Дебат турнирлерінің жеңімпаздары қомақты ақшалай сыйлықтар мен білім гранттарын алады. Биыл Қазақстанның 6 жоғары оқу орны пікірталас жүлдегері атанған 12 мектеп түлегіне білім грантын берді.
Грант берген жоғары оқу орындары арасында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті, Тұран университеті, Satbayev University және Нархоз университеті бар. Сондай-ақ жастар сайыстарға қатысқаны үшін грамоталармен, кубоктармен және 200 мыңнан 500 мың теңгеге дейін ақшалай сыйлықтармен марапатталады. Білім және ғылым министрлігінінің мәлімдеуінше, бүгінгі таңда елімізде 120 944 оқушы мен студентті қамтитын 6 778 дебат клубы бар.
Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының директоры Раиса Шер елімізде жастардың дебат қозғалысы белсенді түрде дамып келе жатқанын жеткізді.
«Екі жыл бұрын 4 405 мектеп пен студенттік клубта 66 186 пікірсайысшы болса, бүгінде олардың саны 120 мыңнан асты. Клуб мүшелері сындарлы талқылау өнерін үйренеді, басқа дебатшылармен достық және сыйластық қарым-қатынас орнатады. Сонымен қатар олар ой-өрісін кеңейтіп, шығармашылық белсенділігін арттырады. Биыл Балалар жылы аясында бес дебат турнирі ұйымдастырылмақ. Қазіргі таңда оның екеуі өткізілді. Оған 500-ге жуық оқушы мен студент қатысып, кәмелетке толмағандарды оқыту, тәрбиелеу және олардың құқықтарын қорғаудың маңызды мәселелерін көтерген болатын», деп хабарлайды.
Аталған министрліктің дерегіне сүйенсек, оқушыларды дебат өнеріне баулитын тәжірибелі пікірсайысшылар пулы құрылған. Пул 100-ден аса маманнан тұрады. Ал колледждер мен мектептерде, педагогикалық жоғары оқу орындарында дебат клубтарына көмектесу үшін студент десантшылар, еріктілер тобы жұмыс істеп жатыр. Олар мектептерде тренингтер мен шеберлік сабақтарын өткізіп, турнирлерді ұйымдастыру кезінде волонтерлік көмек көрсетпек.
Аружан НАҒАШЫБАЙ,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің студенті