Еңселі Екібастұз қаласы 65 жылдығын дүркіретіп атап өтті. Еліміздің отын-энергетика кешенінің кемелденуіне үлкен үлес қосқан көмірлі шаһардың соңғы жылдары ажары келісе түскен. «Таза қала» деген атағы бұрыннан бар. Ендігі жерде моноқалаларды дамыту бағдарламасы шеңберінде Екібастұз дамудың даңғыл жолына түсіп, ел экономикасының өркендеуіне атсалысады деген сенім басым.
Тарихи құжаттарға көз жүгіртсек, Екібастұз қаласының іргетасы 1957 жылы қаланыпты. «Елу жылда – ел жаңа» демекші, содан бері әр салада сатылай дамудың көрінісі көп. Бүгінде Екібастұз – еліміздің энергетикалық орталығы. Мұнда бүкіл Қазақстандағы энергияның 40 пайызы өндіріледі. Көмірлі шаһардағы ГРЭС-1 және ГРЭС-2 стансалары Қазақстанның біртұтас электр энергетикалық жүйесінің солтүстік және оңтүстік аймағының негізгі энергия көздері болып саналады. Аталған стансалар әлдеқалай «түшкірер» болса, өзге нысандардың «тұмауратып» қалатыны да сондықтан.
Шырайлы шаһар басқа қырымен де танылмақ ниетте. Қала әкімі Ардақ Қаңтарбаев жағымды жаңалықтармен бөлісті.
– «Проммашкомплект» компаниялар тобы «ҚТЖ» ҰҚ» АҚ-ның доңғалақ жұптарына деген барлық қажеттігін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар қуаттылығы жылына 240 мың тонна ферросилиций шығаруға мүмкіндік беретін жаңа ферроқорытпа зауытының құрылысы басталды. Сондықтан жақын арада Екібастұз металлургтер қаласына да айналады, – деді әкім.
Шаһардың 65 жылдығын тойлау жыл басынан басталып кетті. Бұған дейін жаңа тұрғын үйлер бой көтеріп, өзге де нысандар ашылған еді. Тойдың қызығы ипподром аумағында және «Шахтер» демалыс саябағында жалғасын тапты. Ипподром аумағында көкпардан облыстық турнирдің финалы өтiп, тұрғындар тұлпарға тақым қысқан атбегілердің өнерін тамашалады. Дүбірлі додаға Баянауыл, Май, Ақтоғай аудандарынан және Екібастұз өңірінен 9 команда қатысты. Нәтижесінде, 1-орынды Ақкөл ауылының «Сайфуллах» командасы, 2-орынды Май ауданының «Саты» командасы және 3-орынды Май ауданының «Ақшиман» командасы иеленді.
«Шахтер» мәдениет және демалыс саябағында өткен мерекелік концертке келген қала тұрғындары Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт», Иса Байзақов атындағы облыстық филармония, джаз оркестрі және басқа да шығармашылық ұжымдардың өнеріне тәнті болды. Мың бұралып билеген хореографиялық топтар, балалар көркемсурет мектебінің тәрбиеленушілері қала тұрғындары мен қонақтарына бірегей сән үлгілерін көрсетті.
«Атамұра» мәдениет орталығының ұйымдастыруымен «Өнер» қалалық мәдениет сарайында «Жыр арқауы – Екібастұз!» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Жыр додасына елімізге танымал 12 ақын қатысып, бақ сынады. Аузымен құс тістеген жыр жампоздары қаланың жетістігі мен жеңісін жырлай отырып, халықтың жағдайын, елдегі ахуалды да тілге тиек етті. Қазыналы өнерге төрелік еткен қазылар алқасының шешімімен 1 млн теңгелік бас жүлдені Алматы облысынан келген ақын Рүстем Қайыртай еншіледі. Бірінші орын Еркебұлан Қайназаровқа (Түркістан облысы – 800 мың теңге), екінші орын Аспанбек Шұғатаевқа (Баянауыл ауданы – 600 мың теңге), үшінші орын Рауан Қайдаров (Екібастұз қаласы – 400 мың теңге) бұйырды.
Павлодар облысы,
Екібастұз қаласы