Былтыр Ақсу қаласындағы кәріз құдықтарының біріне 13 жасар қыз құлап кетіп, жағымсыз жағдай шаһардың коммуналдық саласындағы біраз былықтың бетін ашып берген-ді. Қыз аман. Ал су құбырын жаңғыртуға бөлінген 1,6 млрд теңгенің 340 млн теңгесін жымқырған жылпостар ақыры сотталды. Сәл артқа шегініс жасайық.
Оқыс оқиға орын алған уақытта шаһарды Нұржан Әшімбетов басқарып отырған-ды. Әкім шұғыл жиналыс ашып, аталған жайтқа қатысы бар мекеме басшылары галстуктарын тағуға үлгермей асығыс әкімдікті бетке алды. Тек кәріз құдықтарының қақпасын ашық күйінде қалдырған «Дала» ЖШС-нің өкілдері төбе көрсетпеді. Серіктестік өздерін «банкротпыз» деп жариялапты.
Белгілі болғандай, «Дала» серіктестігі Ақсу қаласына 2018 жылы келген. Яғни павлодарлық мердігер емес. Сол жылы тозығы жеткен су құбыры желілерін қайта жаңғыртуға конкурс жарияланып, аталған мекеме жеңімпаз атаныпты. Жоба ауқымды. Ақсу қаласындағы 20 шақырым су құбырлары ауыстырылуы керек-тін. Ірі жоба болғандықтан, бұл іске бөлінген қаражат та қомақты екенін аңғара беріңіз. Қысқасы, «далалықтар» 3 жылға созылған жобаның астан-кестеңін шығарып, 10 шақырым жерге ғана құбыр төсепті. Ал 2020 жылдың қараша айында шаһардан тайып тұрған.
Кейін анықталғандай, аталған мердігердің бұған дейін қаржылық проблемалары болған екен. Есепшоттары бұғатталып, сәйкесінше Ақсу қаласындағы жобаны аяқтай алмаған. Соның кесірінен, былтыр қыс бойы қазылған учаскелер ашық күйінде жатып, көктемде еріген қардың салдарынан апатты күйге айналды. Ескі құбырлардың кесірінен қыс бойы су құбырлары жиі жарылып, апатты жағдайлар орын алды. Сорақысы сол, 50 кәріз құдығының қақпағы ашық күйінде қалған. Солардың біріне оқушы қыз құлап кеткен.
Бұл мәселені осы уақытқа дейін құқық қорғау органдары майшаммен қарап, ақыры мемлекет қаржысының жымқырылғанын анықтады. Ақсу қаласының құрылыс бөлімінің басшысы Т.Мұздыбаев, «Дала» ЖШС-нің директоры Б.Рысбеков және техникалық қадағалау маманы Ж.Нұртазин тиісті жұмыстар атқарылмаса да шаруаның аяқталғаны туралы құжаттарға қол қойып, мемлекетке 340 млн теңге шығын келтірген. Соттың шешімімен Т.Мұздыбаев және Ж.Нұртазин 7 жылға бас бостандығынан айырылса, Б.Рысбеков 9 жылға сотталды. Айтпақшы, Т.Мұздыбаев «Ерен еңбегі үшін» медалімен де қош айтысты.
Осылайша, осыдан 4-5 жыл бұрын қолға алынған су құбыры жүйесін жаңғырту жұмыстарының астан-кестеңі шықты. Кінәлілер сотталғанымен, бюджет шығынының орны толтырыла ма? Жергілікті әкімдік аяқсыз қалған шаруаны өйтіп-бүйтіп аяқтағанымен, әу баста жоспарланған жаңғырту жұмыстарының жүзеге асқаны екіталай. Себебі «Далалықтар» ақшаны далаға шашты екен деп республикалық қазынадан қомақты қаражат қайтадан бөлінген жоқ. Облыстық бюджет те сауын сиыр емес. Абырой болғанда биыл қыс жайлы өтті. Әйтпесе, түрлі ақаулар табылып, су құбырлары жарылып, әкімдікті аяғынан тік тұрғызар ма еді? Жалпы, өткен қысқа ақсулық биліктің өкпесі жоқ шығар. Шаһардағы жылу жүйесінің оңып тұрғаны да шамалы. Алдағы қыс қандай тосын сый дайындап отырғаны белгісіз. Сондықтан да жергілікті әкімдік коммуналдық проблемаларды уақтылы реттейді деген сенім мол.
Жоғарыда бұрынғы қала әкімі Нұржан Әшімбетовті бекер сөз еткеніміз жоқ. Ол шаһарға басшы болып келгеннен кейін аз уақыттың ішінде небір заңбұзушылықтар анықтала бастады. Қоластындағы қызметкерлерінің мердігерлермен ым-жымы бір екені де айтылды. Бұрынғы тәтті өмірден қол үзген әкімдік қызметкерлері ақыры қол жинап, Нұржан Әшімбетовті жұмысынан кетіріп тынды. Бүгінде шаһар билігі өзгерген. Бірақ проблемалар сол қалпы...
Павлодар облысы,
Ақсу қаласы