• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Медицина 13 Маусым, 2022

Смартфон және бала саулығы

473 рет
көрсетілді

Қазіргі таңда телефон қолданбайтын адамды кезіктіру қиын. Әрине, бұл жақсы да. Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алып, жаңа ақпаратты дер кезінде қабылдап үлгердік. Алайда смартфон бүгінде «бала жұбату» қызметін де атқарып жүргені белгілі. Мамандар бұл қауіпті үрдіс екенін айтып дабыл қағуда.

АҚШ ғалымдары бірнеше жыл бұрын 2-3 жас аралығындағы 47 баланың миына маңызды зерттеу жұмысын жасаған. Ғалым­дар тәулігіне бір сағаттан аса смар­т­фон қолданған баланың миын­да­ғы сөйлеу және жазу қабілетіне жоғары деңгейде зиян келетінін анықтаған. Сонымен бірге бала тұ­йықталып һәм өзді-өзімен оңа­ша­ланып, қоршаған ортамен байланысудан қалатын көрінеді.

Мамандардың айтуынша, бү­гінде мектеп жасындағы бүл­дір­шіндердің 60 пайызға жуығы көзілдірік киеді. Бұған бір­ден-бір себеп – қалта телефондары. Көру қабілеті төмендеген бала­­лар айналадан оқшауланып, қи­мыл-қозғалысының төмендеуі мүмкін деген қауіп бар. Әрі ата-аналардың бала денсаулығына салғырт қарауы мәселені ушық­ты­рып отыр. Баланың «ата-анасы», «досы», «сыныптасы» да теле­фонға айналуда. Жұмысбасты ата-ананың жалғыз сенері де осы смарт­фон болғандай.

Дәрігерлер үш жасқа дейінгі балаларға мүлде смартфон беруге болмайтынын айтып кеңес беруде. Бұл жасқа дейінгі балалардың миы үздіксіз қалыптасу кезеңін бастан кешетінін ескертеді. Соны­мен қатар телефон ұстап өскен бал­дыр­ғандарда психологиялық және неврологиялық аурулар туындау қаупі кездеседі. Қазақстанда ойынқұмар балалардың еліктеу салдарынан түрлі қылмыстарға барып жүргенін құлақ естіп, көз көруде. Әрі мектеп жасындағы балалардың қалыпты білім алуына смартфон едәуір деңгейде кері әсер етіп жатқанға ұқсайды.

Бұл жөнінде Алматы қала­сын­­дағы Жетісу ауданының №102 мектебінің ұстазы Ұлжан Ерғалиқызы: «Қазіргі оқу үрді­сін­де техникалық құрал­дар­­дың тиімділігіне байланысты түрлі әдістер, ойындар, қызықты сайт­тар арқылы оқытудың жаңа тәсіл­дері енгізіліп жатқаны еш­кімге таңсық емес. Өмір сүру салты­мызға икемделіп жатқан мұн­дай бетбұрыстың оң жақ­та­рымен қоса зиянын да жоққа шыға­руға мүлде болмайды. Мойын­дау керек, смартфон, интернет тү­сініктері біздің өмірі­міз­дің ажы­рамас бөлігіне айналды. Ал мұн­дай өзгеріске біз пси­хо­ло­гия­лық, тұрмыстық деңгейде да­йын болдық па, жоқ па – оған бас қатырып жатқандардың қарасы аз. Қазіргі оқушылардың білім сапасы, қабылдау деңгейі ал­дың­ғылардан әлдеқайда шап­шаң екенін мектеп қабыр­ға­сында бі­лім бере жүріп байқағанымыз бар. Дей тұрса да, табиғи жолмен дамып жетілмеген интеллектінің ерте ме, кеш пе өз ауруынан сыр бере бастайтыны мәлім жайт, бұлай деу­ге айтылар себеп көп. Солардың бірқатарын ай­та­йық. Оқушы бо­йынан тыным­сыз­­­дық, сабырсыздық мінез­де­рі жиі бай­қа­лады; өзіне-өзі сенімсіз күйде жауап береді; теле­фонға ар­қа­сүйеушілік басым; оқулық­та­ғы деректер емес, телефоннан алын­ған (негізсіз болса да) ақпа­рат­тарға сүйенуге құштар келеді.

