• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Аймақтар 15 Маусым, 2022

«Дала» – ісі шала

300 рет
көрсетілді

Былтыр Ақсу қаласындағы кәріз құдықтарының біріне 13 жасар қыз құлап кетіп, жағымсыз жағдай шаһардың коммуналдық саласындағы біраз былықтың бетін ашып берген-ді. Қыз аман. Ал су құбырын жаңғыртуға бөлінген 1,6 млрд теңгенің 340 млн теңгесін жымқырған жылпостар ақыры сотталды. Сәл артқа шегініс жасайық.

Оқыс оқиға орын алған уақытта шаһарды Нұржан Әшімбетов басқарып отырған-ды. Әкім шұғыл жиналыс ашып, аталған жайтқа қатысы бар мекеме басшылары галстуктарын тағуға үлгермей асығыс әкімдікті бетке алды. Тек кәріз құдықтарының қақпасын ашық кү­йінде қалдырған «Дала» ЖШС-нің өкілдері төбе көрсетпеді. Се­рік­тес­тік өздерін «банкротпыз» деп жа­риялапты.

Белгілі болғандай, «Дала» серік­тес­тігі Ақсу қаласына 2018 жылы келген. Яғни павлодарлық мердігер емес. Сол жылы тозығы жеткен су құбыры желілерін қайта жаңғыртуға конкурс жарияланып, аталған мекеме жеңімпаз атаныпты. Жоба ауқымды. Ақсу қаласындағы 20 шақырым су құбырлары ауыстырылуы керек-тін. Ірі жоба болғандықтан, бұл іске бөлінген қаражат та қомақты екенін аңғара бері­ңіз. Қысқасы, «далалықтар» 3 жылға со­зылған жобаның астан-кес­те­ңін шы­ға­рып, 10 шақырым жерге ғана құ­быр төсепті. Ал 2020 жылдың қа­ра­ша айында шаһардан тайып тұрған.

Кейін анық­талғандай, аталған ­мер­­­­ді­­гердің бұ­ған дейін қаржылық про­б­­ле­­малары болған екен. Есеп­шот­тары бұ­ғат­та­лып, сәйкесінше Ақсу қа­ла­сын­дағы жобаны аяқтай алмаған. Соның кесірінен, былтыр қыс бойы қазылған учаскелер ашық күйінде жа­тып, көктемде еріген қардың салдарынан апатты күйге айнал­ды. Ескі құ­быр­лардың кесірінен қыс бойы су құбырлары жиі жарылып, апатты жағ­дай­лар орын алды. Сорақысы сол, 50 кәріз құдығының қақпағы ашық кү­йін­де қалған. Солардың біріне оқушы қыз құлап кеткен.

Бұл мәселені осы уақытқа дейін құқық қорғау органдары майшаммен қарап, ақыры мемлекет қаржысының жым­қырылғанын анықтады. Ақсу қала­сы­ның құрылыс бөлімінің басшысы Т.Мұздыбаев, «Дала» ЖШС-нің директоры Б.Рысбеков және техникалық қадағалау маманы Ж.Нұртазин тиісті жұмыстар атқарылмаса да шаруаның аяқ­талғаны туралы құжаттарға қол қо­йып, мемлекетке 340 млн теңге шы­ғын келтірген. Соттың шешімімен Т.Мұздыбаев және Ж.Нұртазин 7 жылға бас бостандығынан айы­рылса, Б.Рысбеков 9 жылға сотталды. Айт­пақ­шы, Т.Мұздыбаев «Ерен еңбегі үшін» меда­лімен де қош айтысты.

Осылайша, осыдан 4-5 жыл бұрын қолға алынған су құбыры жүйесін жаң­ғыр­ту жұмыстарының астан-кестеңі шық­­ты. Кінәлілер сотталғанымен, бюджет шығынының орны толтырыла ма? Жергілікті әкімдік аяқсыз қалған шаруа­ны өйтіп-бүйтіп аяқтағанымен, әу баста жоспарланған жаңғырту жұмыстарының жү­зеге асқаны екіталай. Себебі «Да­ла­лық­тар» ақшаны далаға шашты екен деп республикалық қазынадан қо­­мақ­ты қаражат қайтадан бөлінген жоқ. Об­лыс­тық бюджет те сауын сиыр емес. Абырой болғанда биыл қыс жайлы өтті. Әйтпесе, түрлі ақаулар табылып, су құбырлары жарылып, әкімдікті аяғынан тік тұрғызар ма еді? Жалпы, өткен қысқа ақсулық биліктің өкпесі жоқ шығар. Шаһардағы жылу жүйесінің оңып тұрғаны да шамалы. Алдағы қыс қандай тосын сый да­йындап отырғаны белгісіз. Сондықтан да жергілікті әкімдік коммуналдық проблемаларды уақтылы реттейді деген сенім мол.

Жоғарыда бұрынғы қала әкімі Нұржан Әшімбетовті бекер сөз еткені­міз жоқ. Ол шаһарға басшы болып кел­геннен кейін аз уақыттың ішінде небір заңбұзушылықтар анықтала бастады. Қоластындағы қыз­мет­кер­лерінің мердігерлермен ым-жымы бір екені де айтылды. Бұрынғы тәтті өмірден қол үзген әкімдік қызметкерлері ақыры қол жинап, Нұржан Әшімбетовті жұ­мы­сы­нан кетіріп тынды. Бүгінде шаһар билігі өзгерген. Бірақ проблемалар сол қалпы...

 

Павлодар облысы,

Ақсу қаласы