын елемеушілік, әрі-беріден соң түртпектеп, орынсыз қудалап, шетқақпай қылу көріністері белең алып барады. Ол ол ма, лауазымды қызметте жүрген қазақ азаматтарының өзін түрлі қитұрқылықпен қақпайлап қорлау әрекеттері осы конференция үстінде де байқалып отыр. Лениндік ұлт саясатын бұрмалап, қазақтарды жек көретін пасық қоламтаны қоздатушы– райкомның ұйымдастыру-партиялық бөлімінің меңгерушісі Симакин. Ол аудандық халықтық бақылау комитетінің төрағасы Хасеновті, кәсіподақтар аудандық кеңесінің төрағасы Ғайсинді, аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Садырбековті осы конференцияда аупартком бюро мүшелігіне өткізбеуге күш салып, оларды, тіпті, тізімге де енгізбей қойған. Есесіне өзі бюро мүшесі болудан дәмелі. Жоғарыда аталған үш лауазымды қызмет иелері күллі Қазақстан, бүкіл Совет Одағы бойынша партиялық тәжірибеде ешбір сөзсіз, автоматты түрде бюро мүшелері болып келді емес пе. Ендеше, Симакиннің сол партиялық тәртіпті бұзып, өзім білеммен бейбастыққа салынуын, бұл жолсыздықты Касьяновтың елемеуін, көрмеуін шектен шығу, ұлт кадрларын шетке қағу деп бағалаймыз. Егер осы сыннан тиісті қорытынды шықпайтын болса, мен конференция делегаттарын бірінші хатшымыз Касьянов жолдасқа сенімсіздік көрсетуге шақыруға мәжбүр боламын. Тағы да айтарым, жолдас Голубенко, мені қате түсініп қалмауыңызды сұраймын. Мен әсте бас пайдамды, басқадай жеке мүддемді көздеп тұрған жоқпын. Қазіргі басқарып жүрген совхозым, осы директорлық қызметім өзіме жетеді. Облыстық партия комитетінің бюро мүшелеріне, Сақан Құсайынұлы Құсайынов жолдасқа болған жағдайды объективті жеткізерсіз деп ойлаймын!.. Шешен сөзін осылай аяқтады да, мін­беден шапшаң түсіп кетті. Айызы қанған зал дулата қол соғып жіберді. Енді қайтсін-ай, басым көпшілігі қазақ. Сол бір тымырсық заман, қиын шақта қырсығы тиер-ау деп қорықпай, қазақ ұлтының жыртысын жыртып, тасадан тас ататындарға сілейте соққы берген азамат жоғарыда айтқан «Ешім» совхозының директоры Бірәлі Нұртазин болатын. ...Иә, Бірәлі сирек қасиет иесі еді. Сонымен бірге, байқап қарасақ, бұл кісі сирек тағдырдың да иесі болған екен. Сарғайған құжат-қағаздары суыртпақтап сараң сыр шертеді. Біз олардан азамат Бірәлі Нұртазиннің 1948 жылдың ақпанында жиырма бес жылға сотталғанын, одан 1954 жылдың 25 қыркүйегіндегі КСРО Жоғары соты Әскери коллегиясының шешімімен мерзімі 5 жылға дейін шегеріліп, сотталған деген айыбы алынып, сайлау құқығына қол сұғылмай босатылғанын білеміз. Фашистік Германияға қарсы соғыста полк барлаушысы болып, қан майданда от кешіп, Отан қорғаған, ерлігі үшін екі «Қызыл Жұлдыз», «Даңқ» ордендерімен марапатталған, екі мәрте өлімші жараланған сайыпқыран солдатын болмашыға бола нақақтан-нақақ, мағынасыз безбүйректікпен соттай салу сталиндік қаныпезер жүйенің ғана қолынан келер. Ал енді өмірге ғашық ғажайып адамның құдіретіне қараңыз. Осы тамұқтан тамтығы қалмастай болып шыққан Бірәлі осыдан он бес жыл өткенде совхоз директоры, жиырма жыл өткенде Кеңес елінің ең көрнекті атағының иегері – Социалистік Еңбек Ері. Мына бір суретте күні кеше ғана замана тәлкегі керексіз қылып қоқысқа тастаған адам Қазақстанның басшысы Дінмұхамед Қонаевпен жайдары күліп, жаймашуақ сөйлесіп тұр. Ал мына бір жерде Бірәлі ел ардақтыларының ортасында. Социалистік Еңбек Ерлері – Зылиқа Тамшыбаева, Кәмшат Дөненбаева, Тұрлыбек Әбіл­пейісов сияқты саңлақтар. Қонаев. Бәйкен Әшімов. