Ұрлықтың шегі жоқ және ұрланбайтын ештеңе де қалмады. Өйткені, қазір жылтырағанның да, жыбырлағанның да бәрі ұрылардың қолтығында кетеді. Ал ұрылардың көбеюіне дем беретіндер де, қолтығына су бүркушілер де өте көп. Соның бір дәлеліндей, Сарыағаш шекара жасағы тосын ұрлықтың үстінен түсті. Олар «Келес – Сарыағаш» бағытындағы пойыздың жүк вагонын тексеру кезінде жалпы салмағы 280 килограмм тартатын, яғни анау-мынау емес, үш центнерге жуық тасбақаларды тапты. Еркіндіктің өзінде ақырын басып, жайбарақат өмір сүретін қайран тасбақалар жеті қапқа нығыздалып салынғандықтан тұншығып қала жаздапты. Тек қаптың аузын ашқанда ғана дүниенің жарығы мен бір жұтым ауаның самалынан жыбырлап сала берді. Сөйтіп, шекара қызметкерлерінің арқасында суық қолды сұғанақтардың қолынан сытылып, қайта кеңдікке шыққан тасбақалар, әйтеуір бір түс көріп өткендей, аман-есен еркіндікке аттанды.
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан».