• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қоғам 15 Маусым, 2022

Зейнетақы туралы ақпарат жалған

470 рет
көрсетілді

Мессенджерлер мен әлеуметтік желі­лерде таратылып жатқан ел Прези­ден­тінің Жарлығымен 2023 жылғы 1 қаңтардан бас­тап әйелдердің зейнетке шығу жасы 58 жасқа дейін тө­мен­де­ті­ле­тіні туралы ақпарат шын­дық­­қа жа­нас­пайды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министр­­лігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Әйелдердің зейнетке шығуының заң­намамен белгіленген жасы халық­ара­лық және отандық сарапшылар жүргізген зерттеулер нәтижелері мен ұзақ мерзімді актуар­лық болжамдарға негізделген, халықаралық прак­тикаға және әлемдегі қалыптасып отырған эко­номикалық және демографиялық жағдайға сәйкес келетінін естеріңізге саламыз. Бекітілген жас мөлшері базалық және ынтымақты зейнетақыны және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (бұдан әрі – БЖЗҚ) төленетін төлемдерді ескере отырып, қазақстандықтар құрметті демалысқа шық­қаннан кейін тиісті зейнетақы төлем­де­рін қалыптастыру қажеттілігімен не­гіз­делген.

Бұл ретте ынтымақты зейнетақы жү­йесі біртіндеп қысқаруда, өйткені олар­ды тағайындау кезінде 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін, яғни жинақтаушы жүйе енгізілгенге дейін әзірленген еңбек өтілі ескеріледі. Осыған байланысты міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылатын жинақтаушы зей­не­та­қының рөлі артады, зейнетақы жарналарын аудару кезеңі мен мөлшері неғұрлым көп болса, ол соған сәйкес жоғары болады.

Ынтымақты еңбек өтілі жоқ және бүгінде жинақ­таушы зейнетақы жүйесіне қатыспайтын қазақ­стан­дық­тар үшін 50+ жасында ерте зейнетке шығу лайықты төлемдерді қамтамасыз етпейді.

Сонымен қатар қолданыстағы заңна­ма­ға сәйкес азаматтарға зейнеткерлікке ерте шығу құқығы беріледі. Осылайша, БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары 55 жасқа (ерлер) және 52,5 жасқа (әйелдер) толғанда жеткілікті болған кезде қазақстандықтар зейнетақы аннуитетін ресімдей алады (зейнетақы жасына жеткенге дейін зейнетақы жинақтарынан зейнетақы төлемдерін алу құқығы).

2021 жылдан бастап БЖЗҚ салымшы­ла­рының кейінге қалдырылған зейнетақы аннуитеті шартын жасасу мүмкіндігі бар. Яғни әйелдер оны 42,5 жаста, ерлер 45 жаста жасай алады. Бұл ретте сақтандыру ұйымынан төлемдер тиісінше 52,5 және 55 жаста жүзеге асырыла бастайды.

Зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін азаматтар зейнетақы аннуитетін 40 жастан пайдалана алады, бұл ретте осындай шарттар бойынша төлемдер 50 жастан басталады.

2022 жылы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің деректері бойынша ерлер үшін жедел зейнетақы аннуитетінің құны – 7,1 млн теңге, әйелдер үшін – 9,5 млн теңге, ерлер үшін кейінге қалдырылған зейнетақы аннуитетінің құны – 6,5 млн теңге, әйелдер үшін – 8,1 млн теңге.

Азаматтардан фейктерге назар аудар­мауды және ақпаратты тек ресми дерек­көз­дерден пайдалануды сұ­раймыз.

Естеріңізге сала кетейік, жалған ақ­парат тарату заң бойынша жазаланады.