• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Аймақтар 14 Маусым, 2022

17 көше атауы қазақшаланды

578 рет
көрсетілді

Павлодар қаласындағы 17 көшенің атауы өзгертілді. Әбден ескірген Таганрогская, Совхозная сияқты көшелердің тақтайшалары келмеске кетті. Пандемия салдарынан бұл бағыттағы жұмыстар біраз үзіліс алған еді. Енді, міне, маңызды шаруа қайтадан жалғасын тауып отыр. Атауы түкке тұрмайтын кент және қала атауларының да ауыса­тын уақыты жақындай түскендей.

Маңызды құжатқа көз жүгіртсек, бұ­дан былай Мир көшесі Олжабай батыр көше­сі болып аталмақ. Ал Урицкий көшесі Генерал Смағұлов көшесіне, 1-я Южная көшесі Бірлік көшесіне, 2-я Южная көшесі Кәукен Кенжетаев көшесіне, Парковая көшесі Мұқағали Мақатаев көшесіне, Донец­кая көшесі Мағжан Жұмабаев көше­сіне, Кубанская көшесі Қалмұқан Исабай көшесіне, Совхозная көшесі Рафиқа Нұр­та­зин­а көшесіне, Таганрогская көшесі Қазан­ғап би көшесіне, Ангарская көшесі Нағымбек Нұрмұхаммедов көшесіне, Чи­тинская көшесі Аманжол Шәмкенов көшесіне, Декабристов көшесі Қамар Қа­сымов көшесіне, Юннатов көшесі Дихан Әбілев көшесіне, 1-я Советов, 2-я Сове­тов көшесі Генерал Бәкіров көшесіне, Зыря­новская көшесі Қабдыкәрім Ыдырысов көшесіне, Саянская көшесі Алма Әжібаева көшесіне, Лесная көшесі Ағайынды Дүйсем­биновтер көшесіне өзгертілді.

Павлодар қаласында 334 көше бар екен. Қазіргі таңда олардың 85-і (26 пайызы) қа­зақша, 249-ы (74 пайыз) өзге тілдегі атау­лар. Байқасаңыз, әлі де бұл бағыттағы жұмыстардың жүйелі атқарылғаны қажет-ақ. Соңғы 5 жылдың ішінде облыс орталығында 18 көшенің атауы өзгер­тіліп, идеологиялық тұрғыда ескірген көшелер Құдайберген Сұрағанов, Әлихан Бөкейханұлы, Ермұхан Бекмаханов, Едіге би, Бұқар жырау, Сағадат Нұрмағамбетов, Малайсары батыр, Баян батыр, Шәкәрім Құдайбердіұлының есімдерімен қайта аталса, қаланың шет жағында аз ғана жер үйлерден қамтылған көшелерге берілген Мәшһүр Жүсіп, Жүсіпбек Аймауытов бабаларымыздың есімдері орталықтағы бас­ты көшелерге өзгертілген. Осылайша, енді Дерибас, Ленин, Кутузов, Суворов, 1 Май, Димитров, Карл Маркс, Киров, Короленко, Володарский, Крупская, Чкалов, Пахомов, Бестужев көшелері мұрағат құжаттарында ғана кездесетін болады.

Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Медет Тауасқанның мәліметін­ше, 2021 жылдың 3 сәуірінде Павлодар қаласының 30 көшесін қайта атау бойынша көпшілік тыңдау өткізілген. Көпшілік тыңдаудағы талқылау кезінде ұсынылған 30 көшенің 23-і жергілікті тұрғындар тарапынан қолдау тапқан.

 – Көпшілік тыңдауда қолдау тапқан 23 көше 2021 жылдың 23 сәуірінде Рес­пуб­ли­калық ономастика комиссиясы­ның оты­ры­сын­да қаралған болатын. Оты­рыста 17 көшенің атауын өзгерту бойын­ша шешім қабылданды. Бұған дейін есімдері көшелерге берілетін тұлғаларды тұрғындарға насихаттау жұмыстары кең көлемде жүргізілді (мақалалар, посттар, қысқа метражды фильмдер, көрмелер, бай­қаулар, дөңгелек үстелдер, танымдық сағаттар, акциялар, онлайн дәрістер, теле­бағ­дар­ламалар, сюжеттер, сұхбаттар). Бұл көшелер алдағы уақытта облыстық мәс­лихаттың сессиясында қаралып, облыс әкімдігі мен мәслихаттың бірлескен шешімі негізінде қайта аталатын болады, – дейді М.Тауасқан.

Өкінішке қарай, Республикалық ономастика комиссиясы Ермаков, Теплов, Циолковский, Набережная, Молодежная, Роза Люксембург көшелерін қайта атау туралы ұсыныстарды қабылдамапты. Ол шаруа уақыт еншісінде деп сенейік. Айтпақ­шы, Республикалық ономастика комиссия­сында қолдау тапқан көшелерді толықтай өзгерту жұмыстары 2021 жылы ұлттық санақ бойын­ша жарияланған мораторийге байланысты жыл соңына дейін мүмкіндік болмапты. Қазіргі уақытта аталған мораторий алынып, көшелерді қайта атау бойынша жұмыстар өз жалғасын табуда.

Жағымды жаңалықты павлодарлықтар қуана қабылдағаны рас. Әлеуметтік же­лі­лерде «одан да маңызды шаруалар жет­кілікті» деп кері тартқандар да бар. Қоғам белсендісі Еркеғали Жанғазы көше атауларының қазақшалануы Жаңа Қазақ­станға деген нық қадам екенін атап өтті.

– Мағынасы һәм құндылығы жоғалған көше атауларын өзгерту – уақыт талабы. Олардың қазақшалануы жастарға деген қамқорлық, баянды болашаққа деген оң қадам деп есептеймін. Ескі атауларды қазақшаландырумен қатар облысқа еңбегі сіңген тұлғалардың есімін беру де маңызды. Әлі де атауы ескірген көшелер көп. Пандемия салдарынан тиісті жұмыстар тоқтап қалып, биыл жалғасын табуда. Маңызды үрдіс тоқтамайды деп сенемін. Елім, жерім деген рухты азаматтар әрдайым осы шаруаның басы-қасынан табыламыз, – дейді Е.Жанғазы.

Жуырда «Egemen Qazaqstan» бетінде Кәукен Кенжетаев және Қазанғап би туралы мақалалар жарияланған еді. Осылайша, ел газеті Павлодар қаласындағы жаңа көше­лерді насихаттауға титтей де болсын үлес қосты деп айтуға негіз бар.

 

Павлодар облысы