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бюро мүшелерінің төрт көздері түгел. Тәуелсіз Қазақ елінің бола­шақ Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та осы қатарда. Осындай игі жақсылар мен жайсаңдардың бел ортасында жүзінен шуақ төгіліп, кеудесінде ордендері мен медальдары жұлдыздай самсап тағы да ардақты да аяулы Бірәлі ағамыз отыр. Оның мұншалықты биік дәрежеге жетуін жазықсыз тоғыз жыл түрме қапасында болғанда бүгілмеген, түңілмеген, табанды да қайсар жанның тағдырды жеңуі деп қана айта аламыз. Зарығып аңсаған бостан өмірдің ауасын Бірәлі кеудесін кере жұтты. Құштарлана, құмарта сүйді өмірді. Тағдыры өзіне ұқсас, өрімдей жас қыз Зәйниге үйленіп, отба­сылық бақытының ақ отауын тікті. Түрмеде жүргеннің өзінде тырмысып алған құрылысшы-прораб мамандығы текке кеткен жоқ. «Жақсықұрылыс» тресі құрылыс-монтаж учаскесіне шебер болып жұмысқа кірді. Аз уақытта осы учаскенің прорабы, бастығы болып өсті. Жақсыдағы үлкен элеваторды салып, 1956 жылы тыңның алғашқы көл-көсір астығын қабылдады. Алматыдан уәкіл болып келген ескі жолдас, кейінгі абыз әдебиетші Тұрсынбек Кәкішевпен көзайым болып кездесетіні де осы кезде. Одан трест таратылғанда «Жақсы» кеңшарының аға прорабы болып ауысты. Бұдан соң ел мен жерге бұрынғыдан да етене жақындап, жеті жыл сол «Жақсы» кеңшарының Подгорный бөлімшесін басқарды. Сөйтіп жүріп Целиноград қаласындағы бір жылдық механикаландыру курсын бітіріп, әрі Ауыл шаруашылығы институтында сырттай оқып, ғалым-агроном мамандығын алып үлгерді. 1969 жылдың ақпанында ысылған өндіріс сардары Бірәлі Нұртазинді, сол кездің тілімен айтқанда, «жағдайды құт­қаруға», тығырықтан жол табуға Қима ауданы «Ешім» кеңшарының директоры етіп жіберді. Осы «Ешім» кеңшарын үздіксіз басқарған жиырма бір жыл Бірәлі Нұрта­зиннің тағдырға құрық салған, қайрат-жігері тасыған, ұлағат-өнегесі өзінен асып, байтақ еліне жайылған жұлдызды жылдары болды. Бұрын ілбіп артта қалған кеңшар өркендеп алға шықты. Төскейде малы мыңғырып, Әбдірахман Біргебаев сияқты шопандары Социалистік Еңбек Ері атанды. Егіншілігі және өркендеп, соның озат тәжірибесінен Бірекең «Зерновой гигант-Астық алыбы» деген кітап та жазып шығарды. Ауыл-селоларда қаншама құрылыс салғызып, су құбырын тартқызып сәулеттендірді. Осы жылдарда ауылшаруашылық өндірісінің білгір ұйымдастырушысы, тамаша басшы ретіндегі дарыны жарқырап ашылған, кеңшарды керемет көрнекті көрсеткіштерге жеткізген оның өзі де кеудесіне Алтын Жұлдыз тақты. Орыс-қазағы, неміс-украины аралас төрт мыңнан астам халқы бар, төрт бөлімшелі «Ешім» кеңшарының кәрі-жасына, жұмыскері мен маманына, диқаны мен шопанына адам, азамат ретінде де Бірекең аса сыйлы болды. Туған ел-жұртында Бірекеңнің еңбегі мен елгезектігін жыр қылып айтады. Соның бірі Жақсы кентінде, осыдан 10 шақты жыл бұрын 97 жастағы Нұржан қажы Мұқанұлы айтқан әңгіме... Подгорный бөлімшесінде алпысыншы жылдардың ортасында басқарушы болып жүрген кезі екен. Бір топ шалдар Белағаш сайының бойын қол шалғымен шөп шауып жатады. Сөйтсе, директор Иван Таркиевский келіп қалып, «Бұл жердің шөбін шабуға рұқсат жоқ!» деп, шалдарды сайдан тым-тырақай, сүтке тиген мысықтай етіп қуып шығыпты. Амалдары құрыған шөпшілер жылдағы шауып жүрген сыбағалы несібелерінен қағылғандарына қынжылып тарап кетеді. Содан Нұржан ақсақалға жолай бұл оқиғадан бейхабар Бірәлі кезігіп: «Ау, Нұреке, иә, шөп не болып жатыр?»