Ел картасына жеке өңір болып енген Жетісу облысындағы әкімшілік шекара бөлінісі мен атқарушы билік құрылымын қалыптастыру үрдісі толықтай аяқталды деуге болады. Ендігі жерде өңірдің қалыпты өркендеуі мен әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты жұмыс күн тәртібіне шығатыны аян. Бұл тұрғыда күні кеше облыс басшысы болып тағайындалған Бейбіт Исабаевтың әкім ретінде атқаратын ісі қыруар.
Жақында Жетісу облысындағы белсенді қауыммен кездескен Премьер-Министр Әлихан Смайылов облыстың жаңа басшысына басқару органдары мен мемлекеттік мекемелердің тұрақты жұмысын қалыптастыруды міндеттеген еді. Үкімет басшысы сондай-ақ жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру, жаңа жұмыс орындарын кеңінен ашу керектігін де баса айтты.
Реті келгенде біз Үкімет басшысы атап өткен Талдықорған қаласындағы индустриалды аймақтың қазіргі жай-күйін тілге тиек етпекпіз. Жалпы, «Талдықорған» индустриалды аймағының аумағы 594,9 гектар жерді алып жатыр екен. 2016 жылы қазығы қағылған аймақтың құрылыс жұмыстарын кезең-кезеңге бөліп жүргізу жоспарланған болатын. Мұнда қазір инженерлік жүйелер тартылып, қажетті жұмыстың басым бөлігі аяқталған. Ал индустриалды аймақтың құрылысына республикалық бюджеттен 2,9 млрд теңге қаражат бөлінген болатын. Бүгінде инвесторлардың алғашқы легі өз өндіріс орындарын осы аймаққа көшіріп, жұмысын бастап кеткен. Яғни осы сәтте «Талдықорған» индустриалды аймағының аумағында 6 кәсіпорын орналасты. Мұндағы өндірісте төрт жүздей адам жұмыс істейді. Тағы 3 инвестициялық жоба қолға алынып жатқан көрінеді.
Солардың қатарында жақында облыс әкімдігімен келісімшартқа қол қойған «ТК «Газоблок» компаниясы мен «Алмпласт» серіктестігінің жобалары бар. Меморандум аясында құрылыс саласындағы 5 жаңа жоба қолға алынбақ. Мәселен, «ТК «Газоблок» компаниясы Іле ауданында 3 зауыт, Талдықорғанда 1 зауыт салуға ниетті. Бұл кәсіпорындар газблоктар, цемент панельдердің талшықтарын, шыны мақталарын шығаратын болады. Жобалар жеті жылға жоспарланған. Шамамен 26 млрд теңге инвестиция тартылып, 240 жұмыс орны ашылады.
– Біз шығаратын құрылыс материалдары негізінен сырт елдерден әкелінеді. Қысқаша айтқанда, импортқа тәуелді. Сондықтан біз ішкі нарықтың сұранысын отандық өнімдермен толықтыруды мақсат етіп отырмыз, – дейді «ТК «Газоблок» компаниясының бас директоры Максим Ким.
Ал «Алмпласт» ЖШС «Талдықорған» индустриалды аймағында диаметрі 20- 1 200 мм пластик құбырлар шығаратын өндіріс орнын ашады. Жоба 2022-2023 жылдары іске асырылады. Тартылатын инвестиция көлемі – 2,6 млрд теңге шамасында, нәтижесінде, 37 жұмыс орны құрылады. Жобаның жылдық қуаты – 16,8 мың тонна. Бұл жобалар құрылыс индустриясының дамуына жаңа серпін беріп, ел нарығына отандық құрылыс материалдарын көптеп шығаруға үлес қоспақ.
Жалпы, Талдықорған қаласы бойынша инвесторларды тарту жұмысы әлі де жандандыруды қажет етеді екен. Яғни облыс орталығында кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба мен «Бизнестің жол картасы» аясында кәсіпкерлерге қолдау көрсету жұмысын күшейту бірінші міндет болып отыр. Оның үстіне, былтыр Талдықорған бойынша шағын және орта бизнесте жұмыс істейтіндер саны мен бюджетке құйылатын салық түсімі азайған. Ал Талдықорған өңірін және қаланы дамыту жоспарларына сәйкес 2025 жылға дейін 14 мың жұмыс орнын құратын 1,8 трлн теңгеге 316 инвестициялық жобадан тұратын пул құрылған. Соның ішінде Талдықорған өңірінде 6,6 мың жұмыс орны болатын жалпы сомасы 1 трлн теңгелік 186 жобаны іске асыру көзделіп отыр. Биылдың өзінде қалада инвестиция сомасы 7,8 млрд теңгені құрайтын, 281 жұмыс орны ашылатын 5 жоба іске қосылады деп болжанған. Бірақ 200 мыңға жуық тұрғыны бар қала үшін бұл жеткіліксіз екені анық.
Жетісу облысы