Маусымның 16-сы күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңадан құрылған Ұлытау облысының орталығында өтетін Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысына қатысады. Бұл туралы Президенттің баспасөз қызметі хабарлады.
Ел өміріндегі маңызды мәселелерді талқылайтын алқалы жиын алғаш рет ұйымдастырылғалы отыр. Мемлекет басшысының 16 наурыздағы халыққа арнаған Жолдауынан кейін құрылған бұл консультативтік-кеңесші органның құрамына Парламент депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының, азаматтық қоғам мен саяси партиялардың өкілдері, кәсіпкерлер мен білікті сарапшылар, сондай-ақ қоғамдық кеңес мүшелері кіреді. Ұлттық құрылтайдың алдына қойған ең маңызды міндеттерінің бірі – қоғамдық бірігуді одан әрі дамыту бойынша идеялар ұсынып, нақты қадамдар жасау.
Естеріңізде болса, Жолдауда Президент Ұлттық құрылтай құру туралы бастама көтеріп, бұл жөнінде «Бабаларымыз ел тағдырын айқындайтын тарихи шешімдерді бүкіл халық болып ақылдасып, бірге қабылдаған. Ұлытауда, Ордабасы мен Күлтөбеде өткен ұлы басқосулар – соның айқын дәлелі. Келелі жиында айтылған кесімді сөзге алты Алаштың баласы түгел тоқтаған. Біз бірліктің бастауы болған осы дала демократиясының дәстүрін жаңғыртуымыз керек», деген еді.
Демократиялық жолмен дамуды таңдап, Әділетті, Жаңа Қазақстан құруға бет алған елде ұлттың бірлігін сақтау мәселесі ең алдыңғы қатарға шығатыны сөзсіз. Ал бұл мақсатты жүзеге асырудың нақты жолдары мен механизмдері осы алқалы басқосуда айтылары хақ.
Ұлттық құрылтайдың алғашқы жиыны ұлт ұясы – Ұлытауда өтетіні жайлы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі референдумнан кейін Қазақстан халқына үндеуінде айтты. «Қастерлі тәуелсіздігімізді, ел бірлігін және қоғамдық келісімді нығайту – біздің негізгі міндетіміз. Бұл реформалар құр атақ-абырой үшін қолға алынған жоқ. Мұның бәрін Жаңа, Әділетті Қазақстан құру үшін жасап жатырмыз. Халқымызда «Кеңесіп пішкен тон келте болмайды» деген сөз бар. Бабаларымыз маңызды мәселені алқалы жиында шешкен. Мен осы дәстүрді жаңғыртып, Ұлттық құрылтай құру туралы бастама көтердім. Оған қоғамның түрлі топ өкілдері, беделді әрі белсенді азаматтар шақырылады», деді Мемлекет басшысы.
«Ұлытау – халқымыздың ел болып қалыптасуына, бірлік-тірлігіне діңгек болған, иісі қазақтың айналып соғар түп қазығындай қасиетті мекен. Ұлытау қазақтың ерте кездегі саяси орталығы ретінде маңызды болғандығына бір дәлел қазақ ұлысының негізін құрған басты-басты тайпалардың барлығының жері осы Ұлытаудан тараған». Бұл – әйгілі академик Әлкей Марғұланның киелі мекен туралы жазбасы. Қарт тарих қазақ елінің халық болып қалыптасуының түп-төркіні осы Ұлытаудан бастау алатынына куә. Ендеше, алғашқы Ұлттық құрылтайдың осынау қасиетті мекеннен бастау алғаны да тарихи заңдылық болар.
Ұлытауда өтетін Ұлттық құрылтай отырысына түрлі топ өкілдері, беделді әрі белсенді азаматтар қатысады деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев маусымның 17-сі күні Ресей Президенті Владимир Путиннің шақыруымен Петербор халықаралық экономикалық форумының 25-мерейтойлық жиынына қатысады.
Мемлекет басшысы Форумның пленарлық отырысына қатысып, бірқатар екіжақты кездесу өткізеді деп жоспарланған. 15-18 маусымда өткізіледі деп бекітілген XXV Петербор халықаралық экономикалық форумының іскерлік бағдарламасы дәстүрлі түрде жаһандық және ресейлік экономика мәселелеріне, әлеуметтік мәселелер мен технологияларды дамытуға арналады.
Президенттің баспасөз қызметі жариялаған Мемлекет басшысының осы аптадағы жұмыс кестесіне сәйкес 19 маусымда Қазақстан Президенті Иран Ислам Республикасының Президенті Ибрахим Раисидің шақыруымен Иранға ресми сапармен барады. Тегеранда жоғары деңгейде екіжақты кездесулер өткізу және бірқатар үкіметаралық құжатқа қол қою жоспарланып отыр.