• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
24 Сәуір, 2014

«Қазақ аруы»

567 рет
көрсетілді

Алматыдағы Қыздар мемлекеттік университеті алдындағы субұрқақ осылай аталады

Сәуір келіп, күн райы тәуірлене бастағаннан-ақ, барша байырғы оқу орындар кезегімен Ұлыстың ұлы күнін атап өтуде. Осылардың ішіндегі өзгешесі – Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде «Қазақ аруы» ескерткіш-субұрқағы ашылып, оған Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов арнайы қатысты. Биыл 70 жылдығын атап өтуге жан-жақты дайындалып отырған Қыздар университетіндегі тағы бір жағымды жаңалықтың бірі – 9 қабатты, 450 орындық жатақхана бой көтермек. Қала әкімі осы оқиғаға да ортақтасып, өз қолымен жатақхана іргета­сындағы құрылыс тағанына «Дүниенің тірегі – текті тәрбие, терең білім» деген тағылым тілек жазылған құтыны орналастырды. Ал университеттің оқу-жа­тақханалары орналасқан ғима­раттарының дәл ортасында ұлт­тық киімдегі қазақ қызының мүсіні бой көтерді. Қыздар уни­верситетінің көрігіне көрік қосқан субұрқақтың биіктігі 5 метрден асады. Субұрқақ айналасына қазақ және әлем ойшылдарының даналық сөздері жазылған 12 кітап орнатылған. Ескерткіш тұғыры білезік пішінімен аяқта­ла­ды. Ұлттық нақышта, студенттер бойында рухани әдемілік пен рухани құндылықтарға деген ынтызарлықты арттыру мақ­сатында салынған субұрқақ мәрмәрдан жасалған. Субұрқақ-ескерткіштің авторы – мүсінші Нұрлан Бұхарбаев ескерткіште қазақ қызының болашаққа деген ұмтылысын бейнелеуге өнерін салыпты. Алматы қаласы әкімінің Нау­рыз мерекесінде қыздарға тағы бір сыйы – субұрқақ айналасына шырша ағаштарын екті. Тал егудің соңы тойға ұласып, салтанатты жиында Ахметжан Есімов: – ...Осы университетке келген сапарында Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Бір қызды тәрбиелеу – бір ұлтты тәрбиелеумен бірдей» деген болатын. Бұл – Қыздар университетіне берілген үлкен баға. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті – тә­уелсіз Қазақстанымыз бен ТМД аумағындағы тек аруларға жоғары білім беретін оқу ордасы болып табылады. 70 жылдық тарихы бар, өзіндік дара бітімімен ерекшеленетін білім ошағы жо­ға­ры сапалы педагог дайындап қана қоймай, оқу орнын бітіріп шық­қан әр қазақ қызына өнегелі тәр­бие беріп, қыздардың бағыт алар бағдаршамы болып келе жатқан киелі шаңырағына айналды. Қала әкімі бүгінде түлек­те­рінің саны 60 мыңға жуық университеттен шыққан елге белгілі тұлғалардың есімдерін атап, өз жарының да Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық универ­си­тетінің түлегі екендігін айтып өтті. Ұлыстың ұлы күніне орай ұйымдастырылған шара мерекеге ұласып, концерттік бағдарламада университеттің мақтаныштарына айналған халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты «Томирис» би ансамблі, елімізге әйгілі «Айгүл» ансамблі, республикаға танымал «Ұлар» фольк­лорлы-этнографиялық ан­самблі және тағы басқа жас өнерпаздар өнер көрсетті. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.