Бұдан өзге, оқушылардың са­бақ барысында белсенділігі тө­мен­­­деп келе жатқаны байқа­ла­ды. Мысалы, орнынан тұрып жа­уап беру, бірінші болуға ұмтылу, мек­­теп іс-шараларына қатысу (ән айтып, би билеп өнер көрсету). Мек­теп өміріндегі мұндай бел­сен­ді өмір салтын қазіргі таңда тик-ток түсіріп, ел қарасын көбейту се­кілді түсініктердің белең алып кет­­кені көңіл көншітпей тұр» дей­ді мұғалім.

Ал №10 қалалық емхананың жалпы практика дәрігері Арман Сәрсенбайұлы болса, көзге қа­тыс­ты мәселелермен келетін мек­теп жасындағы балалар саны артып келе жатқанын алға тартады.

– Смартфон балалардың қо­лын­да күнделікті болуының сал­­да­рынан бұл баланың ден­сау­лығына тікелей әсер етеді. Ұй­қы­сыздық пайда болады, ба­лалар телефон қараған кезде мойнына, буын­дарына, сү­йек­теріне күш түсе­ді. Содан да смартфонның балаға тигізер зар­дабы зор. Күнделікті әртүрлі ойындарды көбірек ойнай бергеннен соң баланың қоршаған ортамен қарым-қатынасы азайып, оқшаулана береді. Көзге тиетін зиянына тоқталсақ, бірін­шіден, көздің анықтаушы қыз­ме­ті бұ­зы­ла­ды. Көру дәлділігі тө­мен­деп, заттарды бұлдыратып көре бастайды. Бізге көз мәселесімен емханаға келген балалардың саны көбейгені рас. Бұған себеп смартфоннан шығатын көк түсті сәулелер, түнде телефонмен ойнаған соң ұйқысы да шала бо­лып, осының бәрі көзге едәуір салмақ түсіреді», дейді дәрігер.

Шынында, бүгінгі құрыл­ғы­лар­дың балалар денсаулығына әкелген зиянды тұстары әр алуан. Сонымен бірге психологиялық тұрғыдан зияны орасан зор. Көзге көрініп, қолға ұсталмайтын адам санасы нәзік мәселе. Жады ақ қағаз секілді балалар естігені мен көргенін әп-сәтте сорып ала­тын шаңсорғыш іспетті. Пси­хо­лог Эрик Берннің «Ойын ой­наған адамдар» кітабының «Адам тағдыры» атты бөлімінде адам­ның тағдыры жақсы не жаман болатынын баланың алты жасқа дейінгі көрген, естіген, түй­ген нәрселері шешеді деген пікір айтады. Яғни адамның миы бағ­дар­лама іспетті. Оған бала күні жазылған дүниелер өз жемі­сін береді. Бабаларымыз бізге батырлық, ерлік жайлы ертегілер айтуының себебі, ішіндегі әрбір ізгілік жайлы ойларды балалар кейінгі өмірінде жүзеге асырады. Алыптар жайлы ертегі тыңдап өскен бала ерлікке құштар болып өсетіні мәлім. Мәселен, қа­зақ ертегілеріндегі жақсылық пен жамандық образы қатар өрбіп, соңында жақсылықтың үстем болып, батырлардың «мұ­рат-мақ­са­ты­на жетіп» аяқта­ла­тынында үлкен мән бар. Қай кезде де аққа Құдай жақ екенін, ізгіліктің тасты жарып жеңіп шыға­тынын санасына құйып өскен бала өмірдің әртүрлі жолақ­та­рына мойымасы анық.

Ал бүгінгі смартфон ұстаған балалардың «ютубтан» қандай бейнебаяндар көріп жүргенін бір Құдайдың өзі білсін. Бірінен соң бірі шыға келетін толассыз бейнебаяндардың ішінде қор­қы­нышты сұлбалар мен жала­ңаш­танған адамдар, қи­сын­сыз даулар мен бет жұлыс­қан жанжалдар, ұлттық болмысымызға ешқашан жанаспайтын әдеттер мен шетелдік модалар бүл­дір­шін­­деріміздің санасын қаншалық был­ғап жатыр?..

Қорыта айтқанда, ел бола­шағына үлес қосу – бала­ла­ры­мыз­дың ертеңіне, денсаулығы мен тәрбиесіне жіті қараудан бас­талады.