деп сұрайды емес пе. «Шөптің не боп жат­қанын» білгесін Бірәлі ешбір саспас­тан жаймен ғана «Жылда шауып жүрген жерлеріңіз, уайым етпей, барып шаба беріңіздер, совхоз директорына жауабын өзім беремін», дейді. Сосын директорға барып айтады. «Ау, Иван Матвеевич, шалдарды ренжітіп қайтесіз? Сайдың табанында не ақымыз бар? Онсыз да 30 мың гектар егінімізге үлгере алмай жатырмыз. Қайта, шауып алсын. Сонда қыста шөп сұрап келіп мазамызды алмайды ғой», дейді. Өзі де арқа сүйеп, бетін қайтара алмайтын беделді басқарушының қисынды сөзіне директордың тоқтамасқа амалы қалмайды. Бірәлі директорлыққа бекуге Алматыға барғанда атақты Ауыл шаруашылығы министрі Моторико тосыннан: – Шаруашылықта ең бастысы не? – деп сұрақ қойыпты. Қапелімде абыржып, аңтарылып қалған Бірәлі ақыры ойланып отырып: – Адамдар, – дейді. – Дұрыс!.. – деген екен сонда мәшһүр министр Моторико. Бірәлінің бір әдеті, қарбалас ауыр жұмыстардан кейін адамдардың жақсылап дем алуын, көңіл көтеруін қалаған, өзі соны жүгіріп жүріп ұйымдастырған. Кейбір тасыр басшыларша, бұйрық жазып, орынды-орынсыз төпелеп жексенбі күні де жұмыс істетуге қарсы болған. «Адамдардың көңі­лі алаңдаулы болғасын, жексенбі күнгі жұмыс – жұмыс емес, әншейін жүйке тоздыру. Демалыс үшін үкіметтің арнайы бөлген жексенбісінде жұрт дем алсын, тынықсын, басқа шаруаларын бітірсін», дейді екен. Ал бірақ жұмысқа келгенде, тап Бір­әлідей талап қойғыш, айтқанын істеткіш басшы болмаған. Қыста күн сайын таңғы бесте мал қораларынан табылған. Аралап, жұмысты өз көзімен көріп, ескертуін айтып, малшы-сауыншыларға, айқай-ұйқайсыз көрсетіп, көзін жеткізген. Өзі де жанын жеп, ұйқы-күлкі көрмей жұмыс істеген Бірәлі содан соң қарамағындағы халыққа өтімді, беделді болған. Бірде, Бірәлінің Подгорныйда бөлімше басқарушысы кезінде бұлар егін орағын бітіріп, енді комбайншылар «Островский» кеңшарына көмекке барсын деген пәрмен келеді. Бірақ механизаторлар қырсығып, бригадирдің тілін алмай, көршілердің егінін жинауға көмекке барудан бас тартады. Содан, ақыры, не керек «бүлікшілерге» Бірәлі өзі келеді. Оның қарасы көрінгеннен-ақ өрекпіп, бригадирді беттетпей тұрған жігіттердің жүндері жығыла бастайды. Бірәлі келе сөзге кіріседі. «Әй, Толя, айтшы, былтыр ғой сен менен бұзау сұрадың. Мен бетіңді қайтардым ба? Сережа, Павлик, қайсыңа болсын көмек көрсетпеген жерім бар ма? Ал, бұларың не?» Жігіттер ұялып, басқа сөзге келместен «Борис Григорьевич, кешіріңіз, бізден қателік болды» десіп, «Островскийге» сол арада бір кісідей аттанып кетіпті. Бірәлінің ұйымдастырушылық ше­бер­лігі мен әріден ойлайтын іскерлігі «Ешім» совхозын басқарған жылдарда жарқырап көрінді. Мұнда әсіресе Есіл мен Терісаққан өзендерінің тоғысқан тұстарынан бөгет салғызып, жасыл желек шабындықты суға тойғыза жайқалтуы, Краснояр өлкесіндегі тайгада ағаш да­йындайтын учаске құруы, кеңшарда кірпіш құятын зауыт ашуы, көкөністердің нешеме түрін өсірткізуі, үйрек-қаз фермасын ашуы, кеңшардың ауыл-селоларын құрылыспен көркейтуі оның жаңашылдығын, ұлан-ғайыр қабілетін, буырқанған жігер-күшін, толағай қай­ратын паш еткендей. Иә, тың игеру елге құт-береке әкелуге тиісті болса, сол игі­лікті қолымен жасаушы, сол заманның бір атпал Ері Бірәлі еді. Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан».