Павлодар қаласында «Қымызмұрындықтың» қызығы қайта жалғасты. Олай дейтініміз, «Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлестігі жыл сайын дүркіретіп тойлайтын дәстүр пандемия салдарынан екі жыл үзіліс алған болатын. Биыл тұрғындарға 750 литр қымыз үлестірілді.
«Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Бақытжамал Максилованың айтуынша, «Қымызмұрындық» дәстүрі 1994 жылдан бері дәріптелуде.
– Іс-шараны өткізудегі басты мақсат – ұмыт болған дәстүрді жаңғырту және келешек ұрпаққа насихаттау. Одан бөлек «Сабантой» дәстүрін де атап өтеміз. Бұл жобаны Зара Қожахметова анамыз бастаған еді. «Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлестігі мүшелері осы мерекені жалғастырып келеміз, – дейді Б.Максилова.
Іс-шара барысында Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының Павлодар облысындағы өкіл имамы Жолдас Қоспақұлы бата беріп, қымыздан дәм татты. Облыстық Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрының әртістері сахналық
қойылым қойып, әжелер ансамблі жиналған қауымға әсем әндерден шашу шашты. Жиналғандар асық атудан бақ сынады.
Іс-шараны өткізуге қалалық әкімдік қолдау көрсеткенін атап өткен жөн. Жергілікті жоғары оқу орындары да атсалысып, әр университет 250 литр қымыз бен 50 кило бауырсақтан әкелген.
Павлодар облысы